23 Қазан, 2013

Бокс. Әлем чемпионаты. 8 боксшымыз - жартылай финалда! (ВИДЕО)

332 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

23-10-13-kairat eraliev-3

Бүгін, 23 қазан күні Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатында 1/4 финалдық шайқастар болып өтіп, жаһандық жарыстың жүлделері жүйегіне енетін еншілестер есімдерін анықтады. Бұл таласқа дүние жүзінің 30 елінен 80 боксшы қатысты. Сол дүрмекте Қазақстанның 9 тарланы жарысқа жалын қосып, 8-і жартылай финалға шықты. Біздің құрама үшін күндізгі сессия сәттірек аяқталды. Мұнда 9 боксшының 4-і өнер көрсетіп, бәрі де үлкен абырой биігінен көрінді. Осы квартеттің жеңісті жолының әуелгі арнасын 49 килоға дейінгі салмақтағы Біржан Жақыпов тартты. Ол Пуэрто-Риконың жалғыз үміті – Энтони Чакон Ривераны өте сенімді ұтып шығып, Қазақстан қоржынына алғашқы медальдің түскенін паш етті. Біз Біржанды бұл жолы үлкен жігер үстінде көрдік. Оның қазір нағыз спорттық бабында екені айқас басталған шақта-ақ байқалды. Ұрыс барысында сонымен бірге оны жүргізудің ғаламат техникасын көрсеткен боксшымыз қарсыласына үш раунд бойы дес бермеді. Бұл жолы шаршы алаңда бірінші нөмірмен ойнаған ол шайқастың соңын да өте әсерлі аяқтады. Ал келесі жекпе-жекте кубалық Йосвани Сото Вейтиа итальян Мануэль Каппаиді итжығыс тірес үстінде әрең жеңді. Енді ол жартылай финалда Біржанмен қолғап түйістіреді. Бұл екі боксшы бұған дейін бір рет бір-бірімен жұдырық сілтесіп үлгерген. Ол 2011 жылғы 26 қыркүйек күні Бакудегі әлем чемпионатының 1/32 финалы кезінде орын алған. Шайқас қорытындысы 21:11 есебімен Бостандық аралы жас перісінің пайдасына шешілген. Міне, Біржанға соның қарымтасын қайтарудың әдемі оңтайы келгелі тұр. Солай етуге әбден болатынын бізден осыдан кейін рингте тағы бір кубалықпен ұстасқан 56 килоға дейінгі салмақтағы Қайрат Ерәлиев керемет етіп көрсетті. Ол осы чемпионаттағы ең атағы зор, 2012 жылғы Лондон Олимпиялық ойындарының жалғыз чемпионы Робейси Рамиресті талассыз жеңді. Тегінде, бұл жолы жеңімпаз ұрыстың тактикасын дұрыс қалыптастыра алмай қалған сияқты. Кездесу басталған сәттен екінші нөмірге өз еркімен көшкен оның бәсеңдігі Қайраттың өз-өзіне келіп, сенімі арта түсуіне көп көмектесті. Екінші раундта ол тіпті еркін кетті. Соның нәтижесінде атақты қарсыласын теңселтіп жіберетіндей бірнеше ауыр соққылар жасады. Солардың бірінде реферидің есеп ашатындай да реті бар еді. Ал үшінші раундта өзінің ұтылып бара жатқанын сезген кубалық қабылан ышқына алға ұмтылған. Алайда, Қайрат бағыттың бұлай өзгеруіне дайын болып шықты. Ол жақсы қорғана жүріп, реті келген жерінде соққылар беруден де танбады. Мұның қорытындысы сол, төрешілердің үшеуі де жеңіс қазақ боксшысы қанжығасында кеткенін айғақтап берді. Жартылай финалда ол үнді Шива Тапаны ұтқан әзербайжан Джавид Челебиевпен ұшырасады. Шыны керек, біз бұдан кейін ұрыс алаңына қырғыз Эрмек Сакеновпен бірге көтерілген 64 килодағы Мерей Ақшаловтың алдыңғы толқынның арынды ағынын жарасымды жалғастыра алатынына шүбә келтірген жоқ едік. Бұған себеп, биылғы шілде айында Иорданияда өткен Азия біріншілігінде чемпион атанған қазақ боксшысы жартылай финалда осы қарсыласын айқын басымдылықпен ұтқан. Соның да әсері болған шығар, біздің бағлан ұрысқа көтеріңкі көңіл күймен кірісті. Ұдайы қимыл үстінде жүрген Мерейдің шеберлігі жағынан да, деңгейі жағынан да қарсыласынан едәуір жоғары екені айқын байқалып тұрды. Жаттықтырушыларының нұсқауын осылайша тиянақты орындап шыққан ол келесі жолы литван Эвуалдас Петраускасты күрделі жағдайда 2:1 етіп ұтқан бразилиялық Эвертон Лопеспен финалға шығу жолында шайқасады. Бірақ қарсыласының атағы үлкен. 2011 жылғы әлем чемпионы. Лондон Олимпиадасында 1/8 финалда кубалық болашақ чемпион Росниель Иглесиастан ұтылып қалған.   Күндізгі сессиядағы төрттіктің нүктесін құрамадағы ең жас боксшы Жәнібек Әлімханұлы қойды. Ол 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропаның биылғы жылғы финалисі румын Богдан Журатониді 3:0 етіп тізе бүктірді. Осы төрт шайқастың ішіндегі ең күрделісі де осы болды. Бұған осы кезге дейінгі екі ұрысын да керемет жарқылмен өткізіп, көптің көтере мақтауына ілігіп қалған жас береннің ептеп тоқмейілсу кәдесіне еліге түскен де бір себеп болған сияқты. Не дегенде де, айқастың бас жағы ол үшін ауырлау өтті. Қоладан құйылған қалыптай бір ырғақпен ауыр қозғалып, ауыр соққы жасайтын бессарабиялық бағланның қимылы оны біраз тығырыққа тіреді. Екінші раундта тіпті румынның қарқынына ілесуі қиындап бара жатқан жігітіміздің түбінде жеңіске жетуі қиын болатынын да пайымдай бастағанбыз. Қуаныштысы, соңғы шешуші кезеңде Жәнібек бар күш-жігерін бойына жиып, ақырғы шабуылдарға ақыра кірісті. Түптің түбінде таразының басын сол жорықтар жосығы оған аударып тастады. Осы сәтте жартылай финалдағы бәсекелес те белгілі бола қалды. Бұл орынды неміс Штефан Хаертельді ұтқан ағылшын Энтони Фоулер басты. Араға бір сағат үзіліс салып өткен кешкі сессияда да біздің 4 боксшы алаң төрінде атойлады. Ал бесінші саңлағымыз – аса ауыр салмақтағы Иван Дычкомен қолғап түйістірер үнді Сатиш Кумар шайқасқа шықпай қалды. Шамасы, осыдан екі ай ғана бұрын Амманда біздің батырдан оңбай ұтылғаны оны тоқтатса керек. Сөйтіп, Ваня жартылай финалға ұрыссыз беттеді. Өкініштісі, бұл кезеңдегі ұрыстардың басын бастаған 52 килодағы Ілияс Сүлейменовтің уэльстік Эндрю Сельбимен кездесуі бізге бүгінгі күннің бірінші және соңғы жеңілісін әкелді. Біздің баланы Лондон Олимпиадасының 1/8 финалында жолдан қаққан Еуропаның 2013 жылғы чемпионы, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері бұл жолы тағы да оның алдына тосқауыл болып шыға келді. Бірақ біз тап Алматының аясында валли баласына есесін жіберген Ілиясты көрген жоқпыз. Біздің бағланды жолдан жаңылдырған тек оның өзінің алда тұрғанына сенімі басым түсіп, үшінші раундтың соңын «күтіп алу» тактикасымен өткізгені болуы ғана мүмкін. Есесіне, бұдан кейінгі саңлақтарымыз шашаларына шаң жұқтырмады. Дегенмен, бұған қарап, барлық шайқас табаға құйылған майдай еріп, біздің пайдамызға өзінен-өзі шешіле берген екен, деген де ұғым тумауы керек. Жігіттеріміздің қай-қайсысы да өздеріне тиесілі жеңісті кескілескен тартыстың тербеуінде тартып әкетті. Соның айқын бір үлгісін 60 килодағы Берік Әбдірахманов көрсетіп, пәсейіп бара жатқан көңіл ауанын қайта көтеріп тастады. Жасыратыны жоқ, оның венесуэлалық қарсыласы Луис Диас қолының да, бойының да ұзындығымен біраз қиындық келтіріп, ұрыстың бірден жанкүйер қалаған арнада ағындап жүруіне ырық бермеді. Бір қуаныштысы, Берік екінші раундтан бастап бұған басқа амал-айла тапты. Ол қарсыласын ұдайы бұрыштан-бұрышқа қуа жүріп, жақын қашықтықтан соққылауға көшті. Сөйтіп, өзінің 3:0 етіп жеңгеніне төрешілердің де көздерін жеткізді. Ендігі шайқас Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, 2011 жылғы әлем чемпионы кубалық Лазаро Альвареспен өтеді. Келесі кезекте қазақстандық көрермендерді қуантқан команда капитаны, 69 кило салмақтағы Данияр Елеусіновтің де қарсыласы оңай жағылатын жаңғақ болған жоқ. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы мен 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері кім-кімнің де тақиясына тар келмейді. Мұның үстіне оның Альбион жеріндегі аламанда біздің капитанды жеңіп кеткені тағы бар. Сол тарлан – итальян Винченцо Мангикапре бұл жолы да айбынын асырмақшы болды. Бірақ арынын біздің боксшы тез басып отырды. Қашықтықты ұдайы дұрыс ұстай білген Данияр тым артық қимылға бармай-ақ өзіне керекті ұпайларды жинай берді. Соңында оның жеңгеніне ешкімнің күмәні болған жоқ. Енді оны осы жолы Лондонның финалында біздің Серік Сәпиевке жол берген ағылшын Фред Эванстан айласын асырған германиялық армян Араик Марутян күтіп тұр. Дәл осындай тәлімді тактиканы 81 килодағы Әділбек Ниязымбетов те ұстанды. Оның үнді Сумит Сангванмен ұрысы аса бір қатты қарқында өтпегенімен, біздің боксшының басымдығын бүтін байқатқан байыпты барласулардың бірі болды. Осы жеңісі оны ертең Амманда өткен биылғы Азия біріншілігінің финалында алын орап кеткен өзбек Ойбек Мамазулуновпен қайта ұшырастырады. Ташкенттің тұйғыны голландиялық Петер Мулленбергті айқын басымдықпен ұтқаннан кейін алдағы айналымған аяқ басты. Сонымен, ертең боксшылар демалады. Ал арғы күні жартылай финалдық айқастар өтеді. Оған біздің 8 боксшыдан басқа, Кубаның – 5, Ресейдің – 4, Италия иен Әзербайжанның үш-үштен өкілдері қатысады. {youtube}IorXRJbw7BA{/youtube} {youtube}2rWdxHwMfPc{/youtube}