Салық • Бүгін, 14:03

Халық пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері үшін тарифтер жыл соңына дейін өзгермейді

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда жыл соңына дейін халық пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне арналған коммуналдық тарифтер өспейді. Бұл туралы инфляцияны тежеу мәселелері жөніндегі отырыста белгілі болды, деп жазады Egemen.kz.

Халық пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері үшін тарифтер жыл соңына дейін өзгермейді

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлік тұрақтандыру қорларын жаңа өніммен толтыру және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы бойынша баяндамаларды тыңдады.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, биылға жоспарланған тарифтердің көтерілу жұмыстары аяқталған, жаңа өтінімдер түспеген.

— Жыл соңына дейін халық пен жеңілдігі бар тариф саясаты қолданылатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері үшін тариф бағасы өспейді. Бұл ақылы қызметтердің қымбаттауының инфляцияға әсерін азайтады, — деді ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тұрақтандыру қорларын жаңа өніммен толтыру жұмыстарының жедел қарқынмен жүргізіліп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізуге арналған келісімшарттар 2025–2026 жылдардың маусымында халықтың қажеттілігінің 50 пайызын қамтып отыр.

Атырау, Алматы облыстары мен Астана қаласында пиязға деген сұраныс толығымен жабылған. Қарағанды, Түркістан, Абай, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Ал Ақтөбе облысында көкөністің барлық түрі бойынша келісімшарттар жасасу деңгейі төмен екені айтылды.

Серік Жұманғарин бақылауды күшейту үшін өңірлерге арнайы жұмыс тобын жіберуді, тұрақтандыру қорларындағы көлем мен қордың жеткілікті болуын тексеруді тапсырды.