
Бір сәтте бір үйге бірін-бірі танымайтын екі бірдей ұры түсетін жағдай тек кинода ғана кездесе ме десек, театрдың сахнасында да ұшырасады екен. Бірі ұрлықты өмірлік кәсібіне айналдырған кәнігі баукеспе болса, екіншісі – бастығынан есесін қайтару мақсатымен өзінің арам ойын жүзеге асырмақ болған таксист жігіт. Комедиялық қойылымның желісі бойынша екеуі де аса дәулетті адамның зәулім үйін тонап кетпек болады. Қызық болғанда дәл сол уақытта шаңырақтың отағасы көңілдесімен үйіне келіп, байқаусызда ұрылар қолға түсіп қалады. Қалталы азаматпен түнгі клубтан ілесіп келген жеңіл жүрісті бикеш те тегін емес екен. Шарабына ұйықтататын дәрі қосып, үйдегі бағалы әшекейлерді жымқырып кетуді жоспарлап қойыпты. Қызық болғанда байқаусызда у шарапты өзі ішіп, терең ұйқыға кетеді. Ал қарыны қабақтай үй иесі мастықтан тез есін жиып, үшеуін де әшкерелейді. Оқиға осы жерге келгенде нүктесі қойылар деп күткен едік. Отағасы оқтаулы мылтығын кезеніп, қос ұрыны тергеп тұрған уақытта заңды некелескен әйелі келіп қалады. Комедияның негізгі шыжығы да осы жерден басталатындай. Енді үй иесі сасайын деді. Әлгі баукеспелерді үйіне келген достары, ал жатын бөлмеде ұйықтап жатқан бикешті соның бірінің жары деп атап, бәрін дастарқанға шақырады. Шым-шытырық оқиғаның соңы да қызық. Бұл жерде режиссер екі бірдей нұсқа ұсынады. Алғашқысында әлгі қонақтар мәз-мейрам болып тарасып, ерлі-зайыптылар қуанышты күйде қала берді. Ал екінші нұсқада барлығының қулық-сұмдықтары ашылып, әйелі әлгілерді мылтықтың қарауылына алып, «орыс рулеткасын» ойнатады. Дегенмен бәрі сәтті аяқталып, отағасы жарына деген махаббатын дәлелдеп шығады.
«Ұрылар» комедиясының ұтымды жері бұл оқиғаның барлығы үйдегі қос мақұлық – мысықтардың «көзімен», солардың қойылымға сырттай кірісіп, баяндап отыруымен өрбитінінде. Үй жануарлары адамдардың психологиясын, дөрекілігі мен сенгіштігі, бір-біріне деген аярлығы мен жанашырлығын тап басып, мінездеме беруге құмар. Зеріккен мақұлықтар таксист жігіттің үй жануарынан қорқатынын байқап, оның әлсіздігін пайдаланып кететін жерлері де келісті. Зілсіз әзіл мен ойын-оспақ орынды көрініс тауып жатты.
«Біздің шығармашылық ұжым былтырдан бері театр сыншыларымен байланыс орнатып, бірнеше премьераны солардың талқысына салдық. Бұл маусымдағы барлық жаңа қойылымдарымыз драма және әпсана жанрларында болып кетпесін деген оймен таңдауымыз осы комедияға түскен еді. Көркемдік кеңес пен еліміздегі театр сыншылары да бұл комедияны құп көрді. «Ұрылар» қойылымының авторы – актер, жас драматург Қазыбек Аманжол», дейді Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек.
Ал бұған дейін «Ұждан» атты әпсананың сахналық нұсқасын жазып, онысы көрермендер мен сыншылар тарапынан жоғары баға алған әдеби драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек күлдіре отырып ойланту жанры ұжым актерлері үшін үлкен еңбек болғанын атап өтті. Бұл қойылымды дайындауға бір айдан астам уақыт жұмсалыпты. Ешқандай астарсыз, көрерменге түсінікті әзілмен өрілген жаңа қойылым қою былтырдан бері жоспарда жүрген. Маусым соңына қарай бұл ойдың да ретімен іске асқанына ұжым қуанулы.
«Біле білсеңіздер, комедиялық қойылым – театрдағы ең қиын жанр. Адамдарды күлдіру үшін сапалы әзіл керек. Ойдан күлдіретін сөз қосып, қазақша КТК деңгейінде арзан дүние жасауға да болады. Алайда көрермендер көріп отырып, әзілден жаны тынығып қайтатындай персонажды бейне шығару, образ жасау алғашқыдан-ақ негізгі мақсатымыз болған еді. Театрда үнемі ой салатын, драмалық ауыр дүниелерді сахналай берудің қисыны жоқ. Онсыз да күйбең тіршіліктен шаршап жүрген адамдар осындай жеңіл комедиялар арқылы тынығып, демалып қалады» деп ой бөлісті қойылым режиссері Әділет Ақанов. Жалпы, Әділеттің үйлестіруімен дайындалатын қойылымдардың қай-қайсы да сапаға құрылатынын мойындауымыз керек. Керекулік театрда жұмыс істеп келе жатқалы жиырмаға жуық қойылымға режиссерлік жасаса, соның төрт-бесеуі комедия жанрында.
Көрермен мүддесін әрдайым жоғары қоятын театр ұжымы қазірдің өзінде келер маусымның шымылдығын ашатын премьераларды пысықтап қойған. Соның бірі – Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» шығармасы желісімен дайындалатын пластикалық қойылым. Оған Алматыдан арнайы мамандар, соның ішінде қазіргі күні Мүсірепов театрында уақытша қызмет атқарып жүрген ресейлік режиссер, Ресейдегі «Золотая маска» сыйлығының иегері Сергей Левицкий де жұмылдырылады деп күтіледі. «Кербұғыдан» бөлек Шекспирдің «Ричард үшінші» классикалық драмасы да сахналанады деп күтілуде.
Негізі Аймауытов театры бүгінде республика бойынша әмбебап театрға айналып келе жатқанын мойындауымыз керек. Өнер ұжымы драмалық, музыкалық, музыка-драмалық, комедиялық, жасөспірімдерге арналған жанрлық ерекшеліктерді қамтумен қоса, қуыршақ театрының да қызметін атқарып тұр. Мұндағы қойылымдардың ең төменгі санаты 3 жастағы балаларға арналған. Театр сахнасында кейде сұранысқа орай орыс тіліндегі туындыларды да тамашалауға болады. Мұның барлығы ұжымның дұрыс бағытта жұмыс істеп отырғанын байқатса керек. Ондай жерде көрермен де жалықпайды.
Биылғы маусымда ұзын саны бес бірдей жаңа қойылыммен жұртшылықты тәнті еткен театр ұжымы бұған дейін көптеген байқау-фестивальдардан олжалы оралғанын талай мәрте жазғанбыз. Енді алдағы уақытта Атырауда өтетін ауқымды фестивальға да дайындық үстінде. Ол шараға еліміздегі үздік алты театрдың қатарында шақыртылып отырғанын айтпасқа болмас.
Павлодар облысы