18 Наурыз, 2014

АКМЕҚОҒАМ – ізгілік мекені

307 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Музей эскиз

немесе Қазақ елінің бейбітшіл болмысы туралы толғаныс

«Білім және ғылым министрлігі орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акме­ология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын».

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның жаңғыртылуы:

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласынан.

Негізгі анықтама: Акмеологияны – адамның шығармашылық ғұмырына, кәсіптік шыңға жетуіне ықпал ететін факторлар мен заңдылықтарды зерттейтін ғылым, жаратылыстану, қоғамдық және гуманитарлық пәндер тоғысында пайда болған, белгілі бір іс-әрекет саласында адамның жоғары дәрежеде акме дамуы жөніндегі ғылым. Кемелденуді өздігінен білім алу, өзін өзі түзеу, өзін өзі басқару құралдары арқылы өзін өзі жетілдіруге қабылеттілік деп қарастырады. Акмеқоғам – адамзаттың бағзы замандардан арман етіп келе жатқан қоғамы. Адамзат тарихындағы ақыл-ой алыптары Сократ, Аристотель, Құңфудзы, өз топырағымыздан шыққан Әбунасыр әл-Фараби, Абай, Шәкәрім сынды даналарымыз адам бойында болуы тиіс асыл қасиеттерді дәріптей келе, адам өмірінің мән-мағынасы мен асыл мұрат, мақсатын айқындап бергені мәлім. Жалпы, өткен замандардағы барлық ғұламалардың өмірге деген көзқарастары сайып келгенде бір арнаға – адам бойындағы ізгілікті қасиеттер арнасына келіп тоғысып жатады. Солардың барлығы да адамзаттың бақытқа жету жолын осы ізгілік арнасынан көреді. Данышпан бабамыз Әбунасыр әл-Фараби «Бақытқа жету жайында» трактатында: «Адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге халықтар мен қала тұрғындары қол жеткізсе олар бұл өмірде дүние бақытына, басқа өмірде алыс бақытқа жетеді. Бұлар теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер» деп жазған. Әлемдегі әрбір халық сияқты біздің қазақ халқы да бостандық пен бақыт жолында ғасырлар бойы күресумен келгенін тарихтан білеміз. Бақытты заман – қазақ ұғымында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман. Сол бақыт жолындағы күресте халқымыз қаншама қасіретті тағдырды бастан кешкенін өкінішпен еске ала отырып, енді, міне, тәуелсіздіктің ақ таңы атып, бабалар арманының орындалып, шынайы бостандыққа қол жеткізгеніміз үшін бүгінгі ұрпақ Тәңірге мың да бір тәубе айтамыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында білім, оқыту саласының алдына акмеқоғам туралы ілім – акмеология­ны жастар арасында насихаттау туралы тапсырма берілген. Сонымен, акмеқоғам деген не? Жалпы, қоғам туралы әңгіме көп. Біз, кешегі социализм тұсында өмір сүрген ұрпақ, марксизм-ленинизм іліміне сүйеніп, таптық тұрғыдан мынадай жіктеу жасадық: алғашқы қауымдық қоғам, құлдық қоғам, феодалдық қоғам, капиталистік қоғам, социалистік қоғам, коммунистік қоғам, тағысын тағылар. Кейінде, төрт құбыламыз түгел ашылған тұста, қоғамды таптық тұрғыдан емес, өркениеттің өлшемімен өлшей бастағанымызда: дәстүрлі қоғам, азаматтық қоғам, тоталитарлық қоғам, демократиялық қоғам, ашық қоғам, жабық қоғам, тағысын тағылар деп тани бастадық. Мақсат осы қоғамдарға анық­тама беруімізде емес, акмеқоғам туралы білетіндерімізді ортаға салу, бүгінгі тіршілігімізге, оның ішінде Семейге қатыс­ты жағын тілге тиек етуде болып тұр. OLYMPUS DIGITAL CAMERAНұрсұлтан Назарбаев акмеқоғам мәселесін неге көтеріп отыр? Жалпы, Елбасының осы мақаласында бұрын бізге етене жақын емес көптеген сөз қолданыстар мен терминдер самсап жүр. Бұл жаңа дүниенің жаңғырған идеяларынан туса керек. Акмеқоғамның, яғни «үлгілі қоғамның» кейбір өлшемдері мынаған саятын көрінеді: ол капиталға қарағанда, білім рөлінің артуы, шағын және орта бизнестің күшеюі, ғылыми зерттеулер қарқынының күшеюі, ой еңбегінің артып, қол еңбегінің азаюы, білім жетілдіруге шығынның ұлғаюы, әкімшілік орнына интеллектуалдар класы дәрежесінің және кеңесшілер, сарапшылар рөлінің артуы. Міне, осындай жағдайда жұмыс берушілерге қызметкерлердің тым тәуелді болу мәселесі азаймақ. Әрине, акмеқоғам туралы әртүрлі ойлар, сан түрлі көзқарастар болып жатуы заңдылық. Арман мен үміт жүрген жерде күдік те қоса жүрмек. Бірақ, ол қоғамның басты мұраты – ізгілік. Ізгілік мұратынсыз берген білім адамзатты катастрофаға, тығырыққа тіреді. Тәрбиесіз берген білім – қатер (әл-Фараби). Айталық, осы қоғам­дық ілімнің көрнекі өкілі Владимир Вернад­ский қоғам өмірінен соғыс ұғымын жою керектігін айтқан. Алайда, мәселе күн өт­­­кен сайын ушығып барады. Немесе адамдар нәсілі діні жағынан тең болуы керек деген. Ал, қазіргі заманда осы екі мәселеде адамзаттың жауығуы өршімесе, өшпей тұр. Еуроцентристер ежелден ізгіліктің бәрі еуропада, тағылықтың бәрі шығыста деп келген болатын. Білім, ғылым, өркениет ордасы деп аталатын Батыс Еуропада өткен ғасырдың отызыншы жылының соңында соғыс өрті бұрқ ете түсті. Ол бірте-бірте әлемдік қырғынға апарып соқтырды. Гитлер бастаған неміс фашизмі жаңа әлемдік тәртіп орнатпақшы болды. Олардың айтуынша, ол мыңжылдық болу керек еді. Бұл идея 1945 жылдың 9 мамырында тас-талқаны шықты. Фашизм түп-тамырымен жойылды. Керісінше, Шығыс Еуропада өзгеше мәндегі жаңа тәртіп орнады. Югославия, Германия, Чехословакия, Венгрия, Польша, Болга­рия, Албания, Румыния, оларға қоса При­балтиканың үш елі – Латвия, Литва, Эстонияда социализм орнады. Шығыста Қытай Халық Республикасы, Корей Халық-Демократиялық Республикасы социалистік жолға түсті. Бұл, әрине, АҚШ пен Англияға ұнамады, сонымен, екі система арасында «қырғиқабақтық» басталды. Сталин «жолдас» Черчилльді Гитлермен қатар қойды, Гитлерді неміс тілінде сөйлейтіндерді ғана толыққанды нәсіл десе, Черчилльді тек ағылшын тілінде сөйлейтіндерді дәріптейтін нәсілшіл деді. Мұның алдында АҚШ Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастап, адам баласы бұрын-соңды естіп-көрмеген сұм­дық – жүздеген мың жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратқан болатын. Әйте­уір, әлем шиеленіске толып кеткен, бұл адамзаттың дағдарысы еді. Осы кезде ары шыдамаған ғалымдар әлемге жар салды. Ол тарихқа Рассел-Эйнштейн манифесі деген атпен кірді. Бұл адамзат ақыл-ой иелері армандаған Акмеқоғамға қарай жасалған ізгілік қадамының алғашқысы болатын. Осы манифест 1979 жылы КСРО-да «Мир науки» журналының үшінші санында жарияланды. Бұл, әрине, сол кездегі партия және үкімет тарапынан қолдау табуы мүмкін емес болатын, сондықтан жұртшылыққа да насихатталмады. Мұндай жаңалық ол кездегі, әсіресе, партия басшылары үшін аса қауіпті. Себебі, оларға ауған еліне әскер енгізу, әсіресе, Семей атом полигонында жарылыстарды үсті-үстіне жүргізу тіпті де мүмкін болмас еді. Айтар ойымызды аша түсу үшін осы манифеске қол қойған он бір ғалымның бірі, әйгілі философ Бертран Расселдің Ұлы­британия радиосынан сөйлеген сөзі­нен үзінді келтіргенді жөн көріп отыр­мыз. «Мен сіздердің алдарыңызда ағылшын да, еуропалық та емес, Батыс демократиясының өкілі де емес, бұдан әрі өмір сүруіне қатер төнген адамзат ұрпағының өкілі ретінде сөйлеп тұр­мын. Бүкіл әлем қайшылықтарға толы: дүние­де арабтар мен еврейлер, үнділер мен пәкстандықтар, Африкада ақ нәсілдер мен негрлер, қала берді, коммунизм мен антикоммунизм арасындағы алапат тартыстар жүріп жатыр. Әрбір саяси саналы адам қазіргі жағдайда, мүмкіндік болғанша, осы қарама-қарсы күштердің бір жағына шығып кетпей, тамаша биологиялық тарихы бар жан иесінің өкілі ретінде іс-әрекет жасап, өзінің жойылып кетпеуіне күш жұмсауы керек. Жер бетіндегі барша халыққа біркелкі қауіп-қатер төніп тұр. Тек соны түсіну қажет. Сол үшін бәріміз бірігіп, тізе қосып, күш жұмсап, апаттан аман сақтаудың жолын іздестіргеніміз жөн», деген болатын. Әлем мойындаған осы он бір қай­рат­­кердің тағы бірі, осы қозғалыс­­тың президенті, бейбітшілік саласын­дағы Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Ротблат: «Өздеріміздің пікір­талас­та­ры­мызда біз, ғалымдар ретінде жанжалдарды жоюдың жолдарын табуға, жаппай қарулануды тоқтатуға ұмтылдық, егер ол жалғасқан жағдайда барлық адамзат үшін оның міндетті түрде апатты салдары болар еді», – дейді. Осы Рассел-Эйнштейн манифесі қау­лысының елу жылдығын әлемнің бейбітшіл жұртшылығы атап өтті. Оны нақтылы іске асыруды бастаған КСРО президенті Михаил Горбачев болды. Бұл акмеқоғамға бет алудың екінші кезеңі еді. М. Горбачев әлемдік ядролық соғыс қаупін күн тәртібінен түсірді. Никита Хрущев бастаған әйгілі «Кариб дағдарысы» сияқты оқиғалар тарих қойнауына кетті. Сексенінші жылдардан бастап әлемдік социалистік жүйе шайқала бастады. Ескі тәртіпке көнгісі жоқ жаңа ұрпақ өсіп жетілді. Алып Қытайда өзгерістер басталды. КСРО деп аталатын алып империя құлады, одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін заңды түрде жариялай бастады. Қазақстан Республикасының Прези­денті болып сайланған Нұрсұлтан Назар­баев бірден батыл қадамға барып, Семей полигонынан бас тартты. Ол әлемде осындай қуатты қарудан саналы түрде бас тартқан бірінші басшы болды. Бұрын-соңды әлемде мұндай қадам жасалмаған. Бұл тарихи шешімді құптамағандар да болған. Бірақ бұл істің дұрыстығын төреші – уақыт дәлелдеді. Айтулы тарихи шешім Қазақ елінің бейбітшіл болмысын әлемге танытты. Бұл акмеқоғамға қарай адамзат көшінің беталысы Нұрсұлтан Назарбев арқылы бұрылған үшінші қадам еді! Сол үшінші қадамның алғашқы бас­пал­дағы Семейден, яғни Елбасымыздың Семей ядролық сынақ полигонын жабу­дан басталып тұр. Соның белгісіндей Се­мей қаласының Түйемойнақ-Алаш аралында 2001 жылы «Өлімнен де күшті» монументі орнатылды. Ядролық сынақ­қа қарсы қауымның республикалық, халық­аралық жиынын өткізу орталығына айналған осы жерде 2009 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен халық­аралық конференцияда аса маңызды үндеу қабылданды. Әлем елдерін бейбіт өмір ұстанымын бұзбауға шақырған үндеу мазмұны 29 тамыз – ядролық поигон жабыл­ған күнді Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде тану. Қазақстан Президентінің парасатты бастамасымен дүниеге келген үндеу БҰҰ-ның қарауына ұсынылып, бірден халықаралық деңгейде қолдау тапты. Сол жылдары Ва­шингтонда өткен самитте БҰҰ Бас хатшы­сы Пан Ги Мун Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаевты бүкіләлемдік ядролық қару­ға қарсы күрестегі қозғалыстың көшбас­шы­сы болуға шақырып, оған Қазақстан бас­шысының моральдық, этикалық құқық тұр­ғысынан әбден лайық екенін ашық жеткізді. Халықаралық сипатқа ие болған үндеу­дің де тұғыры Семей топырағында тұр. Ол – жаңағы әлемдік деңгейдегі Бейбітшілік алаңына айналған Түйемойнақ аралы. Жыл сайын осы аралда, осы алаңда бүкіл әлемнің бейбітшіл елдерінің өкілдері жиналып, бас қосып, жұмыр Жер тағдырын сөз еткенде тағы бір тарихи сабақтастыққа тәнті боламыз. Дәл осы тұғырлы орынның арғы тарихына бармай-ақ бір ғасыр бұрынғы көрінісіне ой жүгіртіп көрелік. Ұлтының тағдыры мен ұрпағының болашағына алаң­даған Алаш арыстары осы аралда сан қайтара бас қосып, кеңес өткізген. Азат­тық аңсаған Алаш серкелерінің арманы да хал­қына бейбіт күн орнатып, «қой үстіне боз­­­торғай жұмыртқалаған» заман тудыру еді. Алаш арыстарының арман-мұратта­рының Қазақстанның бүгінгі даму үдеріс­терімен үндесуі де бір заңдылықты бай­қатады. Алаш қозғалысының бүкіл саяси платформасындағы мақсат та – ұлтымызды терезесі тең, керегесі кең елдер қатарына қосу болды. Мұндай мұрат-мүддені ұлт лидерлеріне ортақ көзқарастар жақындығы, мүдделер, арман-тілектер ортақтастығы тудырды. Оған алаштықтар арасында осы аралда өткен сандаған басқосулар, пікірталастар, дискуссиялар да себеп болды деп есептейміз. Басы Асан Қайғыдан басталатын ізгілік жолын Алаш қозғалысы кешегі ХХ ғасырдың басында жалпыұлттық сипатқа ұластырды. Ол «Қарқаралы петициясынан» бастау алып, Семейде өркен жайды. Алаш партиясының екінші құрылтайы «Алашорда Үкіметін» жариялап, оның астанасы Семей қаласы болып белгіленді. Алаш қайраткерлері гуманистер ретінде адамның адамға жасайтын қысастығын, зорлығын жан-тәндерімен жек көрді. Ал нағыз ойшылдар ретінде «ізгілік» дегеніміз, әуейі түсінік емес, әлеуметтік ұғым екенін терең бағамдады. Алаш қозғалысына қатысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» деген еңбегінде әділ бағасын беріп, бұл қозғалыстың және оның қайраткерлерінің негізгі мақсат-мүддесі тәуелсіздікке қол жеткізу және демократиялық-ізгілік бағыттағы мемлекет құру болғанын атап көрсетті: «...Осыдан тоқсан жыл бұрын қазақ конституциялық демократтары – кадеттердің өз бағдарламасында заң шығару билігін дума арқылы жүзеге асыруды, елде президенттік институтты енгізуді, тегіне, ұлтына, діни нанымына және жынысына қарамастан барлық азаматтарға сайлауға қатысу құқын беруді, делегаттар сайлауды төте, тең және жабық дауыс беру арқылы жүзеге асыруды ұсынғанын біреу білер, біреу білмес. Байқасаңыз, осыдан тура бір ғасырдай бұрын біз бүгін жүзеге асырып жатқан дүниелер көзделген екен. Бұл – қазақ халқының ұлттық ой-санасының толысуындағы аса бір буырқанысты кезең», деген болатын. Міне, қазақ халқының сол булығып қалған буырқанысты кезеңі Елбасының ерен еңбектерінің арқасында қайта жаңғы­рып отыр. Жаңғыру жаһандық деңгейге ұласып, адамзат баласын ядролық қауіп­тен құтқару бастамасына жалғасты. Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні әлем бойынша елімізде үшінші рет аталып өтті. Оған жер жүзіндегі жетпістен астам мемлекеттен парламент басшылары мен депутаттар, үкімет мүшелері, белді халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, БАҚ өкілдері, танымал саясаткерлер мен ғалымдар қатысты. Осыншама танымал тұлғалардың жер түбінен келіп, Семей төрінде бас қосуы адамзатты ядролық қару қаупінен құтқарудың мейлінше өзектілігін көрсете түсті. 2012 жылғы дү­бірлі митингте Шығыс Қазақстан облы­­сының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Жапония парламентінің депутаты Хи­роюки Морияма Канада, Польша пар­ла­мент­тері депутаттары мен басқа да шет­елдік қонақтардың қатысуымен болашақ «Бейбітшілік мұражайы» құры­лысының құты-капсуласын жерге орнатты. Үкімет деңгейінде қолдау тауып отырған «Бейбітшілік мұражайы» көрме залының құрылысы ойдағыдай аяқтал­­­са, теңдессіз ғимаратқа айналғалы тұр! Биіктігі 35, ені 24 метрлік 5 қабатты мұра­жай «Әлемді аялай білейік» деген ұғымның үздік үлгісін бере алады. Жоба авторларының мақсаты Жер шарының тағдыры адамдардың қолында, адамзат алақанында, сондықтан бүкіл планета қауіпсіздігі – баршамыздың перзенттік парызымыз деген ойды көпшілікке жеткізу. Сол арқылы Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың: «Жер шарын қауіпсіз мекен жасайық!» деген идеясына тамшыдай болсын үлес қосу. Келешекте халықаралық конференциялар өтетін, оған қажетті барлық мүмкіндік қамтылатын бұл мұражай алыс-жақыннан келушілердің көңіліне зор ықпал ететіні анық. Семейдегі аралдың мемориалдық кешенге айналуы – Елбасы идеясының жергілікті жерде де жеміс беріп жатқан­дығының нәтижесі. Қазақстан басшысының аждаһаға айналған полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартқан сәттегі халық қуанышының леп белгісіндей болып орнаған «Өлімнен де күшті» монументі 2001 жылы бой көтерді. Араға 10 жыл салып оның жанынан «Бейбітшілік» стеласы орнықты. Бұл стеланың бір ерекшелігі – қазақ ұғымындағы қарлығаш құстың рөлін сәулет өнеріне алып келуі. Өзгелерге еліктеп көгершінді бейбітшіліктің символы деп жүргеніміз жасырын емес. Қарлығаш пен көгершінді салыстырып көрсеңіз, бейбітшілік белгісіне қарлығаш әбден жақын. Мән беріп қарасақ, қарлығаштай қанатымен су сепкен, адалдық пен тазалықты сүйетін бауырмал құс жоқ-ау, шамасы. Аңыздардағы рөлін айтпағанның өзінде, жайлаудағы шаңырағыңа ұясын салатын қарлығаштың адамға жақындығы оның бейбіт өмірдің тілекшісі екендігін білдірсе керек. 2011 жылы жазға салым Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов­тің Абыралы өңіріне барған жұмыс сапарында ұшып жүрген қарлығашқа көзі түсіп: «Мына жаққа қарлығаш келіпті ғой! Қарлығаштың келгені – осы аймақ экологиясының тазарғандығының белгісі», деп төңірегіндегілерді тың оймен тәнті қылып еді. Осы «Бейбітшілік стеласы» салынумен бірге, бұл арал нағыз мемориалдық кешен кейпіне енді. Алдымен мемориалдық кешеннің мәрмәр қақпасы орнатылып, келушілердің көлік тұрағы белгіленді, асфальт төселді. Стела қарсысына Қазақстан Президентінің 1991 жылы Семей полигонын жабу туралы Жарлығының тасқа басылған нұсқасы қойылған. Жерге түгелдей текшетас төселіп, бірнеше тұсқа декоративті орындықтар орнатылды. Гүлдестелі көгал өсіріліп, электр жарығы тартылды. 2012 жылдың көктемінде алаң ортасынан «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының мәрмәр белгісі лайықты орын тапты. Қазіргі уақытта бұл алаң қала және қала қонақтарының бірден-бір серуендеп қайтатын орны болып тұр. Отау көтерген жастар тобының міндетті түрде атбасын бұрып, қыдырып қайтар жері болып кетті. Міне, Мемлекет басшысының идея­сымен ұштасқан шаруалар жергілікті азаматтардың ынтасымен, облыс әкімі Б. Сапарбаевтың ықпалымен жарасымды жалғасын таба түсті. Осылай әр форум сайын Қазақстан өзінің антиядролық тәжірибесімен ядролық қарусыздану мен оны таратпау мәселелеріндегі бастамасын бүкіл әлемге паш етпек. Соның нәтижесінде, ядролық қарусыз әлем қалыптастыруға арналған халықаралық жиын қонақтары Қазақ елінің бейбітшіл болмысына тәнті болатын болады. Ядролық қарусыз әлем – ол бүкіл адамзат ұмтылуға тиіс ізгілік мұраты, біздің ор­тақ мақсатымыз, ата-бабаларымыз аңса­ған «қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған заман», бүгінгі ғылым тілінде – акмеқоғам. Оған се­мейліктер де бір кісідей атсалыса бермек. Ғалам тыныштығын ту еткен Тәуелсіз Қа­зақстан әлемдік ядролық өрт болмасын деп қарлығаш сияқты қанатымен су сеуіп жүр. Құсмілия НҰРҚАСЫМ, мәдениеттанушы. Қайрат САБЫРБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. СЕМЕЙ. Суреттерде: «Бейбітшілік мұра­жайы» макеті; «Тыныштық ұясы» стеласы. P.S. Биыл «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 25 жылдығына арналған халықаралық ауқымды мерекенің негізгі орталығы Семей болғалы тұр. Сонымен бірге, осы жылдың басында «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы тарапынан «Семей қаласына осы ұйымның Қазақстандағы өңірлік тобының (12 қала) жетекшісі деген дәреже беру» жөнінде ұсыныс келіп түскен.  Демек, бүкіләлемдік маңызы бар осынау бастама аясында Семейге атбасын бұратын маңызды қонақтар қатары бұрынғыдан да арта түспек. Сол себептен, алыс-жақыннан келетіндердің көз тоқтатып, көңіл тұщынтар нысанасы боларлық «Бейбітшілік мұражайы» құрылысы тиісті министрліктерден қолдау тауып, мерзімінде бой көтергені абзал болар еді.