– Шағын бизнесті қолдау еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласында аса жоғары маңызға ие. Ал кредиттер мен кепілдің қолжетімді болуы ШОБ-тың, әсіресе микробизнестің негізгі дамытушы күші болып табылады. Сондықтан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «микро және шағын бизнесті микрокредиттеу» жаңа бағыты қосылады, – деді министр.
Жаңа бағыт бойынша кәсіпкерлерді 6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша субсидиялау арқылы қаржыландыру қарастырылған. Кредит көлемі 5-20 млн теңге аралығында.
Сондай-ақ бизнес субъектілері кепілінің жетпеуіне байланысты мәселе де шешімін тапты – «Даму» ұзақ займның 85%-ына кепілдік бермек. Бұл екі бағыт бойынша жұмысты осы маусым айының ішінде жүзеге асыру жоспарланған.
Есеп беру жиынында Р.Дәленов карантиндік шектеулерден зардап шеккен кәсіпорындарды кешенді қолдау шаралары миллионнан аса ШОБ субъектісін қамтитынын айтты. Салықтық жеңілдіктердің өзі экономиканың 29 секторындағы кәсіпорынға жасалмақ.
– ШОБ-ты дамыту – экономиканы әртараптандырудың, жұмыспен қамтудың, макроэкономикалық тұрақтылықтың, сондай-ақ халыққа арналған қызметтер мен тауарларды өндірудің басты факторы. Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезеңдегі карантиндік шектеу шаралары шағын бизнеске тікелей ықпал етті. Сондықтан саланы қолдау үшін салықтық ынталандыру жасалып, берілетін кредит көлемі ұлғайтылуда, – деп атап өтті министр.
Салықтық ынталандыру шарасы ретінде 2020 жылғы 1 маусымға дейін ШОБ нысандарын барлық салық пен әлеуметтік төлемнен босату көзделген. Экономиканың әлсіз салаларындағы мүлік салығының ставкасы жыл соңына дейін жойылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де жер салығының мөлшерлемесін жыл соңына дейін төлемейді.
Әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерге ерекше қолдау көрсетілуде. Азық-түлік өнімдерін өткізу және импорттауда қосымша құн салығының 1 қазанға дейін азайтылғаны осыны көрсетеді.
Есеп беру жиынында айтылғандай, экономиканың қатты зардап шеккен салаларында 1 сәуірден
1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салық пен әлеуметтік төлемге қатысты салық мөлшерлемесі алынып тасталды. Бұл жалақыдан ұсталатын жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық және әлеуметтік төлем, міндетті медициналық сақтандыру жарнасы алынбайды деген сөз.
Министр микро және шағын бизнес үшін Мемлекет басшысының өткен жылғы үш жылға кіріс салығынан босату туралы бастамасы өте маңызды болғанын айтты.
– Нәтижесінде, 1 млн-нан астам микро және шағын кәсіпкерлік субъектісі 3 жыл ішінде салықтан 382 млрд теңге үнемдейді, – деп атап өтті Р.Дәленов.
Министр еліміздегі бес жыл ішінде 2 мыңнан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын айтты. Жобаларды жүзеге асырудың жалпы құны 44 трлн теңгеге бағаланып отыр.
– Инвестицияның ІЖӨ-дегі үлесін 30%-ға дейін арттыру мақсатын алға қойып отырмыз. Былтыр бұл көрсеткіш 18,2%-ды құрады. Инвестициялар экономиканың тұрақты және сапалы өсімінің кепілі болып табылады, – деді министр.
Оның айтуынша, инвестиция тарту үшін АХҚО-ның мүмкіндігін кеңінен қолдану жоспарлануда. Қолға алынатын жобалардың 5 жылғы пулы жасақталған.