18 Наурыз, 2014

Наурыздағы көше күндері

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өскеменде Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің атында көше бар. Партизан-жазушының құрметіне берілген көшеде төл мерекені тойлау жоралғысы басталып та кетті. Наурыз қарсаңындағы «Өніс» күнінің аясында ұйымдастырылған бұл шараға келген қала тұрғындарының қарасы қалың. Биыл шығыс өңірінде Ұлысты жеті күн бойы жетелі жобалармен жұрт жадына жеткізу жоспарланып отырғанын бұған дейін жазғанбыз. Аты аңызға айналған, соғыс жылдары­н­дағы ерлігі үшін Украина халқы ерекше қадір тұтатын Қасым Қайсенов атындағы көшенің төл мерекесі осылайша босағадан еніп келе жатқан Наурыз мерекесін бастап берді. «Бұл көше Қасым Қайсеновтің құрме­тіне аталған!» атты салтанатты шараға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев та қатысты. Облыс әкімі қариялармен жүздесіп, оларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Батыр бюстіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталған мереке 23 сәуірде Ұлан ауданының орталығы – Қасым Қайсенов кентінде аяқталмақ. 23 сәуір – атақты партизан-қаламгердің дүниеге келген күні. Бір ай бойы жалғасатын Қасым Қайсенов айлығында жастарға еліміздің тарихы мен батыр бабаларымыздың ерліктерін насихаттаймыз, деді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов. Сонымен бірге, Қасым атаның туысқаны Бағлан Райымханов, облыстық ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Жаңабай Әшімов, қалалық жергілікті өзін-өзі басқару комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Игорь Любимов ізгі тілектерін білді­ріп, алғыстарын жеткізді. Жамбыл атындағы облыстық драма театры мен Ұлан аудандық халық театрының шығармашылық ұжымдары қаһарман партизанның өмірінен сыр шертетін қойылымдар ұсынды. Жиылған жұртшылық жауынгерлік асханадан дәм татып, кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған Қасым Қайсенов туралы көрмені тамашалады және зияткерлік ойындар байқауына қатысты. – Жастарымыз Қасым Қайсеновтің шығармаларымен таныс, қаламгердің өмір жолы туралы білетініне де бүгінгі көрмеміз бен ойындарымыз арқылы көз жеткіздік, – деді кітапханашы Ләзипа Шаймарданова. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.