
Аңшыны көрген киік те орнында тұрып қалады. Бұйралана біткен алтын түгі құлпырып, қос мүйізі күнмен шағылысып жалт-жұлт етеді. Ойда жоқта киелі жануармен кездескен мергеннің де дегбірі қашып, көп ойланбай оны нысанаға алып, басып қалады. Оқиға осылай қоюлана түседі. Осы шығарма маған қатты әсер етті. Бірақ ол кезде ертегінің авторы кім екенін білген емеспін. Әжем секілді бір кісі шығарған болар деп ойладым. Сөйтсем, осы туындының авторы Сейітжан Омаров екен.
Биыл белгілі жазушының туғанына 115 жыл толды.
Ол кісі қазіргі Ақмола облысы Атбасар ауданындағы Керегетас ауылында өмірге келген. Әкесінен жеті жасында жетім қалған жеткіншек туған ауылындағы бастауыш мектепте сауатын ашады. Одан соң Атбасар қаласындағы жетіжылдық орыс-татар мектебінде оқиды. Бала күнінен білімге құштар жас өзін ілгері жетелеп, Қостанай халық ағарту институтын тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолы ұстаздықтан басталып, жергілікті жауапты орындарда жұмыс істейді. Журналистік жолға түсіп, аудандық және облыстық басылымда қызмет атқарды. Алғашқы өлеңдері облыстық, республикалық мерзімді баспасөзде жарияланып, көпшілікке танылды.
1937 жылы Алматыға келіп, Қазақстан Жазушылар одағына қызметке орналасады. «Бақыт» аталған тырнақалды кітабы 1938 жылы жарық көреді. Суреткер сұм соғыстың да сазды балшығын кешіп, майдан даласындағы «Вперед, на врага» газетінің қызметкері, рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болады. Кейінірек жазушы соғыс тақырыбы туралы бірнеше шынайы шығарма жазды.
Міне, алыс ауылда туып, жетімдіктің мехнатын шегіп, сол кездегі қоғамдағы түрлі формацияны көріп, ақыры қанды қырғынның да ащы дәмін татып, текті тамыры мен салмақты қалыбынан айнымай, тірліктен өз жолын таба білген табанды тұлғаның өмір жолы – кімге-кімге де үлгі боларлық өнеге.
Қазір балалар әдебиеті кенжелеп қалды деп жиі айтамыз. Әрине, оның да түрлі себебі бар шығар. Алайда қазақ балалар әдебиетінің басында тұрған қаламгерлердің бірі Сейітжан Омаров болды десек, артық айтқанымыз емес. Жазушы шығармаларының басым бөлігі балалар өміріне арналған. Ол туындыларда автор жасөспірімдерді отансүйгіштікке, ерлік пен батылдыққа, достық пен бірлікке, рухани тазалық пен пайымды парасатқа үндейді.
Оның жеткіншектерге арналған кітаптарынан көпсөзділік, оқиғаны қолдан қиюластыру, шытырман ой іздеу секілді басы артық дүниелер кездеспейді. Композициялық құрылымы, сюжет құру шеберлігі, кейіпкерлерінің көркем бейнелілігі, әсіресе төгілген тілі оқырманды жетелеп отырады. Түрлі әдеби тәсілді сәтті қолданады. Бір ғана «Абай сөзі» деген шағын әңгімесін алайық. Қысқа ғана, әрі кетсе 4-5 бет. Қаламгер өз балалық шағынан сыр шертеді. Бірде кешкілік үйіне алыстан ат арытып Серкеш деген жездесі келеді. Ол әкесінен айырылып, көңілі қамығып жүрген кішкентай баланы мүсіркеп, маңдайынан иіскеп, екі бетінен алма-кезек сүйеді. Дастарқан үстінде Абай туралы әңгіме айтады. Серкеш жездесі хакім ақынның барлық өлеңін бір дәптерге көшіріп алып, оқып жүр екен. Оған бәрі таңғалады. Баланың әжесі мен апасы Абай туралы құштарлана сұрайды. Ас ішіліп болғаннан кейін Серкеш қалың қара дәптерді қолына алып, сығырайған жетілік шамның жарығымен өлеңді оқуға кіріседі. Енді мына үзіндіге қараңыз. «Абай сөздері менің де құлағымa жағып барады. Оқыған сайын көкірегім ашылып, елігіп, құмарта түстім.
– Бұл өлеңдерді оқыдың деп молда балама дүре соқпай ма? – деп әжем Серкештің бетіне жаутандай қарады. – Молдадан жасырып оқы, кірлетпей ұста... – Көрдің бе? «Ғылым таппай мақтан ба», дейді Абай. Ол – дана адам. Онысы: оқы, үйрен, өнер тап дегені. Оқысаң, қор болмайсың. Серкештің бұл айтқаны менің көкейіме қонып, көңіліме жағып кетті. – Абайдың осы өлеңдері менің саған тартқан сыйым болсын, – деді Серкеш. – Қағаз тозады, өшеді... Жаттап, көкірегіңе жазып ал! Мен үнсіз басымды изедім...» Бар болғаны осы. Алып-жұлып бара жатқан оқиға жоқ. Аңғара білсеңіз, автор там-тұмдап зерделі ой айтады. Жазушы қысқа жанрға өте шебер. Қолтаңбасы да дара. Әрине, мақалада кейіпкеріміздің барлық туындыларын талдау мүмкін емес. Қаламгердің өзі ғұмыр кешкен дәуірді бейнелеген кітаптары жайында кезінде сыншылар жоғары бағасын берген. Ұжымдастыруды қозғаған «Қызыл ай» романы жайында да салмақты ой айтқан. Сонымен бірге суреткердің аудармашылық қыры да бір төбе. Әлем және орыс классиктерінің туындыларын ана тілімізге мөлдіретіп тәржімалаған.
Ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызмет атқарған қаламгердің адами болмысы мен кісілік келбеті жайында замандастары мен інілері де тамылжытып жазған. Айталық, Әзілхан Нұршайықов: «Ешбір жазушы өзін өзгеден кеммін деп ойламайды. Артықпын деп есептейді. Ал Сейітжан ағамыз өзін де, шығармасын да өзгеден биік қойған емес. Бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүрді. Сол үшін де халықтың сүйіктісі болды» десе, ғалым-публицист Жұмағали Ысмағұлов: «Мінезге бай кісі еді. Оның бой-басының мәдениеті, сабырлы, салиқалы адамгершілігі, биязы, жұмсақ парасаты өзі қатарлы замандастарына да, жасы кіші ұрпаққа да үлгі-өнеге еді», деп сыр толғайды. Профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Алдына келгеннің ғана емес, алыстан айбат шеккендердің де тілін тауып, сабасына түсіретін мәмілегерлігі, салмақты мінезімен-ақ, асаулардың аптығын басатын азаматтығы бар еді. Қазір осындай қасиет жетпей жатыр-ау деп қалғандайсың», деп айтыпты. Осыдан-ақ өмірде ғибратты ғұмыр кешкен сыршыл суреткердің жаны нұрлы, ішкі мәдениеті жоғары парасатты тұлға болғандығын байқаймыз.