Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сөз басындағы «Қорқыттың сарыны» атты шығармасында мынадай жолдар бар: «Бақсымын жырлап сарнаған,
Денем жоқ әсер бармаған.
Мидағы жыным‚ түгел кел,
Хақиқат iске арнаған!». Бізге өткенде ғана ұшырасқан атаулы туынды бұрыннан көкейге түйген жорамалды байламымызды біржола бекіткендей әсер етті. Осы сұмдық тақырыпты Шәкәрімнен соң Олжас Сүлейменов тіптен жеріне жеткізе жырлап, ғарыштық ғаламатқа ұластырып жібергенін бүкіл қазақ, оның сыртында күллі түркі халықтары мақтанышпен үнемі айтуға тиіс еді ғой. Бірақ біздің заттанған санамыз оған жар бере ме? Сүлейменовтей адамзаттық ақынды неге сүйеді жұрт? Өйткені ол ұлттың баба танымына қанат бітіріп, халықтың түпсанасын жаңғыртты. Ұлттық кодты әкелді поэзияға. Мағжаннан, Шәкәрімнен кейін өз заманының мінберінен «Азия алаулары» деп жырлады. Мүмкін ол заманды, ежелгі дәуірлердегі руханияттың асыл өзегін арқасымен ұстап тұрған бақсылар болса, Олжас та өз уақытының бақсысы емес пе? Жүзжылдықтар, мыңжылдықтар өткенде бір ұғымдардың орнын екіншісі алмастырады, бір құндылықтарды басқасы ауыстырады, қайбір қасиеттердің тек атауы сақталып, қызметтері өзгеріп кетуі бек мүмкін. Бақсы түсінігі де тап сол секілді, ұлтының бағына туған бақшылар (арқалы азаматтар) халқының бақ-жұлдызын жақпай қоймайды. Сол үшін мехнатты жолдан өтіп, азап кешіп, қалғыған сананы оятып, ұлы рухтарды тірілтеді. Ғасырлардың бетін бүркеген қою тұманды алапат рухымен түреді. Қайғы әкелген қара бұлттарды күн нұрындай тілгілеп жарық әлемге жол ашады. Олжастай аруақты ердің, арқалы ақынның аузына сонда Құдай «Азия алауларын» салды. Бұл жыр оған дейін тұншықтырылып келген ұлы рухтың әбден пісіп- жетіліп, аспанға тік шаншылуы еді. Өйткені ақынның өзі жырлағандай, жер бетінде шын тұлпарлар бәйгесіне жол қалмағандай, бақсылық сарындарға да бұл жақта кеңістік қалдырмаған еді.
Жер төсінен аспанға тік көтерілген мұндай ғаламат рухтың сойы Мағжанның «Пайғамбар» өлеңінде көрінген. «Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы» жырында ойқастаған. Шәкәрімнің «Қорқыттың сарыны» жырында төбе көрсеткен. Сол алапат рух тасқыны 1964 жылы Олжастың қаламынан туғанда, тіл жеткісіз, тек қана түйсікпен сезініп білер мұндай гәпті кеңестік санадағы адамдар түсінбей аң-таң болғанына күмән жоқ. Бәлкім соқырдың күнге қарағанындай құбылыс сонда орнаған шығар, кім біліпті? Гәп онда да емес, өлеңнің тым алысты көруінде. Олжасты оқысаң, адамзат қай жерден жаза басқаны, кісі баласының күмәнді сапары, күллі игілік үшін тұңғыш от жаққан бақсылар мен жақсылардың ұлы жорығы елес береді.
Ақын бақсылар жаққан отпен әлемді аластап, адамзат баласын негізгі бастау – ізгілік жолына түсіруді көксейді. Ұлы Дешті қыпшақ даласында біздің дәуірімізге дейін таңбаланып қалған күнбасты халықтың қадір-қасиеті сонда ғана ептеп-ептеп елес беріп, сананы түрткілейді. Өлең құдіреті дегеннің бір пұшпағы осында. Біреулер бар өмірін сарп ете жүріп жеткен ғаламатты қиял әлемінде сомдап, көз алдына қоя салады.
«...Бақсылардан – табынғаның от күнге,
Бақсылардан – бидай, тары ектің бе?!
Бақсылардан – күй мен би де әдемі,
Бақсылардан – дәмі піскен еттің де.
Сол бақсылар тас тапқандай бүйректен,
Алмас іздеп сүлделерін сүйреткен.
Сол бақсылар құрбандыққа шалынып,
Өрт ішінде, басқаларды үйреткен.
Сол бақсылар – ой-сезімді түлеткен,
Сол бақсылар – елге өнерді құл еткен.
Кереңдерден Бетховендер тудырып,
Гомерлерді тудырған да түнектен» (Қадыр Мырза Әлидің аудармасы) деп әрі қарай жалғасып кете береді. Әрине, бұл өлеңді тарихи санасы кесіліп, рухани тамырынан ажырап қалғандарға түсіндірудің қажеті жоқ. Көне дәуірлердің рухын тұла бойымен сезіне алмаған адам мұндай тақырыпқа қалам тарта алмайды, арғы түріктер туралы жаза алмас еді ғой. Ал бақсылар жаққан отты Азия алауларына балап, әлемді аластағысы келген түйсіктің күшіне тең келер не бар? Ақылға сыя бермейтін құбылыс. Және соған иландыру... Ол енді біздің түріксарынды Олжас ақын қолынан ғана келді.
Қазақ поэзиясында осы туындының жалғасындай тағы бір туынды Есенғали Раушановта бар. «Бақсы билеп жүр. Жанады жантақ қандай қурап тұрған, Сол отқа жүгіреді ол зулап қырдан» деп басталатын өлеңде де адам сенгісіз қасиеттер қылаң ұрады. Олжекең болса, сөз етіп отырған өлеңді әдемі түйіндейді: «Олар бәрін сіздер үшін тұтынды, апиынды кім ішсе, сол тұтылды», деп бақсылар қасиет үшін жаққан отты енді наша ретінде тұтатып ләззатқа бөленген жұрт туралы сөз етеді. Ақыр соңында: «От-алауды ойлап тапқан бақсыны, түтін үшін өртедіңдер өздерің», деп наша түтіні мен саудасына тұншыққандарға Азиясының көзімен аларып қараған ақынның оқты көзі әлі күнге әлемге сол күйі қадалып тұрғандай.