19 Наурыз, 2014

Жүректерде жыр сәулесін маздатқан

487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_2463 Мектеп оқушыларының республикалық Мұқағали Мақатаев оқулары мұзбалақ ақынның туған ауылы Қарасазда өтті. Абайдың жырұйық Жиде­байы сияқты, Мұқағали­дың қара шалғын өлеңді Қарасазы да қазақ жырының бір Меккесін­дей, адамды алыстан баурап тарт­атын қасиетті мекен десек, мүлт кетпеспіз. Мен бақыттымын, Бақытты жерде туылдым. Айналайын Қарасаз, Қасиетінен суыңның! Сенің әрбір бұлағың Менің әрбір қан тамырым емес пе? Қасиетті тұғырым – Қасиетінен суыңның! Осындай ауылда, осындай берекелі-мерекелі ел мен жерде туған ақынның бақытына шүбәсіз сенгендейміз. Қарасаз­дың Мұқағали жырламаған бір қурайы, бір тасы да қалмағандай. Сонымен бірге ол қазағының, халқының ақыны болғаны үшін бақытты еді ғой. Шыннан-ақ, Атырау-Алтай, Алатау-Арқа аралығында Мұқағали жырға қоспаған қазақ жерінің бірде-бір пұшпағы, рухымыз бен діліміздің бірде-бір пұшайманы жоқ екені байтағымызға белгі­лі. Қырықтың бесеуінде жа­­рық сәулемен зарыға қош ай­тысқанға дейін осыншалықты ұлан-ғайыр мұра қалдырып, ұлттың ұстынды ақынына айналған нақ осындай дарқан дарын және сирек. Шынайы ақындық бақыт осындай-ақ болар. Көзі тірісінде мойындалды, өзі кеткесін қас­тер­леніп келеді. Халқының махаббаты Мұқағалиға құлап түсті. Осының бір айғағындай, 10 шақты жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі Мұқағали оқуларына асыққан оқушы өрен­дер наурыздың 13-і күні Қара­сазға атбасын тіреді. Тірі­сінде тойланбағанына наз айтып, болашаққа арыз жазып кеткен ақын­ның шын туған күні де осы көрінеді. Қарасаздың да кәрі-жасының Мұқағали дегенде шығарда жаны ғана басқа-ау. Ақын мұражайының сырлы жәдігеріне айналған «Мен өскен лашық бір бөлмесі», «Су сұраса сүт берген, айран берген қайран жеңгесі», тіпті, «Қарғаның вале­тіндей едірейген» қара мұртқа дейін асыл рухты аңсап келген қо­нақтарға қуанышын білдір­гендей. Мұқағали оқуларын өткізудің аманат парызын Алматы об­лыс­тық білім басқармасы ар­қалап жүр. Оқулардың сал­танатты ашылуында бас­қар­­ма бастығының орынбасары Жаңыл Сүлейменова, об­лыстық мәслихат хатшысы Ермек Келімсейітов және басқалар бұл игі істің еліміздің жас ұрпағын отаншыл рухта тәрбиелеудегі маңызына баса тоқталып, оған қатысушы жас талаптарды жадыра жүзбен құттықтады. Қарасаздың мектеп оқушыларының бұл күнгі кештегі ауылдың алты ауызындай кәделі концерті де көңілден шықты. Ал ертеңгі өнер сайысында жас талаптардың да қанаттары талмай, биікте самғай білгенін айтқан ләзім. Республиканың түкпір-түкпірінен келген 29 жас өрен екі кезеңде алты түрлі атаулы сынға түсті. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп айдарланған соның біріншісінде талапкерлер Мұқағалидың бір өлеңін нәшіне келтіре мәнерлеп жатқа оқыды. «Көкірегінде жыр сәулесі маздайды» аталымында оқушылар өз өлеңдерін паш етсе, «Жыр эстафетасында», «Райымбек, Райымбек!» және «Аққулар ұйықтағанда» поэмаларын жатқа айту жөнінен бейне- бір сүре айтыстағыдай аламан сынға түсті. Одан әрі жас дарындар берілген ұйқастарға өлең құрап, ақындық қабілеттерін ортаға салды. Ал бұдан кейін Мұқағали шумақтарын талдап сөйледі. Ең соңында он сұрақпен Мұқағали мұрасын кім көп білетіні сарапқа салынды. Осынау мектеп оқушылары­ның өнері, қабілет-дарындары кімді болса да тәнті еткендей еді. Олар Мұқағали поэ­зиясын қалтқысыз сүйетінін және білетінін көрсетті. Қазақ рухының, қазақ тілінің бола­шақ жаршылары да осылар. Жоғарыдағы сындарда көпші­лігі жасындай жарқылдап, мұз­ба­лақ ақынның жыры туған елін­де жалғасып жатқандығын айғақтады. Бас жүлдені Алматы қаласындағы №62 Шона Сма­хан­ұлы атындағы гимназия оқушысы Аяулым Тоқтасын ен­шіледі. Екі бірінші орынды ұлы Абай елінен келген Қарауыл орта мектебінің оқушысы Марал Түгелжан мен қарасаздық мектеп-гимназия өрені Бірлік Бек­мұханбет қанжығаларына бай­лады. Үш екінші жүлдеге Ал­маты облысы Панфилов ауданы, Ә.Қастеев атындағы мек­тептен Мөлдір Нұриева мен Алакөл ауданы, Үшарал қазақ гимназиясынан Сәулет Дәукен және Павлодар облысы Екібастұз қаласы, Атығай орта мектебінен Ақмаржан Тілеген ие болды. Үшінші орын тұғырынан түгелдей Алматы облысының оқушылары көрін­ді. Олар – Ескелді ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептен Зағипа Ризабек, қара­сайлық Алтынсарин атындағы орта мектептен Аймереке Жа­наш­баева және Райымбек ау­данындағы А.Нүсіпбеков атын­дағы орта мектептен Дін­мұхамед Мұхаметжан. Мұқағали оқу­ларының арнайы жүлдесіне Батыс Қазақстан облыстық С.Сейфуллин атындағы мектеп-интернат оқушысы Индира Қамиева лайық деп танылды. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Қанат Біржансалұлы.