Оқиға • 07 Қазан, 2020

Тұрсынғазы тұғырға қона алмай тұр

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз өзі қызықпыз. Большевиктердің мүсінін тұғырынан түсіре алмаймыз, қазақтың қаймақтарын тұғырға қондыра алмаймыз. Семейде руханият жанашырлары әнші-компазитор Тұрсынғазы Рахимовтың дайын тұрған мүсініне орын таппай жүр.

Тұрсынғазы тұғырға қона алмай тұр

Арқалығына Тарбағатайдың тау-тасы бейнеленген орындықта домбырасын қолына алып, Тұр­сын­ғазы Рахимов отыр. Жүзінен нұр тө­гілетіндей. Келісті мүсін 2018 жы­лы мәдениет қайраткері Адай Азаматовтың тапсырысымен жа­салған. Алайда әнші-сазгердің мү­сініне Алаш арыстарының ізі қалған Семей шаһарынан лайықты орын табылмай тұр.

– Екі жыл бұрын қала әкіміне хат жаздық. Қор аштық. Тұрсынғазы Ра­химовтың атын көшеге бердік. Ендігі ұсынысымыз, Жамақаев кө­шесінің бойына өнер аллеясын ашсақ дейміз. Аллеяға өнер адам­дарының шағын бюстерін қойсақ деген де ой бар. Бірақ әкімдіктегілер коронавирусты сылтауратып үнсіз қалды, – дейді руханият жанашыры Адай Азаматов.

Ал Семей қаласы әкімінің орын­­басары Айдар Садырбаевтың ай­туын­­­­ша, мүсін жеке тапсырыс­пен жа­салғандықтан орын әлі белгі­лен­­ген жоқ. Оны арнайы комиссия қарауы керек екен.

Комиссия уақыт бөліп қашан қа­райтыны, бізге беймәлім. Әр көшесі тарихтан сыр шертетін шежі­релі шаһардан сазгердің мүсініне көр­некті орын табу жылға созылатындай қиын шаруа емес сияқты.

Тұрсынғазы Рахимовтың шығар­машылығы қазақтың ән өнерін жаңа деңгейге көтерді. «Сәби болғым ке­леді» әнімен танылған сазгер кө­­бінесе Мұқағали Мақатаевтың өлең­деріне ән жазған. «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыз­дан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн», «Нені аңсаймын», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай», «Аягөз ару» сынды әндері бүкіл қазақ даласын тебі­ренткен.

Келесі жылы Тұрсынғазы Рахи­мовтың туғанына 70 жыл. Атау­лы датаға орай әнші-сазгердің за­ман­дасы Адай Азаматов халық­аралық деңгейде үлкен байқау ұйым­­дастыруды ойластырып отыр. Оған дейін қала әкімінің орын­басары айтқан комиссия бас қосып, ақылдасып, қазақ даласында әні әуелеген сазгердің дайын мү­сінін көр­некті орынға қояды деп сенейік.

 

Семей