15 Наурыз, 2014

Дайындық ұлттық ауқымдағы сипатқа ие

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
100-851Бұдан бұрын хабар­­ла­ға­ны­мыздай, Халық­аралық көр­ме­лер бю­росының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лос­серталес Астанаға жұмыс сапарымен келген болатын. Кеше Орталық ком­муника­циялар қыз­метінде Бас хатшы брифинг өткізді. Оған сонымен бірге, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары, Сыртқы істер ми­нис­трінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төр­аға­сы Талғат Ермегияев қа­тысты. Брифингті кіріспе сөзбен ашқан Рәпіл Жошыбаев Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысына осы уақытқа дейін Астанада Халықаралық көр­мені өткізуге дайындық барысында көр­сеткен көмегі үшін ал­ғыс айтты. Сонымен бірге, ол биыл­ғы жылғы маусым айында өте­тін ХКБ Бас ассамблеясының 155-сес­сиясында Қазақстанға ЭКСПО көр­месін өткізуге құқық бе­ретін Ха­лық­аралық көрмелер бюро­сының Туы тапсырылатынын, со­дан кейін еліміз көрмеге қаты­сатын елдерді шақырумен тікелей айналысатындығын атап көрсетті. Өз кезегінде сөз алған ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстанға келген жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Серік Ахметовпен, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровпен, Астана қаласының әкімі Иманғали Тас­ма­ғамбетовпен, Халықаралық ма­мандандырылған көрменің комиссары Рәпіл Жошыбаевпен, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ер­мегияевпен нәтижелі кездесулер өткізгенін атап көрсетті. Одан әрі ол «Астана ЭКСПО-2017» шын мә­нінде Қазақстанның ұлттық жобасына айналғандығын айтты. Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмеге дайындық барысында Астанада жүзеге асыруға бел­­гіленген шаралар ұлттық ауқым­да сипат алуда. Бұл көр­менің посткеңестік кеңістікте өткізілгелі отырған халықаралық ау­қымдағы осындай бірінші көр­ме екендігін атап көрсетіп, осы­ған сәйкес жү­зе­ге асырылатын бір­қатар техни­калық сипаттағы мә­селелерді тілге тиек етті. ЭКСПО – белгіленген үш ай мерзімде өткізіліп, сонымен оған қатысты мәселелердің барлығы біте салатын шара емес. Бұл елдің ертеңгі дамуына түбегейлі әсер ететін маңызды мәселе. Екінші бір атап көрсететін жай, ЭКСПО-ның барлық элементтері бел­гі­ленген шеберлік жоспарда және архи­тектуралық шешімдерде көрі­ніс табуы керек. Олардың үйле­сімділігі өте күрделі мәселе. Осы­ған байланысты атқарылатын істер де ауқымды. Көрме қалашығының тұ­ғыры болып саналатын қазақ­стан­дық павильон, бұл тек қана «Бо­лашақтың энергиясы» көрі­ніс та­батын тақырыптық павильон ғана емес, сонымен бірге ол Қа­зақстанның тарихын, мәде­ниетін және ұлттық салт-дәстүр­лерін паш ететін орталық. Енде­ше Қазақстан павильонының құ­ры­лысы, архитектуралық шеші­мі осындай ауқымды да жоға­ры талаптарға сай болуы тиіс. Бас хатшы өз сөзінде ЭКСПО көр­месін өткізуге дайындық бары­сында Астана қаласында жү­зеге асырылып жатқан инже­нер­лік-коммуникациялық ин­фра­құрылымдық шешімдерге дән риза екендігін атап көрсетті. Со­нымен бірге, ХКБ Бас хатшысы ЭКСПО-2017 Халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесін өткі­зуге дайындық барысындағы ке­зең және оны ойдағыдай өткі­зу Қазақстан үшін инвестиция тартудың мол мүмкіндігі екен­дігін тілге тиек етті. «Мен ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақ­стан Республикасы үшін бола­шақ дамудың катализаторы бола­тындығына сенімдімін», деді өз сөзінде Висенте Лоссерталес. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев өз сөзінде Қа­зақ­стан павильонын салу, көр­ме қалашығындағы этноауыл құ­рылысы мәселелерін тілге тиек етті. ЭКСПО-2017 көрме қала­шы­ғына бөлінген 174 гектар аумақ­та мамыр айынан бастап құры­лыс жұмыстары жүргізіле бас­тайды. Төрағаның айтуы бойынша, Үкімет инженерлік-коммуникациялық жүйелерді және Қазақстан павильонын салуға ғана қаржы жұмсауы керек. Ал көрме қалашығындағы қонақ үйлер, сауда орталықтары және басқа нысандарды салуға инвестициялар мен жеке инвес­торлар тартылуы керек. Сонымен бірге, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере келіп, көрме қалашығының құрылысын салуға бір ғана бас мердігер ұйым аздық ететінін атап көрсетті. Көрме қалашығындағы 1 миллион 300 мың шаршы метр құрылыс көлемін игеруге бір бас мердігердің шамасы жетпейді. Сондықтан көрме қалашығының құрылыс алаңында кемінде 3-4 бас мердігер ұйым болмақ. ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев «Маусым айында көрме Туын алғаннан кейін еліміз көрмеге қатысатын елдерді шақыра бастайды. Бірінші кезекте, ХКБ-ға мүше мемлекеттерге шақыру жіберіледі. Сонымен бірге, ХКБ-ға мүше емес АҚШ, Үндістан сияқты мемлекеттер де бар. Олар көрмеге қатысуға ниет білдіруде. Сондықтан біз оларға да шақыру жолдайтын боламыз», деді. Сондай-ақ, Рәпіл Жошыбаев Қазақстанда таяу болашақта дамыған 50 мемлекет­пен визасыз режім тәртібін енгізуге дайындық жасалып жатқандығын айтты. Брифинг барысында оған қатысушылар журналистер тара­пынан қойылған көптеген сұ­рақтарға жауап берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».