18 Наурыз, 2014

Тоғыз күн тойланады

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Наурыз-1 Өткен жылы Оңтүстік Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өткен болатын. Әр күнге атау беріліп, ұйым­дастырылған тәрбиелік іс-шаралар жалпыхалықтық мерекенің мән-мазмұнын ашуға сүбелі үлес қосты. Облыстың бұл игі бастамасын республикалық бұқаралық ақпа­рат құралдары дұрыс түсініп, игі тірлікті жан-жақтан қолдап жатты. Тіпті,  Пар­­­­ламент Сенатының депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысының бұл бастамасын бүкіл ел аумағында үлгі ету керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, Наурыз мейрамы кең көлемде тойланбақ. Наурыз – жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын, Табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Яғни, халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталып, мерекелік шаралар тоғыз күн бойы жалғасын таппақ. Әрине, әр күн өзіндік ерекшеліктерімен есте қалмақ. Сөйтіп, Оңтүстікте бұл мереке «Тағзым күнінен» бастау алды. Қазақ халқының ескі жыл санауы бойынша көктем осы кезде келеді деп есептелген. Еліміздің батыс өңірлерінде бұл күні көрісу амалы жасалады. «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген халқымыз үшін ата-бабалар рухына тағзым ету маңызды. Оның үстіне биылғы бұл күн аптаның жұма күніне сәйкес келді. Сондықтан, барлық мешіттерде құран бағышталып, жастар Отан қорғаушыларға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Мұнан кейін ұлы мейрам «Алас күні», «Береке», «Көктем шуағы», «Өніс күні», «Жайнау күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні» және «Ұлыс күніне» ұла­­са­ды. Бұл күндері сенбіліктер ұйым­дастырылып, арық-атыздар тазаланады, тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі, облыс басшылары, қала және аудан әкімдері ардагерлермен кездесіп, қарияларға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын өткізеді. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы қарсаңында өмірге келген сәбилер мен олар­дың ата-аналарын құттықтап, шағын сый-сияпаттар жасалады. Жастардың қатысуымен мерекелік автошеру, спорттық жарыс­тар ұйымдастырылып, орталық алаңға жастар жиналып, таңды күтіп, бір-біріне жасаған сыйлықтарын тапсырады. Мерекелердің төресі саналатын Ұлыс­тың ұлы күнін, міне, оңтүстікқазақстандықтар осылай ерекше түрде атап өтпек. Лайым, бұл дәстүр жастарымыздың санасын жаңғыртып, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра берсін. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.