Экология • Бүгін, 09:10

Табиғатты қорғау – ортақ жауапкершілік

7 мин
оқу үшін

Жақында М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінде халықаралық Қоршаған ортаны қорғау мен Эколог күніне орай республикалық «Эколог сағаты» іс-шарасы өтті. Акцияны ұйымдастыруға қалалық білім басқармасы, «Экология, өлкетану және туризм орталығы» мекемесі мен колледж ұжымы қолдау білдірді. Жиынға эколог мамандар, ұстаздар мен студенттер, жалпы табиғат жанашырлары қатысты.

Табиғатты қорғау – ортақ жауапкершілік

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараны өткізудегі басты мақсат – жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, адамдарға табиғатты аялауды үйрету, жауап­кершілік сезімдерін ояту, сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын насихаттап, қолдау көрсету.

Басқосуда қалалық білім басқарма­сы­ның өкілі Айгүл Рүстемова табиғаттың тазалығы үшін күресіп жүрген эколог мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл істе жастардың да үлесі бар екенін атап өтті. Әсіресе жас экологтер қоршаған ортаны қорғауда белсенді әрекет етіп жатқанын тілге тиек етті.

Іс-шара аясында Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев сөз алып «Қазіргі экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Маман өз сөзінде Шымкент пен оның аумағындағы экологиялық ахуал туралы, табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыс пен осы саладағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.

Өз кезегінде «Мирас» колледжінің студенті Елдос Аширалиев «Таза табиғат және саналы қоғам: қоқысты сұрыптау арқылы экологияны сақтау» тақырыбындағы жобасын көпшілік алдында таныстырды. Ал Авиценна атындағы жоғары медициналық колледжінің студенті Айдана Барыс «Эко-волонтерлер: табиғат пен руханият жаршысы» атты тақырыпта баяндама оқып, жастардың қоршаған ортаны қорғау ісіндегі атқарар рөлі жайында әңгімеледі.

Жиын барысында қатысушылар «Экологтен сұра» ашық сұхбат алаңы арқылы өздерін мазалаған сауалдарға тұшымды жауаптар ала алды. Әсіресе студент жастар эколог мамандардан қоршаған ортаны қорғауға қатысты және табиғатқа залал келтірілгенде қаралатын жауапкершіліктер жөнінде сұрап, экология мәселесі төңірегінде пікір алмасты.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде «Таза Қазақстан: сұрыпта, сақта, қорға!» атты экологиялық квиз ұйымдастырылып, қатысушылардың экологиялық сауаты мен білім деңгейі сарапқа салынды.

Бұл орайда «Экология, өлкетану және туризм орталығы» мекемесінің директоры Ұлжан Қамытбекова осы іспетті басқосулар жастардың табиғатқа деген жанашырлық сезімін оятып, экологиялық жауапкершілігін арттыра түсетінін айтты.

«Бүгінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндет. Табиғатты қорғау тек маманның ғана ісі емес. Ол әрбір саналы азаматтың ортақ жауапкершілігі деп білемін. Сондықтан біздің мекеме жастардың табиғатқа деген жанашырлығын қалып­­тастыруға, олардың экологиялық сауатын арттыруға ерекше мән береді. Менің пікірімше, білім беруші мекемелерде «Эколог сағаты» секілді акцияларды жиі ұйымдастырып тұру қажет. Себебі сол арқылы жастарды табиғатқа қамқор болуға тәрбиелей аламыз. Сонымен бірге экология іс-шарасы да – «Таза Қазақстан» сияқты табиғатты таза ұстап, аялауға шақыратын игі бастаманың бірі. Сондықтан бұл екеуін де мақсаты мен міндеті ортақ, бір арнада үндесетін акция есебінде қабылдаймын», деді Ұ.Қамытбекова. 

 «Экология, өлкетану және туризм орталығы» – осы бағыттар бойынша балаларға қоршаған ортаны, табиғатты таныстыратын қосымша білім ұйымы. Сондай-ақ мекеме оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды, экскурсия арқылы өңірдің табиғаты мен әсем де көрікті жерлерін, мәдени, тарихи мекендерін, киелі аймақтарын аралатуды мақсат тұтады. Оқушылар тау-тасқа өрмелеп, сай-даланы кезген сайын экология, қоршаған орта жайында көбірек хабардар болып, жүректерінде табиғатқа деген жанашырлық сезімі пайда болады дейді маман. Табиғатқа жиі шығатын баланың физикалық денсаулығы мықты, рухани жан-дүниесі таза, санасы сергек, ой қабілеті күшті болып келеді. Ондай оқушы тау ішінде, орманда не далада кездейсоқ адасып кетсе де жан-жағындағы табиғатқа қарап, айналасындағы құбылыстарға мән беріп, оп-оңай шығатын жол тауып кетеді. «Экология, өлкетану және туризм орталығы» балаларға осындай жағдайда өзін қалай ұстау керектігіне дейін үйретеді. Мекеме басшысының айтуынша, орталық 1954 жылы құрылған. Қазіргі атауын 2022 жылы иеленіп, басқару формасына сай коммуналдық мемлекеттік мекемесі атанды. Қосымша білім беру ұйымы Шымкент қаласында 4 экскурсиялық бағыт әзірлеген. Олар – Ордабасы алаңы, Абай саябағы, Бәйдібек би ескерткіші мен «Қылует» этнографиялық музейі. Сонымен бірге Түркістан облысының тарихи, көрікті жерлеріне 12 бағытқа сай экскурсия ұйымдастырады. Оның ішінде Түркістан қаласы, Ақмешіт үңгірі, Сайрамсу шатқалы секілді тарихи, мәдени, табиғи орындар бар.

«Балаларға туған өлкемізді жақынырақ таныстыру үшін Астана, Алматы, Ақтау қалаларына саяхат жасаймыз. Сондай-ақ табиғаттың әр маусымына сай акциялар ұйымдастырамыз. Мәселен, көктемнің ерте мезгілінде «Менің атаулы ағашым» атты акция өткіземіз. Осы бастама аясында балалар өздері ағаш көшетін отырғызады. Біздің мамандар оларға көшет егу әдісін ғана үйретіп қоймай, жаңа егілген дарақтарға қалай күтім жасау керектігін де айтады. Осы бір ғана акция арқылы жас ұрпақтың бойында туған жерге, табиғатқа деген ерекше сүйіспеншілікті туғызуға болады. Экологиялық мәдениет адамда жасынан қалыптасса, кейін өмір бойы ол қасиет бойынан кетпейді. Көп адам табиғат аясына демалуға барады. Бір өкініштісі, көпшілігі демалған жерін тазалап кетпейді. Тіпті от жағып оны сөндіруді ұмыт қалдырады. Соның кесірінен күн ыстықта  дала мен орман өрті пайда болып жатады. Егер адам бала кезінен табиғатқа жанашырлықпен қарауды дағдыға айналдырса, онда елімізде экологиялық мәселенің көп түйіні өздігінен шешіледі. Сондықтан өскелең ұрпақты саналы, тәрбиелі, туған жерін ғана емес оның табиғатын да сүйетін нағыз ұлт патриоты етіп шығару үшін бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі идеологиялық мақсатта көп жұмыс атқарып жатыр. Жергілікті атқарушы биліктің экология, өлкетану, туризм бағытындағы қосымша білім беру ұйымын қайта жандандырып, жұмысын жүйелеудің өзі – осы сөзімнің дәлелі», деді Ұ.Қамытбекова.       

Ұйымдастырушылар айтып өткендей, осынау акция арқылы жастар экология тақырыбы бойынша көптеген жайтқа қанық болды. Ең бастысы, таби­­ғат­­ты қорғау мәселесінде өздеріне керек­ті біраз мағлұмат алды. Іс-шара соңында бел­сенділігімен дараланған қатысу­шы­лар­ға бағалы сыйлықтар тарту етілді. 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:07

Қос шөнжік өмірге келді

Жануарлар • Бүгін, 09:05

Роналдудан қайран болмады...

Футбол • Бүгін, 09:03

Қошкенің құнды қолжазбасы

Тұлға • Бүгін, 08:53

Үш алып жеткізген ой

Таным • Бүгін, 08:50

Азиядан алаулаған жалын

Әдебиет • Бүгін, 08:48