Спорт • Бүгін, 09:07

Жарыс күнделігі

3 мин
оқу үшін

Ертең Ұланбатырда дзюдодан Grand Slam турнирінің тұсауы кесіледі. Бұл – балуандарға Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы лицензиялық жарыс. Моңғолия астанасынан бастау алатын іріктеу сыны 2028 жылдың 12 маусымына дейін созылады. Ерлер бәсекесінде Аман Бақытжан, Мағжан Шамшадин (60 кг), Нұрқанат Серікбаев, Ақжігіт Насыр (66 кг), Есет Қуанов, Аңсарбек Ғайнуллин (73 кг), Жалғас Қайролла, Асқар Нарқұлов (81 кг), Нұржан Бисенов, Айбол Нысаналы (90 кг), Марат Байқамұров (100 кг) татамиге шығады. Әйелдер сайы-сында Ғалия Тыңбаева, Диана Бүркеева (48 кг), Аружан Ережепова (52 кг), Дана Әбдірова, Дина Мұханбет (57 кг), Самалай Ерғалиева, Дәмелі Асылханова (63 кг), Камила Берліқаш, Ақерке Рамазановаға (+78 кг) сенім артылып отыр.

Жарыс күнделігі
  • Футболдан еліміз Премьер-лигасының 17-турының кейінге шегерілген матчында Алматының «Қайраты» Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады. Кездесуде Дастан Сәтбаев алматылық клуб сапында соңғы рет жасыл алаңға шықты. Одан кейін қазақтың аса дарынды аяқдоп шебері Тұманды Альбион еліне аттанып, Лондонның «Челси» клубының жейдесін киеді. Осыған орай, бәсеке басталмай тұрып, Орталық стадионда Дастанмен қоштасу рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шараға «Қайрат» клубының президенті Қайрат Боранбаев қатысты. Ойынның өзіне келер болсақ, алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетті. Екі гол соққан Сәтбаев Премьер-лигадағы мергендер көшін бастады. Биылғы маусымда Дастан сегіз мәрте нысананы дәл көздеді. Тағы бір рет Исмаил Бекболат мергендік танытты.
  • Футболдан биылғы маусымдағы Еурокубоктің жеребесі тартылды. УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде Алматының «Қайраты» Черногорияның «Сутьескасымен» сайысқа түседі. Алғашқы матч Алматыда, қарымта кездесу Никшичте өтеді. Конференция лигасында «Астана» Албанияның «Динамо Сити», Семейдің «Елімайы» Албанияның «Алашкерт» командасымен күш сынасады. Алғашқы ойындар 9 шілдеде, қарымта матчтар бір аптадан соң өтеді. Конференция лигасының екінші кезеңінде «Тобыл» Литваның «Паневежис» клубымен күш сынасады. Алғашқы ойын 23 маусымда Балтық жағалауында өтсе, екі аптадан соң олар Қостанайда қайта жолығады.
  • «World Boxing» ұйымының мұрындық болуымен Қытайдың Гуянг қаласында Әлем кубогінің кезеңдік сайысы өтіп жатыр. Алғашқы күні Серік Теміржанов (60 кг) Денис Брильден (Германия), Нұрбек Оралбай (90 кг) Ким Гичхэден (Оңтүстік Корея), Сабыржан Аққалықов (80 кг) Сяо Ваннан (Қытай), Дина Исламбекова (+80 кг) Клиона Дарсиден (Ирландия), Айбек Оралбай (+90 кг) Ннаджай Райттан (АҚШ) басым түсті. Наталья Богданова (75 кг) Бао Цзыйға (Қытай) есе жіберді. Екінші тәулікте Санатәлі Төлтаев (65 кг) Мәлік Хасановты (Әзербайжан), Тимур Нұрсеиітов (75 кг) Тадг О’Доннеллиді (Ирландия), Назым Қызайбай (54 кг) Им Э Джиді (Оңтүстік Корея), Лаура Есенкелді (70 кг) Униа Мартинесті (Испания) ұтты. Тимур Қабдешов (55 кг) Келви Триндадтан (Бразилия), Н.Оралбай (90 кг) Тұрабек Хабибуллаевтан (Өзбекстан) жеңілді. Үшінші күні С.Теміржанов (60 кг) Салим Эллис-Беге (АҚШ), С.Аққалықов (80 кг) Жавохир Умматалиевке (Өзбекстан) жол берді. Абылайхан Жүсіпов (70 кг) Кайан Рейесті (Бразилия) қапы қалдырды. 
Соңғы жаңалықтар