19 Наурыз, 2014

Бейбітшілік және келісім сарайында дін мәселесіне байланысты жиын өтті

589 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
19-03-BeubutshilikБүгін, 19 наурыз күні Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздің Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыпты жариялау бойынша Әдістемелік Кеңестің ұйытқы болуымен журналистерге арналған семинар өтті. Семинар аясында «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы дін саласына қатысты басымдықтарды БАҚ-та жариялау әдістері» тақырыбы қозғалды. Бұл іс-шараға Әдістемелік кеңес құрамына кіретін танымал дінтанушы-ғалымдар, сарапшылар, сондай-ақ, діни бірлестіктер мен ҮЕҰ өкілдері, журналистер қатысты. Семинардың тақырыбы аясында Дінтанушылар Конгресінің төрағасы Ғарифолла Есім, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжеболат Махмұтұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Этникалық және діни толеранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев, Астанадағы Қасиетті-Успен кафедралдық соборының протоиерейі Дмитрий Байдек, бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыпты жариялау бойынша Әдістемелік Кеңестің төрағасы Айдар Абуов сөз сөйледі. Отырыста оған қатысушылар Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған XXI ғасырдағы Қазақстандағы дін, дәстүрлі діндердің жас ұрпақ бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі, діни экстремизм мен оның алдын алу жолдары сынды мәселелерді талқылады. Бұл ретте, отандық журналистердің дін саласындағы өзекті тақырыптарды қоғамның әрбір мүшесіне түсінікті әрі объективті түрде жариялау жайы сөз болды. Семинар соңында журналистер Әдістемелік Кеңес мүшелеріне қоғам назарын аударып жүрген мәселелер бойынша өз сауалдарын қойды. Ләйла Еділқызы. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: Уvision.kz.