
Суреттерді түсірген Есенжол Исабек
Бие сүтінің адам ағзасына аса пайдалы екені мәлім. Дәруменге бай қымыздың әзірлену жолдары да әртүрлі. Әсіресе Арқаның бал татыған қымызын ыстықта шөліңді қандырып ішкенге не жетсін! Бір қызығы бүгінде Керекуді мекен еткен әртүрлі ұлт өкілдері үшін қымыз достық сусынына айналғандай. Оның қасиетін, пайдасын өзгелер жоғары бағалайды. Жаздың алғашқы күндерінде өтетін «Қымызмұрындықты» асыға күтіп, арқа-жарқа болып қалатыны да содан.
Бұл жолғы мерекеге Қызылорда, Абай өңірлерінен, елордадан арнайы делегациялар келіп, мейман болды. Қонақтар құр келмей, ұлттық бұйымдар көрмесін ұйымдастырды. Қызылордалықтардың айтуынша, ондағы жергілікті жұрт негізінен шұбат ашытады.
– Жуықта Астана қаласында ұлттық бас киім – тақиялар фестиваліне қатысып, павлодарлық әріптестермен таныстық. Олар бізді «Қымызмұрындыққа» шақырды. Мәдени іс-шараға Қызылордадан қолөнер бұйымдарын жасайтын 10 шебер келді. Тақия, құрақ көрпе түрлерін, жайнамаз, торсық, ұлттық нақыштағы сөмкелер, түйе жүн көрпе секілді бұйымдарды ұсындық. Әжелеріміз үйретіп кеткендей, түйенің жүнін өңдеп, одан жылы көрпелер дайындаймыз. Керекудің қысы суық болғандықтан, жергілікті халықтан бұл бұйымға деген сұраныс жоғары, – дейді Арал қаласының тұрғыны Шамшырақ Сейілова.
Ал Абай облысынан келген Анаргүл Сәтжанова керекуліктердің өте қонақжай екенін атап өтті. Облыс орталығына арнайы экскурсия ұйымдастырылып, кейін Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне сапарлап қайтқан. Естен кетпес сапар болды дейді қуанышын жасыра алмай.
Мерекеге жиналғандарға дәмді бауырсақ пен қымыз таратылды. Әннен шашу шашылып, көпшілік өнерпаздардың өнеріне тамсана қол соқты. Осылайша, «Қымызмұрындық» өңірде дәстүрлі түрде өтетін «Бір шаңырақ астында» жазғы фестивалін ресми түрде бастап берді.
ПАВЛОДАР