Медицина • 10 Тамыз, 2022

«Жасыл дәліздің» жақсылығы мол

469 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде Денсаулық сақтау кодек­сінің талаптарына сәй­кес азаматтар өмір жа­сы­ның әр кезеңінде әртүрлі дертті ерте анықтау мақ­са­тында скринингке шақы­рылады. Бұл тексеру – ауруды алдын ала анықтап, оңтайлы емдеу әдісін таңдауға, уақтылы ем-дом қабылдауға көмек. Өңірде енгізілген «жасыл дәліз» қағидаты қатерлі ісікті дер уақытында айқындауға мүмкіндік беріп отыр. Павлодар облысы онкологиялық аурулар бойынша республикада көш бастап тұрғаны мәлім. Жергілікті ақ желеңділердің сөзіне қарағанда, жыл басынан бері айықпас дерттен 465 адам көз жұмған.

«Жасыл дәліздің» жақсылығы мол

Скринингтен өту үшін емделуші тұрғылықты жері немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханаға ха­барласуы керек. Дәрігерлердің ай­туынша, профилактикалық ме­ди­циналық қаралу толығымен ақы­сыз. Тексерісті қаржыландыру мін­детті медициналық сақтандыру жүйе­сінің есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан скринингтен өту үшін сақтандыру мәртебесі болуға тиіс. Атал­ған медициналық тексеріс нақ­ты бір аурулар үшін және белгілі бір жас топтары үшін жүргізіледі. Алдымен 18 жасқа дейінгі балаларға педиатрдың, өзге де дәрігер маман­дардың қарауы, қан мен зәр талдауы, медициналық-аспаптық тексерулер жүргізіледі. Сәйкесінше, балалар жыл сайын кәмелетке толғанға дейін профилактикалық тексеруден өтуі шарт. Содан соң 30 жастан 70 жасқа дейінгі ересектер қамтылады. Тексерудің бұл түріне салалық ма­ман­дардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерт­теу­­лер кіреді. Ал 40-70 жастағы ер­лер мен әйелдер қан айналымы жү­йесі ауруларын (артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы) және қант диабетін ерте анықтау үшін тексерістен өткені абзал. Сондай-ақ көз ауруы – глаукоманы ерте анықтау үшін диспансерлік есепте тұрмаған азаматтар, сүт безі­нің қа­терлі ісігі мен жатыр мойны обы­­рын ерте анықтау үшін 30-70 жас­­тағы әйелдер емханада күтіледі.

– Біздің емханамызда қала бо­йынша 70 347 адам тіркелсе, со­ның 22 мыңнан астамы биыл скринингтік тексеруден өтуге тиіс. Скринингтік тексеру әр жас шамасына қарай түрлі диагноздарды анықтау мақсатында жүргізіледі. Мәселен, әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау үшін 30 жастан бастап тексеруден өткіземіз. Сүт безінің қатерлі ісі­гіне тексеру 40 жастан бас­та­лады. Ал ерлер мен әйелдер 50 жасқа толғанда тоқ және тік ішек қатерлі ісігі бойынша тәуекел тобына жатқызылады. Сондықтан бұл шамадағы емделушілерге міндетті түрде скринингтен өтіңіздер деп ес­кер­теміз, – дейді Павлодар қала­сының №4 емханасындағы профилактика бөлімінің меңгерушісі Айгерім Қайырова.

Жыл басынан бері бұл емханада колоректальді қатерлі ісігіне қатысты гомокульт-тестін тапсырған 122 адамда ауру көрсеткіштері байқалған. Тоқ және тік ішектің қатерсіз ісігі 69 адамда анықталып, бір тұрғында онкологиялық дерттің қа­терлі түрі тіркеліпті. Сүт безі қатер­лі ісігі бо­йынша 826 адам тір­кеуге алынса, жатыр мойнының онколо­гиялық ауру­ларына қатысты – 91, қан айналым жүйесінде дерті асқынған 748 адам диспансерлік есепте тұр.

«Қант диабетіне шалдыққан, глау­кома диагнозы қойылған тұрғындар да мезгіл сайын тіркеледі. Бұл адам­дардың барлығы диспансерлік есепке қойылып, қажетті ем-дом жазылады. Онкологиялық ауру анықталған нау­қастардан биопсия алынып, бір­ден облыстық онкологиялық дис­пансерге жібереміз. Ол жақта тек­серуден өтіп, ісікке қатерлі немесе қатерлі емес деген сипаттама беріледі», деп түсіндірді дәрігер маман.

Ал облыстық онкологиялық дис­пансердің есебіне сүйенсек, өткен жеті айда өңір бойынша 98 757 мың адам колоректальді қа­терлі ісік, сүт безі обыры және жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша тек­серуден өткен. Нәтижесінде, мамандар аталған негізгі үш обыр түріне жаңадан 82 адамның шал­дық­қанын анықтапты. Негізгі деп отырғанымыз, Павлодар облысында жоғарыда аталған қатерлі ісіктің осы түрлері кең таралған. Онкологиялық диспансердің ұйымдастыру-әдіс­темелік көмек бөлімінің мең­герушісі Әсем Асқарова бүгінде әйелдердің сүт безі обырына – 2 966 ана, жатыр мойны қатерлі ісігіне – 1 041 және колоректальді қатерлі ісік түрлеріне 599 тұрғын шалдыққанын айтады.

– Әйелдерде кездесетін қатерлі ісік көбінде 45-55 жастағыларда анықталуда. Тік және тоқ ішектің обыры ер және әйел адамдарда 50-55 жаста дами бастайтынын байқаймыз. Осы жасқа жақындап қалған аға-апа­ларымыз сақтанып жүргені дұрыс. Ауру айтып келмейді. Адам өзінің дертке шалдыққанын білмей жүре беретін жағдайлар жиі кездесуде. Біздің диспансерімізде ай сайын «Ашық есік» күндері өткізіліп, мамандарымыз келушілерге түрлі консультация береді. Осыны пайдаланып, егде жастағы тұрғындар денсаулығын күтудің жолдарын іздестіргені абзал, – деп кеңес берді бөлім меңгерушісі.

Атап өтерлігі, облыста жыл басынан бері «жасыл дәліз» қағидаты негізге алынған. Яғни науқас адам мамандардан кеңес алып және амбулаториялық жағдайда қатерлі ісік болуы мүмкін деген күдікке ілінсе, ол түрлі тексерулерге кезектен тыс бағытталады. Барлық диагностикалық анықтау шаралары жиыны он сегіз жұмыс күні ішінде жүргізіледі екен. Бұл жаңашылдық қатерлі ісік диагнозын қою кезінде ем­делушілердің диагностикалық қыз­­меттерге қолжетімділігін арт­ты­руға мүмкіндік беріп отыр.

Өкінішке қарай, жыл басынан бері өңірде обыр ауруынан 465 адам қайтыс болған. Мамандар қа­тер­лі ісікке шалдыққандардың дені Павлодар қаласында тұратынын айтады.

 

Павлодар облысы