Қоғам • Бүгін, 10:07

Су тасқыны: Қазақстанның бірнеше өңірінде тасжолдарды су басты

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның тағы екі өңірінде ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты еріген қар суы республикалық маңызы бар тасжолдарға шықты, деп хабарлайды Egemen.kz

Су тасқыны: Қазақстанның бірнеше өңірінде тасжолдарды су басты

Фото: ҚазАвтоЖол

Ақмола облысында «Астана – Павлодар» автожолында жол қызметтері су басу салдарын жедел жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«КазАвтоЖол» мәліметінше, «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ өткізу пункті)» автожолының 117-шақырымында 27 наурыз кешкісін ұзындығы шамамен 50 метр, тереңдігі 15–20 см болатын еріген су тасқыны тіркелген. Бұл жағдай маусымдық су көлемінің артуы мен мұздың еруіне байланысты болған.

Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынды. Оқиға орнында «Қазсервис» ЖШС-нің (Ақмола облыстық филиалы) мамандары жұмылдырылған. Жол төсемін нығайту, топырақ төгу және су ағынын реттеу үшін қорғаныш үйіндісін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған учаскеде қозғалыс жабылған жоқ, көлік кептелісі байқалмайды. Қауіпсіздікті арттыру үшін арнайы белгі бағандары орнатылып, жол жағдайына тұрақты бақылау ұйымдастырылған. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жол қызметтері тәулік бойы мониторинг жүргізіп, қозғалыстың қауіпсіз әрі үздіксіз болуын қамтамасыз ету шараларын жалғастырып жатыр.

Ал көршілес Қарағанды облысында 27 наурыз кешкі уақытта Қарағанды – Теміртау тасжолының бір бөлігін су басты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қардың қарқынды еруіне байланысты жолдың бір жолағында еріген су жиналған. Аталған аумақта бөгет жасау жұмыстары жүргізілді, көлік қозғалысы тоқтатылған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында республикалық маңызы бар тасжолдың бір учаскесі су тасқыны салдарынан жабылып қалғанын хабарлаған едік.

Қазақстанда қай жолдар ашық, қай бағыт жабық?

Соңғы жаңалықтар

Әділ қоғам жауапкершіліктен басталады

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:10

Бес жыл күткен ғасырлық той

Руханият • Бүгін, 08:50

Әлеуеті артқан шаһар

Экономика • Бүгін, 08:45

Жылылық

Руханият • Бүгін, 08:40