
Аталған фестиваль жас кәсіпкерлердің эко-жобаларын қолдауға бағытталған. Нәтижесінде фестивальге қатысушылардың бірқатары полиэтилен пакеттерді экологиялық материалдармен алмастырудың жолдарын ұсынды. Мәселен, «Life bag» жобасының иесі Дмитрий Себастьянов бірнеше жылдан бері полипропилен полимерінен экологиялық пакет шығарып жүр. Оның артықшылығы, полипропиленнен жасалған, мата емес микроталшықты материал 3-5 жылда топыраққа сіңіп жоқ болып кетеді. Бұл технология 80-жылдары Еуропада жасалған. Алматыда осы материалды орама түрінде шығаратын зауыт бар екен.
Фестивальде пластик пакеттерді алмастыруға ұмтылған басқа да баламалы жобалар табылды. Бұл кендір, плащ матасы немесе капрон материалдар болды.
– Жоба басталғалы бері көп рет пайдалануға болатын сөмкелер, бахилалар, болат бөтелкелер, блокноттар, бамбук ысқыштарды ұсындық. Кейбіреуін өзіміз шығарып отырмыз. Ең бастысы, кез келген бұйымды бір пайдаланып, лақтыра салмау. Биыл наурыз айынан бері көп рет пайдалануға болатын дорбалар арқылы 1150 пакетті үнемдедік, – дейді «Пакеттер жойылсын» экологиялық блогының авторы Михаил Беляков.
Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті Дина Убышева сіңлісі Саидамен бірге пакеттерден сырға, дәптер қаптағыш, сөмке сияқты бұйымдар жасауды үйреніпті.
– Қазір бізде қатты пластиктермен жұмыс істейтін машина жоқ. Сондықтан 20-30 шақты пакетті қабаттап, үтікпен нығыздап, пластиналар жасап аламыз. Содан кейін оны бір кәдеге жарайтын дүниеге айналдырамыз. Қалдық пакеттерді достарымыз, таныстарымыз, оқытушыларымыз әкеліп береді, – дейді Дина Убышева.
Мысалы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының жобалық менеджері Майя Сүйіншалиева институт директоры картрижден қалған бояу қалдықтарынан жейделерге экологиялық тақырыпта тамаша суреттер салуды ұсынып отырғанын айтады. Өйткені оның қалдықтарын қолданбаса, қоршаған орта үшін өте зиянды. Бұл әдіс АҚШ-та бұрыннан бар көрінеді.
«Қазақстанда қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жобалар көп емес. Сондықтан осынау жаһандық мәселеге жастарды тартудың маңызы орасан. Экология – біздің ортақ болашағымыз. Сондықтан жастардың идеяларына серпін беріп, эко-қоғамдастығын құруға бағытталған «3.2.1. Старт!» жобасын қайтадан өткізіп отырмыз. Сайыс басталған жылы жастардың идеялары шала болатын. Бірақ қатысушылар үйреніп, сынап көріп, бүгінгі таңда грант ұтып алмағандар да өз эко-жобаларын жүзеге асырып, табыс таба бастады. «3.2.1. Старт!» жобасы арқылы жастарымыз эко-идеялар өзіміздің айналамызда екенін түсінді», деді байқаудың ұйымдастырушысы Әлима Исембаева.
Сайыстың сыйлық қоры – 3 миллион теңге. Қазірдің өзінде келесі маусымға өтінімдер қабылдау басталып кеткен. Биыл финалға шыққандар жобаларын алға жылжытудың менеджментін меңгеріп, бизнес-жоспарлауды, маркетинг және PR-стратегияларын үйреніп, екі күндік bootcamp оқуын өтті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ