Қаржы • Бүгін, 09:05

Зейнетақы қорындағы қаражат бейберекет жұмсалмауға тиіс

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі бес жылда ел азаматтарына зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржыны өз қажетіне жұмсауға мүмкіндік берілді. 2021 жылғы ақпаннан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 5,7 трлн теңге мерзімінен бұрын шешіп алынған. Алайда бұл қадам тұрғын үй бағасының қымбаттауына, инфляцияның үдеуіне әсер етті. Бастапқыда «артықшылық» ретінде ұсынылған мүмкіндікке халықтың небәрі 10–20 пайызы ғана қол жеткізсе, баспана бағасының өсуі көпшілікке ортақ салмақ салды.

Зейнетақы қорындағы қаражат бейберекет жұмсалмауға тиіс

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сол себепті Ұлттық банк зейнетақы жинағын мер­зімінен бұрын алу­ға қойылатын ең төменгі жеткі­ліктілік шегін қайта қарастырып жатыр. Бұл қадам тәуекелді азай­тып, жүйенің қаржылық тұрақ­тылығын нығайтуы қажет. Қазіргі шектер азаматтың қартайған шақ­та жеткілікті қаражатпен қам­тылуына толық кепіл бола бер­мейді. Соның салдарынан зейнет жасында негізгі қажеттілікте­рін өтеу қиындап, тұрмыс дең­гейі төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты шекті есептеу тәсі­лін жетілдіру қажеттігі туындап отыр.

Қазір бұл мәселе Үкімет, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі, Ұлттық банк, БЗЖҚ, өзге де мүдделі құрылымдар­дың қатысуымен талқыланып жатыр. Халықтың ортадағы дел­далдарға «комиссия төлеп», ақша­сының артық бөлігін алып алуға тырысқаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Оның салдары бүкіл жүйеге кері әсер етті. Эконо­мист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, әу баста жеткіліктілік шегі өте жоғары болды. Кейінгі төмендетілген мөлшерді салым­шылардың шамамен 7–8% пайызы ғана пайдаланды.

«Бастапқыда тұрғын үй проблемаларын шешуге ғана бағыт­талуға тиіс деп болжанған еді. Кейін реформа барысында тізім әлдебір топтардың араласуымен «әртараптандырылды». Оның кері әсерін енді сезіп жатыр­мыз. Сондықтан қордағы кейін қосылған қосымша «мүмкін­дік­тердің» біразынан арылу керек. Шешім дер кезінде қабылдан­баса,  зейнетақы қоры қолма-қол ақшаға айналдыру тәсіліне айналады. Бізге реформаны соңына дейін жеткізуден өзге жол жоқ. БЖЗҚ азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын әлеуметтік институт ретінде жұмыс істеуге тиіс», дейді сарапшы.

2024 жылғы 1 қаңтардан бас­тап мекемелер «жұмыс беруші­нің міндетті зейнетақы жарналарын» (ЖМЗЖ) төлеуге тиіс. Нақтылап өтсек, ЖМЗЖ 1975 жылдан кейін туған азаматтар үшін ғана енгізілді. 2040 жылға қарай орташа төлем 2024 жылдың бағасымен алғанда 8–10 мың теңгені ғана құрамақ. Себебі кез келген мемлекет зейнетақы төлемдеріне кететін шығындар мен бюджет кірістері арасын­да­ғы тепе-теңдікті сақтауы керек. Егер сақталмаса, зейнетақыны қысқарту, зейнет жасын көтеру мәселесі тағы да алдымыздан шығады. Мұның да әлеуметтік-саяси астары басым.

Бұған дейін Ұлттық банктің экс-төрағасы Григорий Марченко БЖЗҚ-дан қаржы алу шартта­рын қатаңдатуды, атап айтқан­да, жеткіліктілік шегін 30 млн тең­геге дейін көтеруді ұсынған еді. Оның айтуынша, 2040 жыл­дардың басынан азаматтарға ын­ты­мақты зейнетақы тағайын­дау тоқтатылады. Бұл ретте бюд­жеттен төленетін базалық зей­нет­ақының ағымдағы өсу пара­метрлері зейнеткерлердің бола­шақта бақуатты өмір сүруін қам­тамасыз етпейді. Базалық зейнет­ақы болжамды инфляцияға индекстелген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.

«Halyk Finance» басқарма төр­ағасының кеңесшісі Мұрат Темір­хановтың айтуынша, зейнет­ақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану тұрғындарды қартай­ған­да өмір сүруін қамтамасыз ете алмайтын зейнетақымен қалды­руы мүмкін. Әрі бұл жылжымайтын мүлікті сатып алу­ға белгіленетін баға деңгейіне теріс әсер етеді. Мысалы, 2025 жылы БЖЗҚ-дан шешіп алынған қар­жының басым бөлігі тұр­ғын үй сатып алуға жұмсалды. 2025 жылдың қорытындысында елі­мізде бастапқы тұрғын үй нары­ғындағы баға 15,7%-ға өсті (Астанада – 17,4%, Алматыда – 19,8%). Қайталама нарықта жыл­жымайтын мүлік 14,6% (Астана­да – 10,9%, Алматыда – 25,4%) қым­баттады. Тұрғын үй бағасының өсуі 2025 жылы инфляцияның негізгі драйверіне айналды.

Жалпы, болашақ зейнет­ақы­ның мөлшері ресми еңбек өтіліне, жалақының деңгейіне, зейнетақы жарналарының тұрақтылығына, БЖЗҚ инвестициялық кірісіне, 1998 жылға дейінгі өтілінің болуына (ынтымақты бөлігі үшін) байланысты.

Қаржыгер Венера Жаналина БЖЗҚ-дан 40 жастағы азамат­тың жеткілікті мөлшерден асатын ­5 млн теңгені мерзімінен бұ­рын алуы болашақ зейнетақыны 4–7%-дық тармаққа азайтаты­нын ескертеді. Мұндай жағдайда салымшы ай сайын шамамен 40 мың теңге жоғалтады. Азаматтардың ұзақмерзімді кірістерін қорғау үшін жеткіліктілік шегін арттыру қажет. В.Жаналина қолда­ныс­тағы шектердің кірістің 40%-ын алмастыруға кепілдік бермейтінін, сондықтан оларды арттыру тұрақтылық үшін қажет екенін атап өтті.

Сарапшының айтуынша, кон­сервативті нақты кірістілік 0,4% шамасында болса, зейнетақы айына шамамен 180–185 мың теңгені құрайды. Егер жылдық 2% деңгейіндегі тұрақты нақты кірістілікті болжайтын болсақ, онда қорытынды төлем айына 250 мың теңгеге жетуі мүмкін. Ал 40 жастағы ер адам БЖЗҚ-да жинақталған 11,72 млн теңгенің 5 млн теңгесін алып, шотта 6,72 млн теңге қалдырса, салым­ның ин­­вестициялық кірістілігі 30–31%-дан 27%-ға дейін төмендейді. Ақшалай мәнде бұл болашақ зейнетақыны шамамен, 0,4% кірістілік кезінде нақты мәнде айына 20-25 мың теңгеге дейін, 40 жаста 5 млн теңгені мерзімі­нен бұрын алу болашақтағы кі­ріс­тілік коэффициентін 4–7%-дық тармаққа азайтады. Демек БЖЗҚ-дағы өзгерістер қазіргі 40–45 жастағы азаматтардың алаң­сыз қарттығын қамтасыз етуге бағытталып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Жылқы көбейсе – ел ырысы

Шаруашылық • Бүгін, 09:15

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Мәселе • Бүгін, 09:00

Айтыс саңлағы

Руханият • Бүгін, 08:53