19 Наурыз, 2014

Тұғырнаманың өзектілігін арттыру маңызды

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасын іске асыру барысы қаралды. Тұғырнаманың 2013 жылғы қорытындылары талқыланды. С.Ахметов жиында «Бізге көкей­­­кес­ті тапсырмалар беріп отыратын Мем­лекет басшысы, әсіресе, «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде алдымызға үлкен міндеттер қойды. Біз бұл жауапкершілікті сезінуіміз және осы тапсырмаларды орындауға байыппен қарауымыз керек», деді. Отырыстың күн тәртібіндегі мәселеге орай партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек баяндама жасады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ­­­­­стан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты мақсаты қазақстандықтардың өмірін жос­парлы түрде жақсарту, ал оның негізгі өлшемі азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйі болып табылатынын мәлімдеді. «Партия бюросында Үкімет­­­пен бірлесіп дайындалған Тұ­ғыр­­­наманы жүзеге асыру көрсет­­­кіштерінің тізбесі бекітілді. Көр­­­сет­кіштердің 75 пайызы нақты және тұр­ғ­ындар үшін өлшемді ин­ди­­­каторларға бағ­дар­ланған. О­лар­ды орындауға нақты мем­­­ле­кет­­тік ор­гандар бекітілген», деді Б.Байбек. Сондай-ақ, ол тәуелсіз әлеу­мет­тік сауалдамалар жүргізу және партияның қоғамдық қабыл­дау­лары берген сараптамалар арқы­лы Тұ­ғыр­наманы жүзеге асыру­дың кешенді мониторингі тетігі енгізілгеніне тоқталды. Атап айтар болсақ, 2013 жылы партияның қоғамдық қа­былдауларына 800 мың адам өті­ніш­пен келіпті. Естеріңізде болса, өткен жыл­дың 1 желтоқсанында партия Төр­­ағасы Нұрсұлтан Назар­баев Рес­публикалық қоғамдық қабыл­дау­дың жаңа ғимаратында азаматтар­ды жеке қабылдап, партия­мен «онлайн» режімде тікелей байланыс жасауға мүмкіндік туғызатын «Электронды партия» жобасын іске қосқан болатын. «Аталған жүйенің арқасында біз мемлекеттік органдардың жұмысы жайлы объек­­­­­тивті ақпараттарды «бірінші қолдан» алып, тіпті, әрбір ауданға дейінгі барлық өрісі мен саласына бақылау жүргізе аламыз», деді Б.Байбек. Партия Төрағасының бірінші орын­­­­­басарының баяндамасынан соң отырыста Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Тұғырнаманың өткен жылғы экономикалық бло­гының орындалуы барысы туралы хабарлады. Ол ІЖӨ өсімі былтыр 6 пайызды құрағанын, оның жос­парлы деңгейге сәйкес болғанын, ІЖӨ-нің тұрғындардың жан басына шаққанда 13 мың АҚШ долларын құрағанын, 2013 жылы халықтың нақты табысының оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3 пайызға, еңбекақының 1,6 пайызға өскенін, жұмыссыздық деңгейінің 5,2 пайызды құрағанын айтты. Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Министрдің мәліметінше, Қазақ­­­станда жобалық қуаттылығы жылына шамамен 1,5 млн. шаршы метр болатын үй құрылысы комбинатының 17 жобасын жүзеге асыру қарастырылған, оның 9 жобасын ағымдағы жылы енгізу жоспарланған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да Тұжырымдамада көзделген міндеттер бойынша өз министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баян­дады. Ол Үкіметтің 2011 жылдан бері «Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асырып жатқанын, осы кезеңде бағдарлама 267 мың адамды қамтып, 157 мың адамның жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 2013 жылы колледж тү­­­­­лектерінің жұмысқа орналасуы 70,5 пайызды құрағанын хабарлады. БҒМ басшысы «Республика бойынша оқу орындары мен компаниялар, кәсіпорындар арасында техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірушілердің тәжірибеден өтуі мен еңбекке орналасуын ұйымдастыру мәселелері бойынша 25 мыңнан астам келісімшарт жасалғанын» атап көрсетті. «Әлеуметтік елеулі мәселелерді ше­шу – Үкіметтің, Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның және партияның барлық құрылымдарының бірлескен жұмысының негізі. Нұротандық депутаттар Үкіметпен бірлесіп, өздерінің заң шығарушылық қызметінде үнемі Сайлауалды тұғырнама ережелеріне арқа сүйейді», деп мәлімдеді Үкімет отырысына арнайы қатысқан Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы басшысының бірінші орынбасары Сергей Дьяченко. Бұл мәселелер бойынша, сондай-ақ, бірқатар басқа да министрліктер мен ведомстволар басшылары, Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері сөйледі. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».