Әдебиет • 09 Маусым, 2020

Доннан Нілге дейін

248 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тып-тынық Дон. Сағаттың тілімен ілескен күміс су күннің нұры мен айдың сәулесіне шағылысып, ағады да жатады. Бір мызғымайды: теңізге асығады. Жағасындағы жұрттың бұлаған жасын жұтып, мұңын шайып тербеле жөнеледі. Айдыны жанға медет, көңілге қуат. Шер толған кеудеңді тоссаң, жұбатады. Сыбдырай аққан ағысымен өмірдің өткінші екенін аңғартады. Кейде күллі адамзаттан ең жақыны һәм ең адалы Дон өзені ме дейсің. Жаны айна секілді: айналасындағы халықтың қайғысы мен қасіретін өзен табиғатынан байқамау мүмкін емес. Бірде тынық, бірде асау: гүрілдеп аққан ағысы – Донның атқақтап соққан жан айқайы. Ол бәрімізден көп жасады, ол небір сұмдықты көрді: бейбіт күн мен зарлы түннің талайына куә болды (әрине, мұны бізге Шолохов айтты). Бәлки, ол Аксиньяның («Тынық Дон») сарсаңға түскен жауапсыз махаббатын алып кетуін жалына сұраған кезде де бұлқынған шығар.

Доннан Нілге дейін

Сартр мен Шолохов һәм Нобель сыйлығы

Әңгімеміздің әлқиссасын кешегі Кеңес дәуірінің кемеңгері Михаил Шолоховты өсірген һәм күрескер адам, талантты қаламгер ретінде қалыптастырған Дон өзенінен бастадық. Донның суын кешпесек те, самалын сезінбесек те – Шолохов қаламымен елестеткендей болдық. Өз уақытында Шолоховтың жазушылық талантын дәлелдеп, тіпті Нобель сыйлығын алып берген де осы қасиетті Дон.

Қазақ баспасөз беттерінде Сартр­дың: «Нобель сыйлығы Шо­ло­ховқа берілмей тұрғанда мен мұндай құрметті қабылдай ал­май­мын», деген сөзі жазылып жүр. Ақиқатында, контексте ол тек Шолоховты ғана емес, Неруда мен Арагонды да атап айтады. Ойымызды тар­қат­сақ, 1964 жылы Әдебиет сала­сын­дағы Нобель сыйлығын фран­цуз экзистенциалисі Жан Поль Сартрға беру жөнінде ше­шім қабылданды. Бірақ ой еркін­дігін бәрінен биік қойған Сартр сыйлықты алудан саналы түрде бас тартты. Ол таби­ға­ты­нан атақ-даңқ жазушыны құр­дымға кетіреді деп сана­ған адам. Осы үшін Сартр Но­бель­ге дейін де бірталай мара­­пат­тар­дан бойын аулақ ұстады, тіпті Коллеж де Франста оқуға шақырса да барған жоқ. Сартр­лық көз­қарасына өмірінің соңы­на дейін адал болды. Ол әйгілі сыйлықтан бас тартқан соң Па­рижде шведтік журналис­терге жасаған баяндамасында Оң­түс­тік Американың бірегей жазу­шы­сы Неруданың Нобельді ал­ма­ға­нын және бұл сыйлыққа әб­ден лайық Арагонның кандидату­ра­сы тіпті талқыланбағанын айтады. Сондай-ақ Пастернакқа бұ­­йыр­ған сыйлық Шолоховқа беріл­­ме­геніне ашынады. Фило­соф-қаламгердің бұл сөзінің келесі, яғни 1965 жылы Шо­ло­хов­тың жұлдызы жанып, Но­бель сыйлығын алуына әсері бол­ды деп санамаймыз (өз пі­кірі­міз, әрине). Дәл сол уақытта «Тынық Дон» бүкіл әлем бойынша жаппай оқылып, аударылып, тара­лымы ұзын саны 130 мил­лион­­ға жеткен болатын. Осы­лай­­ша Сартрдың Нобель маңа­йын­­дағы әділетсіздікке қарсы ойы ақталып, Донның төл пер­зен­ті­­не атақты Нобель сыйлығы бұйырды.

 

Африкаға Шолохов керек пе?

Сол Шолоховтың туғанына биыл 115 жыл толыпты. Ресейлік әде­би газет-журналдардан аңда­ға­нымыздай, автордың 1956 жы­лы жазған «Адам тағдыры» («Судьба человека») әңгімесі мерейтой аясында суахили тіліне аударылып, қара құрлықтағы Танзанияда жарық көріпті. Соғыс тақырыбын қаузаған бұл әңгіме алғаш жарияланғанда оқырман санасын дүр сілкіндіріп, құбылыс деп бағаланған еді. Араға ширек ғасырдан астам уақыт салып африкалықтардың тіліне тәржімаланған кітаптың көркем аудармасын Дар-эс-Саламдағы ресейлік ғылым және мәдениет орталығының қызметкерлері жасаған. Енді танзаниялық «Ndanda Mission press» баспасынан 1000 данамен басылып шыққан Шолохов шығармасын африкалықтар мектептер мен кітапханалардан оқи алады. Айта кетейік, бүгінге дейінгі алпыс жылдан көп уақыт ішінде «Адам тағдыры» француз, неміс, поляк, қытай, вьетнам, әзербайжан және т.б. тілдерде жарияланған. Ресей Кітап палатасының айтуынша, Шолохов творчествосы жалпы саны тоқсаннан аса тілге аударылып, 105 миллион тиражбен жарық көрген.

Әрине бұл талантты қалам­гер­дің шығармашылығын насихаттау жолындағы игі бастамаға біз де қуаныштымыз. Тек, кеңес­тік империяның нөмірі бірін­ші жазушысы Шолохов – 56 миллион халқы бар, дәптері мен кітабын әрең тауып отырған (және көбі оқи алмайтын) Танзанияға керек пе деп ойладық. Егер африкалық­тар расымен де Шолоховты сүйсі­не оқитын болса, Құдайдың бергені. Бірақ біздің саналы ойы­мыз һәм суық ақылымыз бұған сеніңкіремейді. Ішкі түйсік мұны әйдік үрдіске жориды (өйткені бұл үрдіс қазақ қоғамына етене жақын). Және Шолоховтың африкалықтар тіліне мақсатты түрде аударылуының астарынан идеологиялық түсініктің ұшқынын байқап қалғандаймыз. Кім, Шолохов па? Шолохов! 115 жылдық па? 115 жылдық! Онда суахили тіліне аударамыз! Құп.

Біздің айтпағымыз, өзіміздікі болмаған соң, өзгенікін көре алмағанның кебі емес. Бір жағы, өткені түгел орыс әдебиеті Шо­ло­хов­ты құрметтеп, бұрын тәр­жі­маланбаған тілге аударып жатса (бұған дейін суахили тіліне аударылған-аударылмағаны бел­гі­сіз), әдебиетке көңіл бөлеті­нін көрсетеді. Жалпы, орыс клас­сиктері басқа тілге аударылуға мұқтаж ба? Әрине, мұқтаж емес. Бірақ әдеби аударма ісі қар­қынды дамыған орыс қоғамы мұқтаждыққа қарамайды. Әйтеу, аударылсын! Шолоховтың рухы риза болсын! Үйренерлік өте-мөте жақсы саясат.

Қазір орыс оқырманы Шоло­хов­ты оқи ма? Оқып-оқып, тауысса керек. Әрі бүгін де оқырлық заманауи орыс прозасының өкілдері де жетіп артылады (әрине, Толстой мен Достоевский әлі дүниеге келген жоқ). Дон қаламгерінен бері талай дәуір өтті. Мойындау керек, Шолохов біздің Абай емес: өз биігінде бағаланды һәм әлемге де танылды. Шолоховтың қанын тамыза суреттеген еліне айтар арызы жоқ, сірә.

 

Ақсаған аударма

Жалпы, осы кітап шығару­да­ғ­ы бірін­ші себеп не? Сол ав­тор­­­­дың ме­рей­тойлық датасы ма, әл­­де әде­биет­ке шын жана­шыр­лық па? Ақи­қатында, алғаш­қы бол­­жа­­мы­­­мыз бүгінде жиі кез­десе­­ді, тіпті үрдіске айналды. Қазақ қо­ға­мын­да да осы ахуал бе­лең алып отыр. Екінің бірі кітап шыға­ра­тын ай­­на­ла­мызға көзіміз үйрен­ді (да­­мы­­ған ел­дердің бә­рінде жазу­шысы­мақ­тар өте көп. Бірақ оларда тәуір авторлар да же­терлік. Бізде бірі бар, бірі жоқ). Ал аударма мәселесінің ақ­са­п тұр­ғанына біршама уақыт болды: өзгеріс жоқ, бәз-баяғы қал­­­­пын­да (бәлки, алдымен қазір­гі әде­­биетімізді аударатын дең­гейге жет­кізіп алғанымыз да дұрыс шы­ғар). Шолоховтың суа­­хи­ли тілі­не аударылғанын жазып отырып, аяқасты өз «ауруымыз» еске түсіп, құлазып қалғанымыз рас.

Біздің Абайдан басқа кіміміз бар? Абайды ғаламның озық тіл­­деріне толық аударып алмай, неге біз әлемдік аренаға асыға­мыз? Ал Махамбет пен Қасым ше?..

Ешкімнің еңбегін еш қылғы­мыз келмейді. Соңғы уақыттағы аударма саласындағы ірілі-уақты қозғалыстарды байқап, көріп жүрміз. Біріне көңіл толса, енді біріне қарның ашады. Тіпті кей жо­балар науқанға айналып, көр­кем аудармадан алыстап кетті. Әйтеу, бар қуанышымыз: өлі ты­ныштық емес, аз да болса, әрекет бар. Дегенмен, біз Танза­ния секілді кедей мемлекет болсақ, бірсәрі. Тағдырдың жазуы дерміз. Бақытымызға орай, салыстырмалы түрде баймыз. Жүзден асып жығылып жатқан классик жоқ: аударамыз десек, қауқар жетеді.

Сонымен түу шалғайдағы суа­хили тіліне аударылған Шо­лохов­тың арманы жоқ. Ал Абай бізге өкпелі.