
Бұл заң Халықаралық Түркі академиясының Қазақстан аумағындағы жұмысын реттеуді көздейді. Атап айтқанда, Академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері еліміздің Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуге тиіс. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туларын да ұйымның ғимараттарында орналастыруға болады және құжатта тағы басқа бағыттар бойынша басымдықтар белгіленген.
«Түркі академиясын құру Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде көтерілген. Түркі академиясы 2010 жылы Түркі әлемін зерттеу ғылыми орталығы ретінде жұмысын бастады. Кейін халықаралық мәртебеге ие болды. Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиетін және мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағыттаған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру.
Бүгінгі қарастырылып отырған келісімге 2020 жылдың 16 қарашасында қол қойылған. Академияның штаб пәтері Нұр-Сұлтанда орналасқанына байланысты келісімнің мақсаты – елімізде жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі академиясының мәртебесін, оның артықшылықтарын айқындау. Академияда бүгінгі күні 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 2 қызметкер шетел азаматы. Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуге тиіс», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Ведомство басшысының айтуынша, академия ғылыми-зерттеу жұмыстарында, кітаптар мен журналдар шығаруда, Түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде және түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде үлкен белсенділік танытып келеді.
«Академияның негізі қаланған сәттен бастап Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және басқа мемлекеттердің жетекші ғалымдарының қатысуымен ғылыми жобаларды іске асырып келеді. Соның ішінде археология, тарих саласында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта кітап қорын толықтыру жалғасады. Кітапхана жанынан сирек кітаптар мен қолжазбалар мұрағаты құрылды. 2016-2021 жылдар аралығында академия ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, мажар, моңғол тілдеріне, сондай-ақ түрлі түркі тілдеріне 100-ден астам жаңа ғылыми кітаптар жариялады», деді Асхат Аймағамбетов.
Жалпы алғанда аталған Келісім түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға арналған. Қазіргі таңда Түркі академиясына Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдері мүше. Ал Мажарстан бақылаушы ел мәртебесіне ие.
«Халықаралық Түркі академиясы түркітілдес мемлекеттер арасындағы ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жолында үлкен рөл атқарып келеді. Сондай-ақ бұл ұйым бауырлас халықтардың тарихи-мәдени мұраларын зерделеу бағытында нәтижелі жұмыс істеп отыр. Академияның ұйытқы болуымен жыл сайын көптеген маңызды еңбектер жарық көреді. Сол себепті ұйымның қызметін қолдаудың маңызы зор. Алдағы уақытта бұл заң Түркі академиясына түркі әлеміне қатысты ғылыми-зерттеулерді үйлестіретін халықаралық бірегей орталыққа айналуына және көздеген міндеттеріне қол жеткізу үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Сұлтан Дүйсембинов Премьер-Министрге жолдаған сауалында шығынынан гөрі табысы мол сала ретінде қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесін құруды ұсынды. Оның айтуынша, қазір жыл сайын 5 млн тоннаға жуық қалдық жиналса, оның 15 мың тоннасы ғана қайта өңделеді.
«Өнеркәсіп қалдығы мен тұтыну қалдығын басқару жөнінде кешенді шаралар қабылдауды және сол шараларды іске асыру үшін қаржыландыру көзін анықтауды ұсынамыз. Коммуналдық қалдықтар жөніндегі мемлекеттік есеп беруге талдау жасау және оның сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар әзірлеу керек. Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеудің өңірлік жүйесін құру және одан әрі дамыту үшін қаржыландыру тәсілдерін айқындау және оны іске қосу жөніндегі ұйымдастыру шараларын қамтамасыз ету мәселесін қарау және пилоттық жобасы белгіленгені жөн. Дүниежүзілік банк ұсынып отырған «Алматы агломерациясының коммуналдық қалдықтарын басқарудың кешенді цифрлы SMART жүйесі» жобасын іске асыруға жәрдем көрсету қажет», деді сенатор.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдаған Ләззат Қалтаева ірі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедек адамдардың проблемаларын көтерді. Сенатор медициналық және әлеуметтік мекемелерде тұратын азаматтардың проблемаларына алаңдаушылық білдіріп отыр. Қазақстанда олардың саны 22 мыңнан асады. Депутаттың айтуынша, ондай ірі мекемелердің тұрғындары ұйықтау мен ояну тәртібін де, емдеу орнын да таңдай алмайтын тар жерде жыл бойы, кейде өмір бойы тұруға мәжбүр.
«Қазақстанда мүгедек азаматтарға арналған стационарды алмастыратын технологияларды енгізу жөніндегі Жол картасын бекіту мәселесін қарауды ұсынамыз. Бұл отбасыларды қолдауға, осы санаттағы азаматтардың білім алуына және әлеуметке араласуына, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы еңбек ету қабілеті, қамқоршылық институты мәселелері бойынша жетілдіруге бағытталатын болады», деді Ләззат Қалтаева.
Үкімет басшысына жолдаған сауалында Ақылбек Күрішбаев су ресурстарын басқару жөніндегі ведомство құру қажеттігін айтып, оған су шаруашылығындағы жүйелі мәселелерді шешу бойынша кең өкілеттіктер беру мәселесіне тоқталды. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 90 шаршы шақырымнан 76 шаршы шақырымға дейін төмендейді. Демек, елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12-15 шаршы шақырымды, яғни 15 пайызды құрамақ.
«Әлі күнге дейін біз республикадағы су ресурстарының қорлары туралы нақты ақпаратты білмейміз. Мемлекеттік су кадастрын қазіргідей жеке ұйымдар емес, «Қазгидромет» кәсіпорны жүргізуге тиіс. Ол үшін су қорының мониторингін цифрлы форматқа және қашықтан зондтау технологиясына ауыстыру қажет. Ал бізде көптеген су қоймасында тіпті гидрологиялық бекеттер де жоқ.
Қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, Қазақстанның су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемасын жаңарту қажет. Бұл – суды ұтымды пайдалану стратегиясы мен тактикасының негізі. Әрбір су бассейні үшін судың нақты өзіндік құнын анықтау қажет. Онсыз су ресурстарын үнемді пайдалану мүмкін емес. «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорынның бүкіл республикаға енгізген «суармалы судың бірыңғай тарифтері» әлемдік практикаға қайшы келеді. Бұл – нонсенс», деді А.Күрішбаев.
Әбдәлі Нұралиев Үкімет басшысынан Тараз қаласында кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысына жәрдемдесуді сұрады. Сенатордың сөзіне қарағанда, мұндай нысанның болмауы өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығына кері әсерін тигізеді. Қала халқының көбеюіне байланысты кәріз суының көлемі де артып, оның барлығы Қостөбе ауылы маңындағы тұндырғыштарға жиналады. Ал тоғандарға кәріз суы жобалық қуаттан 1,5 есе көп түседі.
Сондықтан бұл сулар басқа облыстың аумағына таралып, қоршаған ортаны зиянды қалдықтар және иіспен ластайды. Зертханалық зерттеу нәтижесінде кәріз суларындағы қатты заттардың мөлшерінің рұқсат етілген нормасы 69 есеге, аммоний азоты 1,6 есеге, нитраттардың 2,4 есеге артқаны анықталды. Осылайша, бүгінде ауылдық жерлерде қалыптасқан экологиялық және санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрғындар арасында орынды наразылық туғызады.
«Қазіргі таңда, көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін ескере отырып, қалалық кәріз суларын тазалау кешенін салу жобасының ТЭН дайындалып «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның қарауына ұсынылғанымен қабылданған мораторийға сәйкес жоба тоқтап тұр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, елді мекендерде адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы кәріз суларды тазалау кешенін салу жобасының іске асырылуына қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесіне ықпал етуіңізді сұраймыз», деді депутат.
Сенатор Ләззат Рысбекова Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысын жарықпен қамтудағы күрделі жағдай туралы мәлімдеді.
«Біріншіден, тағы бір турбоагрегат істен шығатын болса Оралдағы ЖЭО-ға қарағанда электр энергиясын бағасы 1 киловатт жоғары болатын басқа энергия өндіруші стансадан сатып алу қажеттігі туындайды, бұл өз кезегінде өңірдегі электр энергиясы тарифінің өсуіне алып келеді. Екіншіден, 2020-2021 жылдарға мердігерге аванс төленді. Жобаны одан әрі қаржыландыру тоқтатылған жағдайда аванстық төлемнің қайтарылмау қаупі бар. Үшіншіден, осы жоба аясында өндіруші зауыт турбоагрегат дайындауды іс жүзінде аяқтады. Оны Оралдағы ЖЭО-ға орнату кешіктірілген жағдайда, өндіруші зауыт жабдықты басқа сатып алушыға сатуға құқылы. Турбоагрегатты қайта дайындау 12 айға созылады», деді депутат.
Сенатор Ерік Сұлтанов Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекітуді жеделдетуді ұсынды. Бұл құжат саланың өзекті мәселелерін, оның ішінде өңірлерді газдандыруды шешуге мүмкіндік береді.
Депутат газ тасымалы жүйесінің тозуы мен еліміздегі газбен қамтамасыз ету көрсеткішінің төмендігі және газ бағасын қалыптастырудың ашықтығына алаңдаушылық білдірді. Сенатор осыған байланысты саланы басқару жүйесін өзгертуді, атап айтқанда QazaqGaz ұлттық компаниясын реформалауды ұсынды.
«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының баяу жүріп жатқанын екенін ескере келгенде бұрын жоспарланғандай 2025 жылға қарай солтүстік өңірлерді газдандыруды аяқтау мүмкін болмайтыны анық. Бүгінгі таңда газдың болмауы инвестиция тарту, жаңа өндіріс ашу, халықты жұмыспен қамту және жалпы ел экономикасы мен өңірлерді дамыту үшін басты тежеуші факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан қазіргі жағдайды ескере отырып, өңірлерді газдандыруда экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең қолайлы нұсқаны қарастыру ұсынылады», деді депутат Е.Сұлтанов.