15 Наурыз, 2014

Ұлттық құндылықтар сарапталды

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитеттің алтыншы отырысы болды. 2003 жылы Парижде қабыл­данған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Конвенция 2011 жылы 23 желтоқсанда Қазақстан тарапынан мақұлданған болатын. Осыған байланысты ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша еліміздің Ұлттық комиссиясы жанынан Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жө­ніндегі ұлттық комитет құрылды. Елбасының 2003 жылғы Қа­зақ­стан халқына Жолдауы негізінде дүниеге келген мемлекеттік «Мә­дени мұра» бағдарламасы шең­­берінде өшкеніміз жанып, жо­ғалғанымыз жаңғырды. Мәдени мұраларымызды жинау, жүйелеу жолында материалдық нысандар басты назарда болып, рухани құндылықтарымыздың кейбірін елеусіздеу қалдырғанымыз рас. Соған қарай, 2013 жылы 29 сәуірде Үкіметтің №408 қау­лы­сы­мен «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сында Материалдық емес мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама» қабылданды. Тұ­жырымдаманың мақсаты – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, дамыту және насихаттау үшін қолайлы жағдайлар жасау болып белгіленді. Мәдениет министрлігі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жө­ніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мә­дени мұраларды қорғау жө­­нін­дегі ұлттық комитетінің ұйым­дастыруымен өткен басқосуда адам­заттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізі­міне және ЮНЕСКО-ның жедел қорғау тізіміне енгізу үшін ұлт­тық өтінім беру жөнінде мәсе­ле­лер қаралып, оған еліміздің құн­ды­лықтары болып саналатын негізгі номинациялар ұсынылды. Олар: «Бүркітпен аң аулау» мен «Дәстүрлі асық ойындары» (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), «Қазақ зергерлік өнері. Күмісті өңдеудің дәстүрлі өнері» (М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты және Қазақстан Қолөнершілер одағы), «Батырлар жыры» мен «Қыз Жібек» эпосы (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты), «Қобызда ойнау өнері» мен «Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері» (Қазақ ұлттық Өнер университеті), «Домбыра аспабын жасау өнері» (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақстан Қолөнершілер одағы) мен «Қорқыт ата күйлері» (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті). Отырысқа Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жө­ніндегі ұлттық комитеттің төр­ағасы Әлібек Асқар, комитет мү­­шелері, академик Сейіт Қас­қа­басов, ғалым Шәкір Ыбыраев, са­рап­шы-ғалымдар – Сауытбек Аб­драхманов, Саида Еламанова, Ди­хан Қамзабекұлы, Серікқазы Қорабай, Евфрат Мамбеков, Жан­ерке Шайкөзова, Баймұрат Ос­панов сияқты сала мамандары қатысты. Іс-шара барысында әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің доценті Сәбира Құл­сариева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының доценті Серікқазы Қорабай, Қазақ ұлттық Өнер университетінің лаборатория меңгерушісі Базаралы Мүптекеев, профессор Саида Еламанова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің профессорлары Бай­мұрат Оспанов пен Жанерке Шай­көзова мен Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті Ғабит Тұяқбаевтар аталған номинациялар бойынша жеке-жеке деректі фильмдерді көрсете отырып, әр құндылықтың мән-маңызына тоқталып, кең көлемде түсінік беріп өтті. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».