Көрмеге суретшінің соңғы жылдардағы атаулы кескіндемелік пейзаждарынан тұратын он алты жұмысы қойылған. Тянь-Шань тауларындағы көрікті жердің қарыс қадамын да назардан қағыс қалдырмай, қылқалам шеберінің асқан махаббатпен қамтығаны байқалады. Суретшінің қандай әдісті қолданғаны белгісіз, бір қызығы, қараған адам тауларға терезеден көз тастап тұрғандай күй кешеді.
Табиғат – алуан түрлі ерекшелікке бай сұлу жаратылыс. Әсіресе таулардың әсем көрінісі адам жанын тебірентетін құбылыс. Таулардың алып қойтастары, қыраттары, биік қарлы шыңдары кескіндемелік әдістерсіз-ақ көркем. Сондықтан да Болат Ахметовтің гипер реалистік таулы пейзаждары табиғаттың өзіндік көркемдігіне артық нәрсенің керексіздігін дәлелдейді. Ол осы сериялық жұмыстарында Тянь-Шань мұздықтары мен шыңдарын жазған. Бейнелеу өнерінің негізгі қағидасы – сұлулыққа ұмтылу. Ал таулардың ең сұлу жерлері – биік шыңдары болса керек. Қысқаша айтқанда, тау шыңына ұмтылу – сұлулыққа ұмтылумен бірдей.
«Суретшінің туындыларында алдыңғы пландағы белгілі бір шыңның тура бейнесі тамашалауға ыңғайлы деңгейінде орындалып, ерекше бұлттармен үйлесім тапқан. Көкжиексіз көк аспанмен араласып, ұлылық сезімін ұялатады. Туындыларға бір көз тастағанда, қыратты шыңның түстер түзілімі нақты, қайталанбас пішіндер, қатаң бұрыштар және ойнаңқы жарық-көлеңкені көруге болады. Мысалы, «Озерный шыңы» картинасында дәл ортада суық ақ-қоңыр түсті шыңның басты бейнесін және де айналасы қалың қарлы таулармен жалғасып, жоғарғы жағы аспанмен таласып тұрғандай әсер береді. Күнге шағылысқан қардың суық түсін қоңыр тасты шыңдармен үйлестіріп жазған. Таулы шыңның ауа кеңістігі үйлесімділікті сақтап тұрады», дейді көрме жетекшісі Дарын Жиенбаев.
Ақиық таулардың алыптығы, жан-жағымен үйлесімі, артық-кемсіз салтанаты көрген адамды баурамай қоймас. Бұл тек табиғи тұрғыдан ғана емес, тұлғалық тұрғыдан да тақырыптық сипатқа ұмтылыстың көрінісі. Мұздықтарды жазудағы гиперреалистік тәсілді ұтымды таңдаған бірегей суретшінің дүниеден өткеніне, міне, биыл бір жыл толды. Тау мен шыңды, биіктік пен сұлулықты аңсаудан туған «Болатты кескіндеме» атты көрме қайталанбас бірегей қылқалам иесін еске алуға арналады.