Шаруашылық • 10 Сәуір, 2024

Көктемгі қарбалас жақын

41 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жаз жер емшегін емген диқан қауымға оң қабақ танытпады. Оң қабақ тұрмақ, оңдырмай қырына алған. Жаз бойы аспаннан нәр тамбады. Есесіне қоңыр күзде қара жауын бір тоқтамай төпеледі-ай дейсің келіп. Шала піскен, ылғалы мол астықтың дені бесінші класты болып қалды.

Көктемгі қарбалас жақын

Сол кезде-ақ тәжірибелі ди­қан­дар келер жылы тұқымсыз қалмасақ жарар еді деп уайымға батқан. Сол кез­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Үкіметтегі кеңейтілген отырыста сөйлеген сөзі қам көңілге дем берген.

«Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен бері­летін несиені 1,5 триллион тең­геге дейін арттыру керек. Ал инвес­ти­циялық жобаларға бөлінетін жеңіл­детілген несиені 800 мил­лиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңіл­дік­пен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деді Мемлекет басшысы.

Ақмола өңірі – ежелден елі­міз­дегі аграрлық аймақтардың бірі. Респуб­ли­камызда өсірілетін би­дай­дың төрттен бірі осы бір құнарлы өлке­нің сыбағасы. Биыл облыс ди­қан­дары 5,3 миллион гектарға дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Оның ішінде майлы дақылдар көлемі 400 мың гектар шамасында. Кейінгі жылдары тапшылығы сезіле бас­та­ған мал азығы дақылдарының кө­лемін молайту да көзделген. Мал шаруашылығын дамыту үшін осы бір салаға сер­пін беру ке­рек­тігін уақыттың өзі дәлел­деп отыр. Мысалды алыс­тан іздемей-ақ, биылғы қатал қыс­тың сына­ғы­нан көруге болады. Азық­тың же­тім­сіздігінен қырда тебін­де­ген қыруар қылқұйрықты тілін тіс­теп, көтерем болып қалды. Биыл диқандар 300 мың гектарға мал азығы дақыл­да­рын өсірмек. Жерден беріп, көктен исе, несібенің молая түсері даусыз. Астана қаласын азық-түлікпен қам­титын белдеуде болғандықтан, картоп, көкөніс өсіру де маңызды. 14 мың гектар алқапқа картоп, 2 мың гектар жерге көкөніс дақылдарының тұқымы сіңіріледі.

Тақырыптың тұздығы – тұ­қым мә­се­лесі. Тапшылық әлі де бар. Әсіресе, шағын шаруа қожа­лық­та­рында. Қайсыбірі қара­жатқа ділгір, кей­біреулері сапалы тұқым іздеп жүр.

«Қажетті тұқым көлемі 536 мың­ тонна, – дейді облыстық ауыл ша­­­руа­­­шылығы және жер қаты­нас­­тары басқармасы басшысының орын­­басары Еркеш Әленов. – Күні бүгін­ге дейін қажетті тұқымның 508 мың тоннасы немесе 95 пайы­зы дайын. Жетіспей жатқан тұқым­ды іздес­тіріп жатырмыз. Өңірде тұқым шаруа­шылықтары бар. Олардың қойма­сын­да 30 мың тон­наға жуық сапалы тұқым сақ­тал­ған. Өткен жылдары баға төмен бол­ғандықтан, сатылмаған би­дай да қоймаларда үюлі тұр. Оған қоса «Азық-түлік келісімшарт кор­­по­ра­циясы» ұлттық компаниясы» ак­цио­нерлік қоғамында тұқым ретінде пай­далануға бо­латын үшінші класты 147 мың тонна бидай бар. Ол бидайды алу үшін қазір кор­­порациямен келісімшарт жасап жатырмыз. Оның әр тоннасының құны 150 мың теңге шамасында болуы мүмкін».

Басқарма басшысы орын­баса­ры­ның айтуына қарағанда, сәуір айы­ның ортасына дейін жетіспей жат­қан тұқым мәселесі толық шеші­мін таппақ. Ерте көк­темде елді алаңдататын тағы бір мәселе – жанар-жағар­май. Бұл тарапта кем­шілік болмауға тиісті. Облысқа литрі 250 теңгеден жеңілдетілген бағамен сатылатын 82,4 мың тонна дизель отыны босатылмақ. Қазір бұл мәселемен 17 оператор айналысып жатыр.

«Күні бүгінге дейін 39 мың тонна жа­­нар-жағармайдың ақысы келісім­шарт бойынша төленсе, 12 мың тонна­сы ша­руашылықтарға жеткізілді, – дейді Еркеш Әленов. – Қар­жы бол­са ша­руашылықтар көк­тем­гі егіс нау­­қаны басталғанға дейін қа­­жетті жанар-жағар­майларын үз­дік­­сіз ала береді».

Ел Президенті өз сөзінде ауыл шаруа­шылығы техникаларының 10 па­йызын жаңарту туралы тапсыр­ма берді. Не­гізі түпкі өнімнің толымды болуы тех­никаға байланысты екені мәлім. Қуатты шаруашылықтар агротехникалық шара­ларды уақ­ты­лы атқарып, әр күні жылға азық көк­темгі егіс науқанын бел­гіленген мер­зімде толық, тиянақты атқа­рып шыға алады. Ал көнетоз техни­каның жүр­генінен тұрғаны көп. Міне, жер­дің тиімді пай­даланылмауының бір себе­бі осында. Биыл көктемгі дала жұ­мыс­тарына 15 мың­нан астам әр­қилы маркадағы трактор шы­ға­рыл­мақ. Қан­шалықты дайын деген сауалға жауап беретін болсақ, бас­қар­ма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, 95 пайызды құ­рай­ды екен. Қалған бес пайыз – шағын шаруашылықтардың үлесі. Себеп, қуатты серіктестіктердегідей емес, шағын шаруашылықтарда ауыл шаруа­шылығы техникаларын қақаған қыс ішінде жөндеуден өткі­зетін орын жоқ. Олар көгеріп көк­тем келгенше амалсыздан тосады. Жөн­деу жұмыстарының көрсеткішін сәл-пәл төмендетіп отырған да осы жай. Егін себуге арналған 16 мың тех­ника, заманауи үлгідегі 1,5 мың егін себу кешені дайындық сапында. Жо­ға­рыда айтқанымыздай, көктемгі егіс үшін аса қажетті қыруар техника қыс бойы мұқият жөндеуден өткізі­ліп, 100 пайыз дайындық сапына қойылған.

Енді осы арада маңызды мәселеге назар аудара кетелік. Диқандар пайдаланатын техниканың бес пайызы ғана жаңартылған. Өткен жылы жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын қаражатқа екі мыңға жуық техника алынған екен. Тұтас саланы түбегейлі жаңғырту талабын ескерсек, әрине бұл көрсеткіш те – олқы соғып жатқандығы шындық. Ал­дағы жылы бұл көрсеткіш 6 пайызға жетпек. Осы жылдың алғашқы екі айын­да 4 миллиар­д теңгеге 137 жаңа техника алыныпты. Бұл тараптағы жұмыстың қарқынды атқарылмай отырғандығының өзіндік себебі бар. Өткен жылы өнім сапасыз болғандықтан, ауыл шаруашылығы құрылымдары табыссыз қалды.

Мемлекет тарапынан қолдау да айта қаларлықтай. Субсидия ретінде өңірдегі ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдарына 45,6 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Күні бүгінге дейін осы қаражаттың 31 миллиард теңгеге жуығы шаруаның қолына тиген. Қалған қаражат мүмкіндігінше ай сайын беріліп отырмақ.

«Субсидияның жетіспеушілігіне бай­ланысты Үкіметке хат жолдап, қо­­сымша қаражат сұрадық. Қара­жат тапшылығы орын алмауға тиісті. «Азық-түлік келісім-шарт кор­­порациясы» ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамы көктемгі егіс­­ке 7 миллиард теңге көлемінде қар­­жылық қолдау көрсетсе, «Кең дала» несие бағдарламасы бойынша 8 миллиард теңге қаражат ауыл ша­руа­­шы­лығы құрылымдарына бе­ріл­ді», дейді Еркеш Әленов.

Маңы­зы зор науқанның қар­саңында облыс­тық ауыл шаруа­шы­лығы бас­­қар­масының мұрындық болуы­­мен жиын өткізілмек. Оған ауыл ша­руашылығы құры­лым­да­рының бас­шылары, ғалымдар қа­тысады деп күтіліп отыр. Тә­жі­ри­белі маман­дар салаға серпін бере­тін тұсты көр­сет­се, ғалымдар топы­рақ ылғалы, тұқым сіңірудің оңтайлы жолдары, тыңайтқышты қолданудың реті тәрізді саналуан­ түйткілді тақырыптар туралы пікір алмаспақ. Осының бәрі айналып келгенде егін шығымдылығын арт­тыруға ықпал ететін жай.

Көктемгі қауырт жұмыстар өз ретімен тыңғылықты атқарылса, ел ризығы да өсе түсетіні белгілі. Қазір дарқан даланың дарабоздары дүбірлі жорыққа қапысыз әзірлену қамында.

 

Ақмола облысы