
Қаладағы үйлердің 85%-ы жөндеуді қажет етеді. Қазір онда жұмыс істеп жатқан құрылыс компанияларының саны 118-ге жетті. Ауқымды іске 1546 құрылысшы мен 86 арнайы техника тартылды.
Вице-министр Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы қазір Арыс қаласында. Апат аймағындағы барлық үйлер бақылауға алынып, жұмысқа күнделікті мониторинг жасалып отырады.
– Біз әрбір тұрғын үйді тұрақты бақылауға алдық. Егер тіпті желдеткіш немесе терезенің әйнегі сынған болса да барлығын ескердік, жөнделуге тиіс нысан ретінде тіркеуге алдық. Кейбір үйлерді бұзып, қайта салу керек. Қазір шығын сомасын және қалпына келтіру үшін қажетті қаражатты анықтау мақсатында бағалау жүргіземіз, – деді Қайырбек Өскенбаев.
Арыс 17 секторға бөлініп, олар еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларға бекітіп берілген. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шығындардың бір бөлігін бекітілген жергілікті атқарушы орган өзіне алады, қалған бөлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылады. Күн сайын сағат 19.00-де барлық әкімдіктер тұрғын үй қорын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндайды.
Сондай-ақ қалада барлық бұзылған инфрақұрылымды: инженерлік коммуникациялар мен жолдарды қайта құру жұмыстарына Үкімет резервінен қаражат бөлінді.