Тарих • Бүгін, 08:05

Жыр алыбымен жүздескен қыз

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір бұл қызды көп адам біле бермейді. Алайда кеңес одағы кезінде Жамбыл секілді ол да біраз дәріптелді. Жыр алыбымен кездесуі ұйымдастырылды. Ол қазақтың алғашқы әртістерінің бірі Хасия Камардинова еді.

Жыр алыбымен жүздескен қыз

«Литературная газета» басылымы­ның 1936 жылғы №27 санында «Театральная смена Казахстана» деген мақала жарияланған. Осы мақалада: «Хасия Камардинова – 19 жас­та. Он жеті жыл бұрын, азамат соғысы кезінде оның әкесі қаза тапты. Бір жылдан кейін анасы қайтыс болды. Үш жасар қызды әжесі өз қолына алды, он жасында мектепке берді. Хасия Алматыда дүниеге келіп, сонда өсті. Сол жерде ол алғаш рет театрға барып, үлкен әсерге бөленді» – деп жазылған екен. Ал «СССР на стройке» фотожурналының 1939 жылғы №8 саны кеңес одағының қыздарына арналыпты. Кейіпкер ретінде үш қыз – ресейлік Таня Пыжова, украиналық Женя Адаменко және қазақстандық Хасия Камардинова таңдалған. Ма­қа­лада Хасияның жас­та­йы­нан актриса болуды ар­мандаға­ны жазылған. «Ол тұл жетім еді. ­Бір жасында әкесінен, екі жасын­да анасынан айырылды. Сөйтіп, Алматыда әжесінің тәрбиесінде өсті. Қыздың бар қиялы сахна болатын...» дей келіп, Хасия­ның театр актрисасы болу үшін Мәскеуге барғанын жаз­ған. Ол уақытта Мәскеудегі театр өнері институты жанында қа­зақ студиясы жұмыс істейтін. Хасия қыз Ғайни Хайруллина, Гүлжаһан Ғалиева секілді қа­зақ қыздарымен бірге осы студияда оқып, 1938 жылы оқуын тәмамдады.

Мәскеуде оқыған жас өнер­­паздар Алматыда Карло Голь­донидің «Екі мырзаға – бір қыз­метші» пьесасын қойды. Басты рөлдің бірін Хасия ойнады. Қойылымның бір кө­рінісі Жамбыл ақынға арнайы көрсетілді. Далаға кілем төселіп, жас әртістер ақынның алдында сахна өнерін қойды.

Қойылымнан соң Хасия Жамбылмен жеке кездеседі. Жыр алыбы қазақ қызы­ның өнеріне сүйсініп, оған жырдан шашу шашқан екен. Жамбылдың бұл арнауы орыс тіліне аударылып, «Песня о девушке» («Қыз туралы жыр») деген атаумен орыс басылымдарында жарияланыпты («СССР на стройке» журналы, №8, 1939 жыл). Өлең «Прекрасная девушка из Казахстана! Ты яблони тоньше, нежнее тюльпана. И знойным румянцем красуешься ты, Как смуглое яблоко Алма-Аты» деп басталады. Алайда бұл өлеңнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын ақын­ның кітаптарынан кездестіре алмадық.

Хасия кейін қазіргі Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов атын­дағы театрларда, басқа да өнер ордаларында қызмет етіп, ­актриса боламын деген бала күн­гі арманына қол жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар

Өлең құрастыратын кітап

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50