Руханият • 13 Қыркүйек, 2019

Қазақстандық музыканттар Цинандалидегі классикалық музыка фестиваліне қатысты

867 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Грузияда посткеңестік кеңістіктегі ең ауқымды музыкалық фестивальдердің бірі – Цинандалидегі классикалық музыка фестивалі  (Tsinandali Festival) 8 қыркүйектен бері жоғары деңгейде өтіп жатыр. 15 күн бойы Грузияның ең сұлу аймағы – Кахети өңірінде ұжымдар мен соло әртістерінің орындауымен 30-дан аса опералық, оркестрлік және камералық музыка концерттері жоспарланған фестиваль 22 қыркүйекке дейін жалғасады.

Қазақстандық музыканттар Цинандалидегі классикалық музыка фестиваліне қатысты

Тұңғыш мәрте өткізіліп отырған бұл фестивальге бүкіл әлемнен атақты орындаушылар, дирижерлер, сазгерлер, музыкалық қайраткерлер мен суретшілер қатысуда. Фестивальдің басты мақсаты – Еуропа мен Азия түйіскен өңірдегі музыка үнін әлемге естірту. Цинандалидегі фестивальге арнап 900 қонақты сыйдыра алатын арнайы музыкалық зал, 60 бөлмелі қонақ үй, ашық амфитеатр, кітапхана және бүкіл тиісті инфрақұрылым салынды.  Сондай-ақ, жоба аясында Цинандалиде халықаралық музыка академиясы құрылып, оның жанында 60 адамнан тұратын жастар оркестрі жасақталды.

Пан-Кавказ  оркестрі өнер мейрамының шымылдығын Густав Малердың Екінші симфониясымен ашты. Бес бөлімнен тұратын бұл белгілі туындының екінші соңғы бөлімінде әлемдік жұлдыздар – опера сопраносы Инг Фанг (Қытай) және меццо-сопрано Кетеван Кемоклидзе (Грузия) грузиялық хордың сүйемелдеуімен орындап шықты.

Сондай-ақ, фестивальде виолончелист Миша Майский (Израиль), пианистер Ван Юйцзя (Қытай), Ян Лисецкий (Канада), Денис Кожухин (Ресей), тағы  басқа атақты музыканттар өнер көрсетпек.

«Kusto Group» басқарма төрағасы Еркін Тәтішевтің және атақты сазгер Еркеш Шәкеевтің ұсынысымен Цинандали фестивалі Пан-Кавказ жастар оркестрінің (PCYO) құрамына Қазақстаннан он төрт жас музыкант кірді. Бұл жетекші шығармашылық ұжым Қазақстан, Украина, Түркия және Кавказ елдерінен қатысып жатқан талантты жас музыканттар үшін тәжірибе алаңына айналды. Фестивальге Қазақстан атынан қатысып жатқан музыканттар 2019 жылдың 30 наурызында Алматыда өткен тыңдау байқауында іріктеліп алынды.

 «Kusto Group» басқарма төрағасы Еркін Тәтішев былай деп атап өтті: «Мен Грузияның бұл бөлігінде 15 жыл бұрын болып, бірден Цинандалиді сүйіп кеттім. Сол кезде өзімнің серіктесім Георгий Рамишвилимен бірге біз Чавчавадзе мұражай үйін және айналадағы усадьбаны қалпына келтіру туралы шешім қабылдадық. Цинандали фестивалін өткізу туралы идея туындаған кезде біз бірден жас музыканттарымызға ең үздік кәсіби мамандармен – опера және классикалық музыка жұлдыздарымен жұмыс жасауға мүмкіндік беріп, жас таланттарды қолдауымыз керек деп шештік. Фестивальге АҚШ Ұлттық симфониялық оркестрі және Цюрих опера театрының музыкалық директоры, Лондон және Израиль симфониялық оркестріне шақырылған бас дирижер Джанандреа Нозеданың қазылық жасап жатқаны да аса маңызды. Біздің жастарымыз Цинандалиде 16 тамыздан бері жүр және олар күніне 6-8 сағаттан дайындалады. Мұндай сапар өмір бойы есте қалып, жаңа кәсіби және шығармашылық деңгейге шығуға мүмкіндік беретін аса маңызды баспалдаққа айналатынына сенімдімін».

Фестивальдің бас директоры, режиссер Давид Сакварелидзе: «Оркестрге қатысуға үміт білдірген жастарды тыңдау байқауынан өткізген біз, комиссия мүшелері, Қазақстан музыканттарының деңгейі аса жоғары болатынын алдын ала білдік. Қазақстаннан қатысатын музыканттар санының көп болатыны да белгілі еді. Нәтижесінде оркестр құрамына енген 14 адам өздерін тамаша қырынан көрсете білді. Оркестрде өнер көрсететін музыканттар үшін ерекше мінез, икемділік және өзгеріске құштарлық, эмоциялық тұрақтылық, ең бастысы, ұжымда жұмыс жасай білу аса маңызды. Мен қазақстандықтарды музыка аясында бұрыннан бақылап келемін, олардың бойындағы бұл биік сапаны әлдебір генетикалық кодтың нәтижесі деп бағалар едім. Талант дәстүрден бастау алады, сондықтан оны дамытуға қаржы салу қажет. Уақыт өте келе, кәсіби шеберлігі оларды әлемге танымал ететініне сенемін».

Еркеш Шәкеев, қазақстандық сазгер әрі ақын: «Фестиваль өте тамаша әсер қалдырды. Осындай жайлы ортаның қалыптасуының бір сыры Грузия жері мен оның қонақжай халқының кең пейілінде жатыр. Біздің елдің жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бұл жайында маэстро Джанандреа Нозеда және фестиваль директоры Давид Сакварелидзенің өзі айтып отыр. Цинандалидегі ауқымды фестивальге тек сәттілік пен өркендеуді ғана тілеймін!»