ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Уақыт ешкімге бағынбайды, өз дегенін жасайды. Отты жылдарда от кешкендер қатары күннен күнге сиреп бара жатыр. Тіпті, 1941 мен 1945 жылдары туған ардагерлердің өзі пайғамбар жасынан асты. “Жасымда бейнет, қартайғанымда зейнет бер” дейтұғын ата-әжелеріміз қанды қырғынды да, аштықты да көрді. Сондай азаматтардың бірі – Ашитов Зайырхан.
Көретін жарық сәулесі бар ма екен, әлде тұз-дәмі таусылмады ма, Зайырхан Омарұлы миллиондаған адамның өмірін жалмаған қан майданның қасапханасынан бірнеше рет жараланып, елге аман-есен оралған. Мұрты тебіндеген көкөрім бозбала соғыс атты зұлматты естігенде бар-жоғы он жеті жаста еді.
Алайда, ол 1925 жылы дүниеге келгенімен, 1939 жылы өзінен жас шамасы үлкендеу достарынан қалғысы келмей, БЛКЖО қатарына өту үшін жасын 1923 жылы туған деп ұлғайтып алады.
1942 жылы 28 ақпанда жап-жас жігіт әскер қатарына шақыртылды. Аталмыш жылдың наурызында Алматы қаласының түбіндегі болашақ офицерлер дайындайтын жаяу әскерлер училищесіне оқуға түскен Зайырхан Омарұлы, сол жылдың 15 маусымында соғысқа аттанды. Сөйтіп, 1942 жылы 19 тамызда әлі офицерлік шенді тағып үлгермеген ол майданның алғашкы шебінен бір-ақ шықты. 19-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарында жүріп, жаумен шайқасты.
Соғыстың аты – соғыс. Оқ тиіп жарақаттанды. Біраз уақыт госпитальда жатып, емделіп шыққаннан соң Волхов майданы жанындағы кіші лейтенанттар курсына оқуға жіберілді. Онда бір жарым ай оқып, кіші лейтенант шенін алып, взвод командирі ретінде майданға түсті. Волхов, Ленинград майдандарында жаумен шайқасып, өзіне жүктелген жауапты қызметтерді ұқыпты атқарды.
Соғыстың аяғына таман Эстонияға жіберіліп, Таллин қаласын, одан кейін Минск қаласын жаудан тазартуға атсалысты. Соғыс ардагерінің Украинаны, Минскіні, Ленинградты жаудан тазартқан ерліктері ескеріліп, Ленинградты азат еткені үшін медалімен және “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталды.
“Әлі есімде, – дейді Зайырхан Омарұлы, – бір күні полк командирі шақырып алып: “Жолдас кіші лейтенант Ашитов, сіз жауынгерлердің қаншасы аман, қаншасы мерт болғаны жайындағы деректер тіркелген пакетті дивизия штабына жеткізуіңіз керек”, – деді. Алдымызда жаудың нысанасына алынған үлкен көпір тұрған. Оқ төбеден жаңбырша жауады. Қайткенде көпірдің арғы бетіне өтуіміз керек. Тапсырма бойынша бірінші солдат, сосын барып мен өтуім тиіс. Өйткені, әлгі пакет аса құпия болатын, ал менде құпия құжаттарға рұқсат болмаған. Сол себепті алдымен солдатты жіберуім керек еді, ол тапсырманы орындамай өліп кеткен жағдайда іске мен кірісуім керек еді. Ойлағандай жау оғы жауынгерді қағып түсті. Ол менің көз алдымда мерт болды. Енді пакетті әрі қарай алып өту – менің міндетім. Пакетті ала сала алға қарай ұмтылдым. Құдай қаққан болу керек, сол арадан өтіп кеткеннен кейін жаудың снаряды таяқ тастам жерге түсіп жарылды. Есімді жиғанымда маңайды қара түнек басып тұр екен. Бетімді сипап едім, қолыма қанға жентектелген дымқыл топырақ ілікті. Әйтеуір, аман қалдым. Командирдің берген тапсырмасы орындалды. Сол күні мен штабта қонып қалдым. Жау түнімен тоқтамай оқ жаудырды. Снарядтар әр жақтан ұшып жатты. Дивизия штабындағы 20-ға жуық офицер мерт болды. Солардың ішінен төрт офицер ғана тірі қалды оның ішінде мен де бармын. Қазіргі күнге дейін өзімнің соғыстан аман-сау қалғаныма таңқаламын.
Тағы бір естен кетпес оқиға, соғыс майданында басымнан, денемнен қатты жарақат алып, санитарлық бөлімге ауыр халде түсіппін. Есімді жинап жан-жағыма қарасам, екі санитар орысша сөйлесіп тұр екен. Сол кезде маған жаман ой келді, мен жаудың қолына тұтқынға түскен екенмін ғой, ал мына опасыз медбикелер Отанды сатып, енді фашистерге қызмет істеп жатыр екен деген. Менің оянғанымды байқап бір санитар қыз жаныма келіп, қуана аймалай беріп еді, мен оған айғайлап, сен сатқынсың деген айып тақтым. Бірақ медбикешіміз менің айқайымды тоқтатып, сабырлыққа шақырып, менің қай жерде және не себеппен жатқанымды түсіндірді. Сол бір кездегі қуанғанымды көрсеңіз. Өзім алапат соғыста апталап көз шырымын алмағанмын, жатқан санитарлық бөлімнің төсегінде тәулікті тәулікке жалғап, тәтті ұйқыға кеткенімді әлі күнге дейін тамсанып еске аламын”.
Соғыс аяқталып, көптен күткен Жеңіс күні де жетті. Жеңіс күнін Зайырхан Омарұлы Эстонияның Хапсул атты кішкентай бір ауылында қарсы алды. “Ол менің өмірімдегі ең ерекше, ұмытылмайтын сәттердің бірі”, – дейді қарт ардагер көңілі босап.
Соғыстан кейін Зайырхан Омарұлы Ленинград түбінде зенит артиллериясы әскери бөлімінде жұмысын одан әрі жалғастырды.
Алайда, білімге деген құштарлық оны жоғары білім алуға ұмтылдырды. Оқуға барғанға дейін Пьярно қаласында орналасқан 8-ші гвардиялық панфиловшылар дивизиясында рота командирі болып қызмет атқарды. Сол жерден әскери заң академиясына оқуға аттанды. Бір орынға 32 адам таласқан іріктеу талабы өте жоғары. Таңның атысынан күннің батысына дейінгі тынымсыз дайындығының нәтижесінде еңбегі жанып, армандаған оқуына түсті. Сөйтіп, оны 1952 жылы үздік тәмамдап, қызмет жолын КСРО Қарулы Күштері әскери трибуналынан бастады. Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің әскери трибуналының мүшесі болды. 1952 жылдан 1976 жылға дейінгі аралықта армия, гарнизон, Түркістан, Забайкалье әскери округтері трибуналдарының мүшесі және Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің, Алматы гарнизоны армиясының әскери трибуналының және Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің төрағасы қызметтерін адал атқара жүріп елінің құрметіне бөленді.
Өмір жолында тіршіліктің осындай қилы кезеңдерінен өтіп шыңдалып, әскери округтер трибуналдарының мүшесі, әскери округтер төрағасы, КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасының запастағы судьясы болды.
“Күні бүгінге дейін есімде, – деп әңгімесін жалғастырды Зайырхан Омарұлы, – Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің әскери трибуналының мүшесі бола жүріп, алғаш рет Сталинге қастандық жасамақшы болды-мыс деген күдікпен екі айдай қамауда отырған әлдебір ұжымшар төрағасына байланысты 5-6 томнан тұратын істі қарадым. Іспен асықпай, егжей-тегжейлі танысып шыққан соң, құжаттарды сотқа жібермей тоқтатып тастадым. Сталиннің көзі тірі кез еді. Үлкен дау туды. Бірден Мәскеуден құрамында 4-5 адамы бар комиссия аяқ астынан сау ете қалды. Сол кезде: “Сен не істедің? Енді қызмет жолың үзілді”, деп шорт кескендер де болды. Комиссия істі бүге-шігесіне дейін қарап, менің колхоз төрағасын босатып жібергенімді дұрыс деп шешті”.
Міне, ардагердің әскери трибуналдағы алғашқы қызмет баспалдағы осылай басталған.
Зайырхан Омарұлы – КСРО кезіндегі әскери заңгерлердің ішінде тағылымдамалық жұмысын үзбей ғылыми жұмысымен қатар алып жүрген, тұңғыш және жалғыз докторлық диссертация қорғаған адам.
Қазір заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, әділет полковнигі. Дәл осы уақытта майдангер ғалым Қайнар университетінде студенттерге дәріс оқып жүр. Әлі де тың, тек оның әжім басқан жүзіне қарап отырып өткен өмірдің сайрап жатқан іздерін көргендей боласың. Зайырхан Омарұлының ауыз толтырып айтатын марапаты бір басына жетіп артылады. Ең бастысы – өзінің артында қалатын ұрпақ өсіріп, немере, шөбере сүйіп отырған ардақты жан. Мұндай адам запаста болғанымен, шынында да ең жоғары тұрған әскери шендерге лайық және мұндай адамның өмір жолынан өнеге алған ұрпақтың ұтылмайтындығы да анық.
Серік БАЙБАТЫРОВ, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы.
НҰРҒАНЫМ
Намыс ерлікке жеткізеді,
Ерлік елдікке жеткізеді.
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.

Қазақтың баяғыдан ұран етіп айтар бір ұлы қасиеті: қызын ұлға балап, қонағындай қолпаштап, құтты орнына қонғанша басына орамал салмай, үкі таққан бөрік, өрнекті тақия кигізіп, әспеттеуі дер едік. Әрине, бұл дәстүрдің кейбіреуі қазір заманға қарай келмеске кетті десе де болады. Бетінен қақпай, ақыл-парасатпен балапандай баулыған бұл дәстүр – ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне, алтын асықтай инабатты болып бойжетуіне септігін тигізгені айдан анық. Арғы-бергі тарихқа қарап отырсаң, бүкіл жұртқа мықты діңгек, ұйытқы болған аяулы аналар, батылдығы батырлыққа ұласқан қаһарман қыздар шоғыр-шоғыр болып көз алдыңнан өтеді. Осыдан 65 жыл бұрын күндей күркіреген, ажал оғы жаңбырдай сіркіреген сұрапыл соғыста көрінгенді көзден ататын мергендігімен, көкке самғап көтерілсе, жаудың апшысын қуыратын қыран тектес қырағылығымен, партизан құрамаларында жүріп небір ерліктер жасаған 6 мыңнан астам қазақ қызы өз тектілігі мен тегеурінділігін көрсеткені мәлім.
Әсіресе, жасындай жарқ етіп шыққан шығыстың қос жұлдызы – Әлия мен Мәншүктің ерлігі ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі. Сондай асыл текті қыздардың қатарында Бөкей ордасынан шыққан партизан қыз, Жайықтың Нұр-апасы атанған Нұрғаным Байсейітова да бар. Ол 19 жасында өзі сұранып майданға аттаныпты. Партизан отрядында радист болып әскери міндетін атқарған.
Қарғадайынан бірге өсіп, біте қайнаған Нұрғаным Бекенқызының замандасы, соғыс және еңбек ардагері, байырғы қаламгер Рафхат Галимуллин ол туралы былай дейді: – Біз соғысқа аттанғанда атақ үшін емес, ел мен жерді қорғап, ұрпақ болашағының алаңсыз болуын ойладық. Мен өткен өмір жолдарыма ойша көз жіберсем, көп нәрсе көңілдің көкжиегінде бұлдырап тұратыны бар. Биыл 65 жылдығы кең көлемде аталып жатқан Ұлы Отан соғысында Белоруссияны басқыншылардан азат етуге қатыстым. Бұл 1944 жылдың маусым айы еді. Өліспей беріспейміз деп қасарысқан жаудың осы тұста беломыртқасы опырылып түспесе де сына бастаған кез болатын. Мен Белоруссия майданының құрамындағы 36-шы атқыштар корпусы штабының байланыс офицері болатынмын. Сол мемлекетті азат етуге арналған “Багратион” операциясын іске асыру мақсатында бірінші, екінші, үшінші Белоруссия және бірінші Прибалтика майдандарының жауынгерлері фашистердің таңдамалы армиясының өзін тас-талқан етті. 22 маусымнан 23 маусымға қараған түні біздің авиация немістердің алғы шебін және жақындағы тылын бомбы астына алды. Артиллерияның дәлдеп жіберген снарядтары жаудың траншеяларының ұйқы-тұйқысын шығарды. Сөйтіп, олардың қорғаныс шебін бұзып, шілденің басында Белоруссияның астанасы Минск қаласы жаудың басқыншылығынан азат етілді.
Осы арада менің ойыма сол елдің бір ілтипаты түсіп отыр. Белоруссия азаматтары өздерінің тәуелсіздік күні біз сияқты соғыс ардагерлеріне құттықтау хат жолдап отырады. Оған президент Александр Лукашенко қол қоятынын да айта кетсем деймін. Сондай құттықтаудан бір үзінді келтірер болсам: “... Мы склоняем головы перед мужеством, стойкостью и силой духа фронтовиков, партизан, подпольщиков, труженников тыла – людей разных национальностей, которые сплотились для отпора врага” деген жолдарды оқуға болады.
Миллиондаған ұрпақтың қанын суша төккен сол соғыста партизандардың ерлік ісі ерекше болды. Мұз жастанған ауыр жылдарды қазір еске түсірсең, жан дүниең түршігеді. Белоруссияны азат етудегі партизандардың ерен ерлігі тарих бетіне алтын әріптермен жазылған. Мен осы жерде Белоруссияны азат еткен азаматтардың арасында қазақтың партизан қызы Нұрғанымның болғанын әркез айтып жүремін. Оның жауға қарсы жұмсаған ерлігі мен ерен қимылы талай жұртты тәнті еткен. Біздің Нұрғаным Бекенқызы қасиетті Жайықтың Бөкей ордасының түлегі еді. Әке-шешеден ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс басталғанда Орал қаласындағы №4 қазақ орта мектебін және саз мектебінің скрипка сыныбын бітіріп еді. 18 жастағы талшыбықтай нәзік, айдындағы аққудай аққұба қыз болатын.
Ол соғыс басталған күннен бастап майданға аттануға тілек білдіргеніне мен өз басым куәмін. Бірақ оның тілегі 1942 жылы мамыр айында орындалды. Радистер даярлайтын курста білім алуға жіберілді. Білім мен білік тең түспеген жерде жауға қарсы күресемін деу күпірлік болады. Сондықтан да болар, қайсар қыз тәулігіне 12 сағат дәрісханада отырып, радист мамандығының қыр-сырын жан-жақты меңгеруге ұмтылды. Сонымен қатар, ол бұл курста жүргенде әскери жарлықпен де танысып, қару-жарақ қолдану тәсілдерін де үйренді. Соның нәтижесі болар, Нұрғаным үздіктер қатарынан табылып, партизан құрамаларының бас штаб бригадасына жолдама алды, – дейді қарт майдангер.
Сөйтіп, ол 1943 жылдың шілдесінде Белоруссияның Могилев облысының аумағына бет алады.
Бұл жердегі бірнеше құрама партизан отрядынан тұратын бригаданың байланыс торабы кенеттен үзіліп қалған екен. Себебін барлай келгенде, радисі оққа ұшыпты. Соның орнына Нұрғанымды жіберіпті. Оның арқасында парашют пен рация, иығында автомат. Ұшақ ішіндегі командирдің жерге секіру туралы тапсырмасын күтіп отыр. Бұйрық берілген кезде ол орман ішіне қарай қырандай шүйілді. Сәлден кейін құс қанатындай болып парашют жазылып, қалықтап келе жатқан. Көз ұшына бір жылтыраған сәуле түсті. Қара жерге табаны тигенде ол сәуледен адасып қалды. Компасын қанша түзегенмен діттеген жеріне жете алмай, үш күн бойы қалың орманды шарлап, ақыры, партизандар бригадасына қосылды.
Ол Белоруссияның жоғарыда айтқан Могилев облысының Рублянск ауданының қалың орманында Кеңес Одағының Батыры Сергей Жунин басқаратын 15-ші партизан отрядының 8-ші бригадасына радист болып жауынгерлік міндетіне кірісіп кетеді. Оның алған білімді іс үстінде көрсетуінің нәтижесінде жау әскерінің талай ошақтарының ойраны шығады. Могилев, Борисов, өзге де стратегиялық маңызы бар қалалардан Нұрғаным алған ақпарлар өз нәтижесін беріп, біздің ұшақтар дұшпанның үрейін алып қана қоймай, жүздеген техникасын істен шығарып, солдаттарын жер жастандырады. Осы арада немістердің күйрей жеңілуіне ерекше үлес қосқан, Украина мен Белоруссия жерінде қаһармандық танытқан 374 мың партизанның қатарында Нұрғаным Байсейітованың болуы – қазақ халқының мерейін сол кезде де, одан кейінгі бейбіт жылдарда да өсіргенін айта кетуіміз керек.
Оның артында қалдырған, рухани мұра болып саналатын естеліктеріне үңілсеңіз, көп жайға қанық боласыз. Сөзіміз жалаң шықпасын, сәл шегініс жасап, журналист Ақмаржан Таубаеваның ол туралы жазған “Нұр-апасы Жайықтың” атты сырласу кітабын парақтағанда, ержүрек қыздың бүкіл жан дүниесін ұғасың. “Біз бүтін елдің намысы – Отанның намысы дегенге адал сенген, соған қызмет еткен ұрпақтанбыз ғой. Өз жеке намысың бір бөлек нәрсе. Бірақ түптің түбінде өзіңнің ар-намысыңды ойласаң, ол сенің қазақ деген халқыңды ойлағаның екен. Қанша ауыр болса да елім деп шарт байлаған соң сол бейнетке төзіп жүргеніме қуандым. Қазақ атына кір келтірмесем, деп “Жамбылдың немересімін” дегенді де естен шығармай өттік.
Сол кездегі намыс дегеннің күштілігі болар, Белоруссияның орталық музейі 70, 75 жасыммен құттықтап, талай кездесулерге де шақырып жатты. Жеңіл-желпі қыз болсам, Белоруссияға, оның мұражайына қандай қажетім бар”, – дейді де: “...қырғын ортасында жүріп, нақақ өліп жатқан сәбилерді, қарттарды көріп, “Егер мен тірі қалсам, сүйген адамыма қосылсам, табиғат маған қанша бала берсе, сонша өсіремін!”, – деп армандадым, өзіме шарт қойдым. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген, тірі қалдық”, – деп бір қайырып алады да артынан ойын қайта сабақтайды. “Мен тоғыз бала көтеріп, өсірген анамын. Тұңғыш ұлым Абаймен, келін балам Орынтаймен бірге тұрамын. Қанипа, Күләш. Баян, Сұлу, Маржан деген балаларымның бәрінен де немере сүйдім.
Сол бір отты жылдарда мен бүгінгідей немере сүйемін деп ойладым ба?
Біздің отбасының әкесі Сәти Иманғалиев та соғыста десантшы болған, соғыстан соң есеп қызметкері болып жұмыс жасаған, өте қабілетті адам еді”, – дейді.
Тұңғышым деп бөле-жара айтқан Абай Сәтиұлы Батыс Қазақстан өңіріне белгілі азаматтардың қатарында. Талай жылдар облыстық дәрежедегі лауазымды қызметтер атқарды. Қазір Ақжайық ауданының әкімі.
Иә, радиограммалық толқындағы аты Нина-Нұрғаным рация арқылы берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап отыратынына мына бір оқиға және дәлел бола алады. 1943 жылы күтпеген жерден бригада бекінісіне қауіп төнеді. Нұрғаным рация арқылы мұны өзге отрядтарға хабарлап қана қоймай, өз рациясын қаға беріс жерге тығып үлгереді. Сөйтіп, төнген қауіп сейіледі.
Тағы бірде басқыншылардың негізгі стратегиялық күші болып табылатын темір жол рельстерін істен шығару жөнінде тапсырма алады. Оны да ол мүлтіксіз орындайды. Соғыстың соңғы 3 жылында 11 мың жау эшелондары рельстен шығарылып, көздеген мақсаттарына жете алмайды.
Украина мен Белоруссияда жазалаушы отрядтардың болғаны мәлім. 8-ші партизандар бригадасы олармен де қиян-кескі күрес ашып, өз бағыттарының түзу екенін дәлелдеп отырған.
Қашанда жау тылында жұмыс жасау кімге оңай болған дейсің. Қаршығадай қыз бұл сынақтардан да сүрінбей өте біліпті.
– Радист Нұрғаным Байсейітова жауынгерлік тапсырмаларды әркез үздік орындап отырды. Біз көбіне батыр атағын алғандар туралы айтып жатамыз. Сол батырлардың қасында жүрген Нұрғаным секілді батыр қыздардың ерлігін қалай айтсаң да жарасып тұрары анық. Сан түрлі толқын арқылы жұмбақтап, тұспалдап хабар беріп отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жағынан келгенде Нина-Нұрғанымның тәсілі соғыс кезінде талайды тамсандырғанын білеміз. Кез келген азаматпен иықтаса алатын ержүрек қыздың сұрапыл соғыстағы ерлігі мен еңбегі “Қызыл Жұлдыз”, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, оннан аса медальдармен аталып өтсе, 1991 жылдың қараша айында Белоруссия Жоғарғы кеңесінің шешімімен “Белоруссия партизаны” деген белгі тапсырылып, бейбіт күнде үлкен құрмет көрсетілген болатын. Мұның өзі ерлікті ұмытпаған елдік іс еді.
Сұрапыл соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Нұрғаным Бекенқызы жас ұрпақ тәрбиесінің төрінен табылды. Өнегелі отбасының ұйытқысы болды. Партизан жорығындағы өткен жолын, тыныштықтағы мінсіз қызметін жоғары бағалаған Жайық өңірінің жұртшылығы жауынгер ана өмірден өткен соң мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатты.
Осы жерде ойыма майдангерлердің мына бір сөзі түсіп отыр. “Мәншүкпен мен түйдей құрдаспын ғой. Ол – қазан, мен наурыз айында өмірге келгенбіз. Жиырма жасында қыршын кеткен Мәншүк рухына әркез тағзым етіп жүремін!”, – дейтін. Орал қаласында батыр қыз Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражайы бар. Осы мұражайдың жанында бір кездері жауынгер қыздар тұрған “Фронтовичка” атты клуб жұмыс істеген. Нұрғаным соның тыныс-тіршілігіне белсене қатысып қана қоймай, сахна төрінде тұрып әуелетіп ән де салған. Заты қыз болса да қан майданда өмірінің әр минутын қатерге тігіп, жасқанбай жүріп жасымай қайсарлық танытқан, бейбіт күнде елдік іске ұйытқы болған Нұрғаным Бекенқызының әр сәтін мен қаһармандыққа балаймын, – дейді Рафхат Галимуллин қазақтың қайсар қызы, кейін ақылды ана дәрежесіне көтерілген замандасы туралы ағынан жарылып.
Біз осы мақаланың бастауына қазақ қызының қадір-қасиеті туралы әңгімені желі етіп тартқан едік. Шынында, ұлылық та, батырлық та – тектіліктен. Қазақтың қанындағы тектілік қандай қилы кезеңде де, сын сағатта да абырой биігінен көрсетіп, басын тік ұстатып, анау-мынауды мысымен ықтырып келеді. Кешегі сұрапыл соғыста да солай болды. Арындаған жаудың артынан ойран болған ордасына ту тіккен қазақтың ұлы Рақымжан Қошқарбаев екені дәйектеліп отыр.
Нарыннан шыққан қаршығадай Нұрғанымның Украина мен Белоруссияның ну орманның ішінде ерлермен қатар жүріп, жаудың қадамын қысқартып, бетін қайтарған ерлігі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталып қана қоймай, Отан қорғаудың үлгісі болып, қалыптасары анық. “Асқан ерлік – ізгі тәрбиеден, озық өнегеден, ұлттың асыл дәстүрлерінен туады. Ер азамат сонда ғана елге қорған бола алады”, – депті сол сұрапыл соғыста досын да, қасын да сүйсіндірген қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы.
Міне, осындай ұлттық тәлімімен, өмірлік өнегесімен артына мол ұлағат қалдырған жау тылының жауынгер қызы, бейбіт күндегі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған Нұрғаным Байсейітова әрқашан жас жеткіншектерге үлгі бола береді. Батыр партизан әлі де болса ел тарихында өз орнын тауып, лайықты бағасын алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сүлеймен МӘМЕТ.
ҮМІТ ҮЗІЛМЕЙДІ ЕКЕН...

Екінші дүниежүзілік соғыс кешегі Кеңес Одағындағы елдердің отбасыларына қаншама қайғы-қасірет әкелгені белгілі. Ана баладан, бала әкеден, ару жарынан айырылған сол зұлмат жылдардың зардабы Отанымыз Қазақстанды да айналып өтпеді. Елімізден майдан даласына аттанған бір миллионнан астам сарбаздың елге тең жартысына жуығының ғана оралуын еске түсірсек, қанша отбасының шаңырағы ортасына түсіп, бозінгендей боздағанын бағамдау қиын емес. Ал хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің отбасы мен олардың ұрпақтары әлі күнге дейін үміттерін үзбей отыр. Не тірісінен, не өлісінен бейхабар, көкіректегі сағыныштары күн өткен сайын сыздай түсіп отырған жандар әлі де жетерлік. Оларды жыл сайынғы Ұлы Жеңіс күні жақындаған кезден жылт еткен үміт оты бір дерек болып қалар ма екен деген ой жетегіне алып кетеді. Бауырын іздеген осындай азаматтың бірі Балқожа Оспанұлы ақсақал.
Балқожа Оспанұлы редакцияға Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Тасты-Талды ауылынан келіпті. Ол өзінің немере ағасы Исқақұлы Ақкемеден күні бүгінге дейін хабар болып қалар ма екен деп елегізіп жүреді екен. 1939 жылы әскер қатарына Ақмола облысы, Есіл аудандық әскери комиссариатынан аттанған Ақкеме Исқақұлы алғаш Иванов облысы, Ковров қаласында полк мектебіне түседі. Осында әскери жаттығулардың қыр-сырына қаныға бастаған ол 1940 жылдың 26 наурызында ағасы Зейдекеге сағынышқа толы хат жазады. Содан кейін соғыс басталған күннен бастап ұрыс даласына бет алған майдангер 1942 жылдан хабарсыз кетеді. “Ағам өте сауатты адам болыпты. Оның әскерге алынар алдында 1938 жылдың 27 маусым күні өз қолымен толтырған жеке іс-парағынан 1933-34 жылдары ауком комсомол бюросының мүшесі мен аталған комитеттің пионер бөлімінің меңгерушісі болғандығын көрдім. Сонымен бірге түрлі әкімшілік салаларда экономист, статист болып қызмет істеген. Өзі 1916 жылы өмірге келгенін ескерсек, бар-жоғы 23 жасына дейін осындай қызметтер атқарып үлгерген ағам жайында, өкінішке орай, 1942 жылдан оның өлі, не тірі екендігі жайында хат-хабар болмады. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай “Қазақ энциклопедиясының” Бас редакциясы дайындаған “Боздақтар” кітабының Торғай облысы сериясында “Исқақұлы Ақкеме 1915 жылы туған, қазақ. Есіл АӘҚ-тан шақырылған жауынгер. 10.02.1942 жылы хабарсыз кеткен” деген ғана дерек бар. Басқа ештеңе жоқ” – деген қария сөзін үміт желкеніне қарай ойыстырды. – Басқаны қайдам, Ұлы Жеңіс күні жақындаған сайын менің кеудемді үміт оты кернейді. Ағамнан бір хабар келіп қалатындай болады да тұрады. Аға басылым “Егемен Қазақстан” арқылы ағаммен қарулас болған жауынгерлер мен олардың ұрпақтарының бірінен бір дерек бола ма екен деп келген бетім осы еді, – деп сөзін түйіндеді Б.Оспанұлы. Артында тікелей ұрпағы қалмаған жанның өзінен бүгінге дейін хабар болмауы мені қатты мұңайтады, – деп күрсініп те қойды.
Иә, адамнан үміт шіркін үзілген бе? Балқожа ақсақалды сонша жерден редакцияға сергек күйде алып келген де осы үміт қой.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
РЖЕВ ҚАЛАСЫНДА БОЛДЫ
Ржев қаласында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ықпалымен қала мэрі Александр Щетининнің Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Александр Дубовенкомен кездесуі болып өтті, деп хабарлады ҚР-ның РФ-дағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Сұхбаттастар Ақтөбеде жасақталған қазақстандық 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы жауынгерлерін мәңгілік есте қалдыру шаралары мәселелерін талқылады. Қазақстандықтарға ескерткішті Ржев қаласындағы мемориалдық кешен аумағына орнату жоспарланып отыр. Монументтің эскиз-жобасын қазақстандық дизайнерлер жасаған. Оны ашу үстіміздегі жылдың қыркүйегіне белгіленген.
Ақтөбе делегациясының сапары барысында жергілікті мердігер ұйыммен құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша келісімге қол қойылды. Меймандар сондай-ақ жоспарланып отырған ескерткіш орнын көріп, “Ржев ұрысы” музей-диорамасын тамашалады.
100-ші және 101-ші бригадалар Ржев маңындағы соғыс қимылдарына белсенді қатысқан болатын. 1941 жылдың күзі мен 1943 жылдың көктемі аралығында қала неміс-фашистері әскерлерінің қол астында қалып келді. Ржев-Вяземь қорғаныс шебінің желісі де осы жерден өтіп, бұл арада кескілескен ұрыстар болған-тын.
АРДАГЕРЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ
Жыл сайын Жеңіс күніне орай “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Қазақстан мен ТМД елдері аумағында жолаушы пойыздарында тегін жол жүру мүмкіндігін жасап келеді. Игі дәстүрді жалғастырған темір жол компаниясы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай қарт майдангерлерге биыл ерекше сый көрсетуді ұйғарыпты. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 1 мамыр мен 31 желтоқсан аралығында, яғни биылғы жылдың соңына дейін қалааралық пойыздардан басқа, барлық облысаралық жолаушы пойыздарының купе, плацкарт вагондарында еліміз аумағында тегін әрі еш шектеусіз жол жүруге мүмкіндік туғызып отыр. Аталмыш шараға қатысты шығындарды компания өз мойнына алуда. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен қарастырылған қаржыға ардагерлердің 2010 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық аймағына және өздерінің қалауы бойынша ТМД-ның кез-келген еліне бір рет тегін барып-қайту мүмкіндіктері бар.
“Қазақстан темір жолы” АҚ арқылы тегін билет алу үшін ардагерлер мен соғыс мүгедектері немесе олардың арнайы өкілдері темір жол вокзалдарындағы “Жолаушылар тасымалы” АҚ құзырындағы кассаларға келіп жеке басының және соғыс ардагері куәліктерін көрсетсе жеткілікті. Ардагерлер үшін тегін жол жүру билеттерін ресімдеу әдеттегідей кезексіз өтеді. Ағымдағы жылдың мамыр айының 3-і мен 12-сі аралығында жолаушы пойыздарымен тегін жүру билетімен сапарға шыққан ардагерлерге арнайы вагон-мейрамханаларда ақысыз тамақтануға мүмкіндік жасалған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.