15 Наурыз, 2014

Футбол: «Қайрат» өз алаңында «Атыраудан» жеңілді

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

09-01-14-islamhan

Бүгін, 15 наурыз күні футболдан Қазақстан премьер-лигасы чемпионатының бірінші туры ойналды. Ол Алматыда жергілікті «Қайрат» және «Атырау» командалары арасындағы ойынмен аяқталды. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады. Кездесу 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Матчтағы жалғыз голды 31-минутта Угандадан шыққан 24 жасар германиялық футболшы Савио Нсереко салды. Екінші таймда Владимир Вайсстың жігіттері ойын тізгінін қолдарына алды. Бірақ мүмкіндіктерін жүзеге асыра алған жоқ. Бұған керісінше қақпашы Андрей Шабановтың сенімді ойынына арқа сүйеген атыраулықтар алаң иелерінің екпіндерін ұдайы басып отырды. Осылайша «Қайрат» қатарынан екінші жыл өз алаңындағы старттық ойында жеңіске жете алмады. Бұдан бұрын Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Семейдің «Спартагын» 2:1 етіп ұтса, Павлодарда «Ертіс» Қарағандының «Шахтерін» 1:0  есебімен жеңді. Ал Таразда жергілікті команданы «Ақтөбе» 2:0 етіп тізе бүктірсе, Қызылордада «Қайсар» Шымкенттің «Ордабасы» ұжымынан 1:0 есебімен басым түсті. Ал Астанада елорда аттас команда мен Талдықорғанның «Жетісу» ұжымдары арасындағы ойында есеп ашылмады. Тағы бір дерек, чемпионат басталар алдында ғана «Ертістің» тізгінін Тармо Рюютли есімді эстон маманы ұстаған еді. Ол 1954 жылы туған. Жаттықтырушылық тәжірибесі жеткілікті. Бұған дейін Эстонияның «Тулевик» (Вильянди), «Флора» (Таллин), «Левадия» (Таллин), «Калев» (Таллин) секілді командаларын жаттықтырған. Тағы 6 жыл елдің ұлттық құрамасының бас бапкері болған. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: Vesti.kz.