
ФОТО: tilalemi.kz
Жақында халықаралық «Қазақ тілі» академиясы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілінің зерттелуі, оқыту жəне қолданудағы ғылыми-əдістемелік негіздері» тақырыбында кеңейтілген жиын өткізді. Жиында халықаралық «Қазақ тілі» академиясының президенті, Ерден Қажыбек ғалымдар алдында келелі міндеттерді талқылап, жоспарлап, зерттеу мәселесі тұрғанын атап өтті.
– Тіл – ел үшін маңызды құрал. Тіліміздің оқытылуы мен қолданылуын жетілдіруіміз қажет. Қазіргі қазақ грамматикасы орыс тілінің грамматикасымен жасалған. Алдағы уақытта латын әліпбиіне көшкен кезде әр әріпке жеке таңба беру керек. Қағазға түсіргенде әріп көрініп жазылуы шарт. Қоғамда қазақ тілінің өз тұғырына қонуы, кең қолданыс табуы тілді оқыту, үйрету, жетілдіру тетіктерімен байланысты екені белгілі. Осыған байланысты әлі де жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет, – деді Е.Қажыбек.
Жиынға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар реформаға қатысты ойларын орта салды. Ғалымдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бұл мəселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал», «кириллицадан латын əліпбиіне жасанды түрде, тек сəйкес əріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Əйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады», «тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн», «қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті» деген ұстанымдарын басшылыққа алды.
Талқыланған мәселелерге орай қарар қабылданып, онда төрт бағыт қамтылды. Бірінші бағыт бірнеше талаптан тұрады. Нақтырақ айтсақ, орыс тілін оқытуды мемлекеттік тілмен қатар қоймай, таңдау пəні ретінде оқытып, қазақ тілін оқыту талаптарын күшейту керек. Қазақ тілін ғылым мен қазіргі озық технологияның тіліне айналдыру үшін жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлімінің білім бағдарламаларына бакалавриатта «Кəсіби қазақ тілі», магистратура мен докторантураға «Академиялық бағыттағы қазақ тілі» пəнін енгізу маңызды. Мемлекеттік тілді оқытуға қатысты ең өзекті мəселелерді сараптап, қоғам сұранысына сай жетілдірілген біртұтас жүйесін ұсыну қажет. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі бағдарлама түзбес бұрын, алдымен орта мектепте қазақ тілін оқыту бағдарламасының өзегі мəтінге негізделгені тиімді ме, əлде дəстүрлі грамматика деңгейлеріне негізделгені тиімді ме деген мəселені ғалымдармен ақылдаса отырып, шешіп алуға тиіс.
Екінші бағыт та бірнеше талаптан тұрады. Ғалымдар бір ауыздан Алаш қайраткерлері ұстанған ұлттық бағыттағы ғылымды, терминжасамды, оқу жүйесін, əліпби жəне емле ережелерін қайта жандандыруға күш салу керектігін алға тартты. Қазақ тілін зерттеу еуроөзектік ұстанымдарынан ұлттық арналарға қарай бұрылуы керек. Ғылым жəне жоғары білім министрлігі іргелі жəне қолданбалы зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы жəне гранттық қаржыландыру кезінде осындай бағыттағы жобаларға басымдық беруі қажет.
Үшінші бағытта да біршама мәселе қамтылған. Қазақ жазуын жетілдіру мəселесін қарастыратын бұл ұсыныста әліпби түзу барысында Ахмет Байтұрсынұлы сынды үш ғұлама ғалымның классикалық еңбектеріне сүйенген абзал. Ондай жазу түркі жұртының басын біріктіруге септігін тигізетін, ортақ мүддесін анықтайтын, ел мен елдің мəдени-экономикалық алмасымын жеңілдететін, алыстан хабар алып-беріп, өзара түсіністігін арттыратын тиімді құрал болмақ. Кеңес кезіндегі қабылданған кирилл жазуы мен емле ережелеріндегі қателіктер тілдің ұлттық тұрғыдан дамуына аса зор зарарын тигізген «саяси ақтаңдақтар» қатарында қаралып, жат дыбыс пен əріп, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мəселесіне байланысты да түпкілікті байлам мен шешімге келу аса маңызды. Кешенді əрі жүйелі түрде жазу реформасы арқылы тілімізді Ахмет Байтұрсынұлы салған ұлттық арнаға қайтарып, кеңес дəуірінде тынысын тарылтып келген жат тілдік ықпалдан арылуымыз қажет. Ұлттық жазуымызда: Ақаң дəйекші теориясына сəйкес жуан «ы» дыбысы дəйекшесіз «ı» түрінше, жіңішке əуезді «і» дыбысы дəйекшелі «і» түрінде жазылу қажет. Ахмет Байтұрсынұлының «қазақ тілінде дауысты ұзын у мен и жоқ», «у мен и дауысты дыбыстарының қатарына кіре алмайды», «дыбыс жүйесінше у мен и-дың дауыссыз р-дан еш басқалығы жоқ» деген қағидатына сай қазақ ұлттық жазуында аталмыш екі төл дауыссыз дыбыс жеке əріптермен таңбаланғаны дұрыс: y [й] жəне w – дауыссыз [у]. Тіл саясатын жүргізуге қатысты.
Төртінші бағыт үш мəселені қамтиды. Өңірлердегі Тіл басқармалары мен Ғылым жəне жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитеті мемлекеттік тілді насихаттауға, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қатысты шараларды жүргізуде əлеуметтік лингвистика зерттеулерінің нəтижелерін басшылыққа алуы керек. Тілге қатысты шаралар тіл саясатына жауапты ұйым басшыларының немесе сол ұйым мүшелерінің білгенімен емес, ғылыми-əдістемелік көпшіліктен түскен ұсыныстарды арнайы құрылған қоғамдық кеңестің мақұлдауынан кейін ғана қаржыландыру қажет. Мемлекеттік тілді оқытуға, зерттеуге, қолдануға жауап беретін ұйымдардың барлығына тең қол жеткізу құқығымен қысқа жəне ұзақ мерзімді ортақ бағдарламалары, тапсырыстары, гранттары, «пионерлік» зерттеулер, эксперименттік тапсырмалар жоспарланып, ашық түрде іске асуы қажет.
Зиялы қауым жиында айтылған ұсыныстарды жаңадан тағайындалған үкімет мүшелері жəне мемлекеттік органдар жауапсыз қалдырмайды деген сенімде. Сондай-ақ олар Мемлекет басшысы айтқандай, «қазақтың жаны» – қазақ тілі екенін іс жүзінде жүйелі əрі кешенді түрде өркенитетті елдердегідей жəне халықаралық стандарттарға сай толыққанды көрсететін заман келді» деген пікірге тоқтады.
АЛМАТЫ