30 Наурыз, 2010

МӘСКЕУ МЕТРОСЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТАР

695 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше таңертең Мәскеу метросының “Сокольничий” желісіндегі “Лубянка” және “Мәдениет паркі” аялдамаларында арасына 47 минөт салып екі жарылыс болды. Алдыңғысы таңғы 07.52 сағатта, соңғысы 08.39 сағатта жасалды. Жарылыс салдарынан барлығы 37 адам қаза тауып, 65 адам жараланды.Жарылысты жасаған жанкешті-әйелдер көрінеді. Оқиға болған жерден олардың денесінің бөлшектері мен “шахид белбеуінің” фрагменттері табылған. Бір назар аударарлығы – екі жарылыс та екінші вагонда жүзеге асырылған. Алдын ала жасалған қорытынды бойынша “Лубянка” аялдамасындағы жарылыстың күші – 3, соңғысыныкі 1,5 кг тротилдік баламаға тең. Болған оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғалды. CNN телеарнасының айтуына қарағанда, чешен жанкештілерінің бір сайтында жарылыстың жауапкершілігін мойнына алған хабар жарияланған. Бірақ сайттың атауы айтылмайды. Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев осы оқиғаға байланысты шұғыл кеңес өткізіп, терактілердің алдын алу шараларының әлсіздігін сынға алды. Қоғамда толқуға жол берілмей, терроризмге қарсы күрес күшейе түсуі керек, деп ол әлеуетті құрылымдар басшыларының алдына қатаң талап қойды. Қазір қалада ІІМ мен ТЖМ бірлесе отырып, төтенше штабтар құрған. Олардың күшімен “Вулкан” жоспарын іске асыру қолға алынып отыр. Бұл – осы күндері Мәскеу көшелеріндегі тексерістердің кү­шейе түсетінін айғақтайтын амалдар. Пре­зи­дент адам құқын аяқасты етуге жол бе­ріл­месін десе де, Мәскеу милициясы бұл күн­дері күшейтілген кезекшілікке кірісіп кетті. Айта кететін жәйт, Мәскеу метросында мұндай террорлық акт 2004 жылдан кейін бірінші рет жасалып отыр. Сол жылғы 6 ақпанда және 31 тамызда дәл осындай жарылыстар жасалып, алдыңғысында – 41, соңғысында 8 адам опат болған еді.