18 Наурыз, 2014

«Айқын тарифі» ашықтыққа негізделеді

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-590«Нұр Отан» партиясы «Айқын тариф» жобасын іске қосып отыр. Бұл жөнінде кеше осы партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің және «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағытындағы сарапшылар тобының бас қосқан отырысында айтылды. Кеңес отырысында энер­гия үнемділігі мен кәсіп­орын­дардағы энергия тиімділігін арттыру мәселесі жан-жақты талқыға түсті. Отырыста сөз алған Ин­дус­трия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау жүргізіліп келе жатқан қуат үнемдеу саясаты тиісті нәтижеге қол жеткізіп отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, ел­дің ішкі жалпы өнімінде энергия жұмсалуы 2008 жылмен са­лыстырғанда 13,5 пайызға азай­ған. Сөйтіп, ІЖӨ энергия жұм­салуының ҮИИДМБ мақсатты көрсеткіші 10 пайыз мерзімінен бұрын орындалғанын көрсеткен. Бұдан басқа, шара ба­ры­­сын­да табиғи монополия субъек­тілерінің қаржы жұм­са­уы­на бақылауды күшейтуге және ин­вес­тициялық бағдар­ламаларды дайындау мен жүзеге асыруды барынша ашық жүргізуге бағытталған «Айқын тариф» жобасы жан-жақты талқыланды. Бұл тариф түрі жеке тұлғаларға арналған коммуналдық қызмет бағасының қалыптасу дең­гейінің ашықтығын арттыруға тиіс, деп күтілуде. «Айқын тариф» жобасы бо­йынша жұмыс екі бағытта жүргізілмек екен. Атап айтқанда, біріншіден, табиғи монополия субъектілері қаржысының жұмсалуына бақылауды кү­­шей­ту жоспарланған. Осы орайда тәуелсіз кәсіби сарапшы­лар­ды қатыстыру да ойласты­рылып, әсіресе, ашық тексеру­лер жүргізе отырып, комму­нал­­дық қызмет көрсету сала­сын­­дағы инвестициялық бағ­дар­­ламалардың дайындалуы мен орындалуына байланысты азаматтық бақылаудың тетігі же­­тілетін болады. Екінші бағыт монополист-компаниялар­­дың жаң­­ғырту мен тарифті өзгерту жос­парына орай тұрғындарды ха­бардар етуін күшейтуді көз­дейді. Мұндай хабардар ету тетіктері ретінде қоғамдық бақы­лаудың құралдарын пайдалану ұсынылып отыр. Осы мәселе бойынша тү­сінік бере кеткен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Эльдар Сыздықов өз ойын былайша өрбітті: «Коммуналдық қызмет бағасы ұдайы өседі, осыған орай тұрғындарда бірқатар сауалдар туындайды. Тариф құрылымы айқындығының деңгейін көтеру үшін біз үнқатысу алаңына сарапшыларды тартуды жоспарлаудамыз, ол жерде әлеумет пен монополист-компаниялар күрделі мәселелерге байланысты пікірлесе алатын болады». Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».