Шаруашылық • 03 Сәуір, 2024

Кооперативтерге серпін берген бағдарлама

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды несиелендірудің қолданыстағы ережелеріне қажетті түзетулер пакетін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды.

Кооперативтерге серпін берген бағдарлама

Фото: gov.kz

Бұл шешім «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2023 жылғы жұмыс қорытындысын талдау және өңірлерден келіп түскен өтініштер нәтижесі бо­йынша қабылданды. Былтыр ауыл тұрғындарына бағдарлама бойынша бөлінген жалпы сомасы 100 млрд теңге қолжетімді шағын несиенің 82,4 млрд теңгесі игерілген. Оның 80%-ы – мал шаруашылығына, 5,2%-ы – техника мен жабдыққа, 4%-ы өсімдік шаруашылығына бағытталды.

Қеңеске қатысушылар «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуына серпін бергенін атап өтті. Былтыр бағдарлама аясында 407 ауыл шаруашылығы коопе­ративі құрылды. Олардың басым бөлігі Түркістан (75), Ақтөбе (71), Қарағанды (53), Қызылорда (51) облыстарына тиесілі. Өңірлер­дегі шаруалар лизингке техника са­тып алу үшін жұмыс істеп тұр­ған кооперативтерге осы бағдар­лама негізінде қолжетімді қарыз қа­ражатын алу мүмкіндігін көтерді.

«Субсидиялау ережесіне түзетулер жобасы ауыл шаруа­шылығы кооперативтері үшін 5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2,5%-бен ауыл шаруа­шы­лығы техникасын лизингтеу мүмкіндігін қарастырады. Қаржы­ландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.  Бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін қаржыландыру нормативін арттырудамыз», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Өз тарапынан Серік Жұман­ғарин өңірлерге жыл сайын облыстың әр ауданында 1-2 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға жағдай жасау міндетін қойды.