
Жиынды ашқан Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина саланың еліміз үшін маңызды екеніне тоқталды. Газ өнеркәсібі әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды орын алатынын, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
«Үкімет алдында еліміздің газ саласын тиімді дамытуды қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндеттер тұр. Бірінші кезектегі мәселелер бойынша қысқа мерзімде нақты шаралар қабылдау қажет», деді О.Перепечина.
Сенат Төрағасының орынбасары қазіргі уақытта газ саласын басқарудың менеджмент, өндіріс, баға белгілеу және цифрландырудың қазіргі заманғы тәсілдері қамтылатын неғұрлым тиімді, ықшам және икемді үлгісіне көшу жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет екеніне екпін берді.
«Инвесторларды көмірсутегін барлауға тартуда жұмысты жандандыру және жалпы, Қазақстанда газ өндіру жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет», деді Ольга Перепечина.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков Үкімет сағатын аша келіп, кездесу барысында сенаторлар мен саланың басқа да сарапшыларының пікіріне орай орын алған мәселелерді шешуге көмектесетін нақты шаралар мен тетіктер талқыланып, ұсынылатынын атап өтті.
Сенатор Ерік Сұлтанов аталған саланы зерделеу барысында шешуді қажет ететін негізгі 4 бөліктегі проблема анықталғанын атап өтті. Соның ішінде ресурс базасының жеткіліксіздігі, газ тасымалдау жүйесінің ескіріп-тозғаны, елімізде газбен қамтамасыз ету деңгейінің өте нашарлығы және тариф белгілеу жүйесінің тиімсіз екені бар.
Мемлекет басшысының газ саласын сапалы қайта қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында сенатор аталған проблемаларды жедел шешу үшін бірқатар шара ұсынды.
«Саланы басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізу қажет. Ресурстық базаны толықтыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың жаңа газ жобаларын іске асыруы үшін қосымша ынталандыру шараларын әзірлеу ұсынылады. Газға баға белгілеудің жаңа үлгісін қалыптастыру маңызды. Газды ішкі нарыққа жеткізу көлеміне мемлекеттік реттеу енгізу арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың газ таңдау процесі ашық болуын арттыру қажет», деді сенатор Е.Сұлтанов.
Депутат «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры құрылысының баяу жүріп жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыруды 2025 жылға дейін аяқтау мүмкін емес.
«Бүгінгі таңда газдың болмауы инвестициялар тарту, жаңа өндірістер құру, халықты жұмыспен қамту және өңірлер мен тұтастай елдің экономикасын дамыту үшін басты тежеуші факторлардың бірі болып отыр. Сондықтан қалыптасқан ағымдағы жағдайды ескере отырып, ұлттық және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өңірлерді газдандырудың қолайлы нұсқасын көздеу ұсынылады», деді Е.Сұлтанов.
Бұдан кейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірлерді газбен қамтамасыз етуді дамыту жөнінде әңгімелеп берді. Ведомство басшысы 2021 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі 57,7 пайызды құрағанын хабарлады. Министр келтірген деректерге сүйенсек, ішкі нарықта газдың тұтынуы тұрақты өсіп келеді. Кейінгі төрт жылда 4,8 млрд текше метрге артып, 18,6 млрд текше метрге жеткен.
«Тұтынудың серпінді өсуіне байланысты 2025 жылға қарай газ тапшылығына кезіге бастаймыз деп болжап отырмыз. Бірақ тау-кен металлургия кәсіпорындары көмірден газға белсенді көшсе, онда тапшылықтың көлемі айтарлықтай ұлғаяды.
Осындай жағдайда еліміздің ресурстық базасын толықтыру мәселесі туындайды. Бұл мақсатта газды барлау, өндіру және өңдеу секілді бүкіл кезеңде газ жобалары үшін преференциялар қажет. Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылар үшін ынталандыру бағасын беру мәселесі пысықталып жатыр», деді Б.Ақшолақов.
Ведомство басшысының деректеріне сай, Қазақстандағы газдың 80 пайыздан астамы «Қарашығанақ», «Қашаған» және «Теңіз» кеніштеріне тиесілі. 2021 жылы өндірілген шикі газ көлемі 53,8 млрд текше метрді құрады. Мұның 20 пайызы жер қойнауын пайдаланушылардың өз қажеттілігіне, электр энергиясын өндіруге және басқа да мақсатқа кеткен. Жартысына жуығы тауарлық газ ретінде қайта өңделді.
«Болжамды деректерге сәйкес 2030 жылға қарай шикі газ өндіру 87,1 млрд текше метрді құрайды. Соның ішінде үш ірі жобаның өндіру үлесі 83 пайызға жетпек. Өндірілген газдың 42 млрд текше метрі тауарлық газ ретінде қайта өңделмек. Жер астына айдалатын газ көлемі 47 пайызға, өндірушілер мұқтаждықтарына пайдаланатын газ 15 пайызға теңеседі», деді министр.
Министрдің айтуынша, «Қашағанның» газ ресурстарын монетизациялау үшін газ өңдеу зауытын үш кезеңмен салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. 2021 жылғы маусымнан бастап қуаты 1 млрд текше метрлік болатын бірінші кезең құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кеткен. Бірінші кезең 2024 жылдың басында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«Энергетика министрлігі мен QazaqGaz Ұлттық компаниясының тағы бір міндеті – магистралдық газ құбырларын жаңғырту. Газ тасымалдау инфрақұрылымы негізінен кеңес заманында салынған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үлкен инвестиция қажет. Қазіргі уақытта бірқатар газ құбыры толық қуатында жұмыс істеп тұр. Отандық газды тұрғындарға тұрақты жеткізуді жалғастыру үшін қуатты құбырлар салу керек. Мысалы, магистралды газ құбырларының 21 пайызын 50 жылдан бері, 50 пайызына жуығын 40 жылдан бері пайдаланып келеміз. Тозған құбырлар орташа есеппен 75 пайыздан асты», деді Б.Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, тұтынушыларға газды үздіксіз және қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобалар іске асыру көзделген. Жобалардың жалпы құны 603,9 млрд теңгені құрайды.
«Биыл еліміздің газдандырылуын дамытуға министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2022 жылға республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде 50,1 млрд теңге алдын ала қолдау тапты. Бұл 147 мың адамды немесе 95 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы.
Бұдан кейін министр тауарлық газға баға белгілеудің қазіргі схемасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, еліміздің ішкі нарығын газбен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы мұнай кен орындарында өндірілетін газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығы берілген ұлттық оператор институты енгізілді.
«Ұлттық оператор – QazaqGaz ҰК АҚ газдың сатып алу бағасы мен магистралдық тасымалдау тарифтерін негізге алып, тауарлық газды көтерме саудада өткізуді және газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі бойынша газ таратуды бірыңғай диспетчерлеуді жүзеге асырады. Бұл схема мемлекетке газ бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.Бұл ретте көтерме сауда ұлттық оператор үшін шығыны көп, ол субсидияланады және экспорттық түсімдерге тікелей тәуелді. Мәселен, 2015-2021 жылдар аралығындағы ұлттық оператордың шығыны 587 млрд теңгені құрады», деді Б.Ақшолақов.
Бүгінгі таңда газды ішкі тұтыну соңғы жылдары күрт өскенін, газ тасымалдау жүйесін жаңғырту, қайта құру және газбен жабдықтаудың балама және ұтымды көздерін іздеу қажеттігі ескеріле отырып, елді газдандырудың бас кескін-кестесін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Үкімет сағатының қорытындылары бойынша Үкіметке газ саласының жай-күйін жақсарту жөнінде ұсынымдар жіберілетін болады. Онда газ ресурсының базасын, оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту, солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақстан облысына газ жеткізу, сондай-ақ еліміздің осы саладағы заңнамалық базасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар көрініс таппақ.