Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Ақылы жолдың ақшасы қайда?

102 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде ел бойынша ұзындығы 3 221 шақырым болатын 17 бағыттағы ақылы жол учаскесі белгіленген. Оның ішінде 11 учаскесі (2 161 км) І санаттағы жолға жатса, қалған 6 учаске ІІ және ІІІ санаттағы (1060 км) жол болып есептеледі. Былтыр бюджетке 30 млрд теңге шамасында қаржы түсірген ақылы жолдың ақшасын жауаптылар қалай жаратып отыр? Жол сапасын арттыруды көздейміз деген министрлік биыл тағы қанша ақылы жолды іске қоспақ? «Жыртықты бүтіндейміз» деген жоспарлы әрекеттің ендігі жай-жапсарын мақала өзегінде көрсетуге тырыстық.

Ақылы жолдың ақшасы қайда?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Төлем тәртібі

Алғаш рет 2013 жылы «Астана-Щучинск» бағыты ақылы жолға айнал­ды. 2019 жылдың басында «Астана-Теміртау», «Алматы-Қор­ғас», «Алматы-Қонаев» жол­дары­на ақы төлене бастады. 2021 жылдың қарашасынан бастап «Астана-Павлодар, «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Өзбекстан шекарасы», «Қонаев-Талдықорған», сондай-ақ «Щучинск-Көкшетау» бағытындағы жолдар ақылы негізде іске қосылды.

Былтыр жыл соңына қарай «Павлодар-Қалбатау», «Бейнеу-Ақжігіт», «Орал-Самара», «Павлодар-Омбы», «Көкшетау-Петропавл», «Орал-Саратов» автожолдарының тағы 6 учаскесі ақылы болды.

 

Түрлі-түрлі төлем бар

Әр учаске бойынша өзіне бекітілген тариф бар. Соған орай сомасы да әртүрлі. Сондай-ақ барлық категориядағы авто­кө­лік­терге айлық немесе бір жылдық абонементтер бар. Мамандар 1403 нөміріне хабарласып немесе kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы абонемент рәсімдеуге болатынын айтады. Бұл – ұдайы жолда жүретіндер үшін тиімді.

Әр ақылы учаске бірнеше аймаққа бөлінген. Аймақтардың шекарасында бақылау аркалары бар. Төлем мөлшері де осы аймақтарға тікелей байланысты. Көлік бақылау аркасын кесіп өту кезінде арнайы жүйе көлік ақылы учаскенің бірінен шығып, келесі аймаққа кіргенін тіркейді.

чс

Төлемақы мөлшері авто­кө­лік­тердің жүк көтер­гіштігіне бай­ла­нысты. Мысалы, I санаттағы жол­дарда барлық көлік құ­ра­­лы сал­мақ бойынша жол ақысын тө­лейді, ал ІІ және III санаттағы жол­дарда жол ақысы тек жүк көлі­гінен алынады. Яғни жеңіл кө­лікке қатысы жоқ. Бү­гін­де «Астана – Павлодар», «Астана – Щу­чинск», «Щучинск – Көкшетау», «Аста­на – Темір­тау», «Алматы – Қонаев», «Қонаев – Талды­қор­ған», «Ал­ма­ты – Қорғас», «Тараз – Қай­нар», «Шымкент – Қызылорда», «Шым­кент – Тараз», «Шымкент – Өзбек­стан шекарасы» учаскелері І санатты жолдың нор­ма­тивтік талап­тарына сәйкес болып есептелген.

 

30 млрд қайда кетеді?

Былтыр барлық ақылы жол­дың есе­бі­нен шамамен 30 млрд теңге қаржы түскен. Көлік ми­нис­тр­лігі берген мәліметке сүйен­сек, төлемақы нақты жылдық сомасы аудит­телген есептің нәтижесінен кейін белгілі болмақ.

Көпшілікке бұл қаржының қайда жұм­­салатыны қызық. Жалпы, біздегі рес­публикалық маңыздағы автожолдар ақылы болғаннан бастап олардың шы­ғын­дарына мемлекеттік бюджеттен қар­жы қарастырылмаған. Дұрысы, жоба бас­тал­ғалы ақы­лы учаскелер өзін-өзі қар­жы­лан­­дыруға көшті. Түскен қаржы ақылы жол­дарды күтіп-ұстауға және жөндеуге жұм­са­лады. Бұған қардан тазалау, тайғаққа қарсы материалдарды себу, қар тоқтататын қор­шау орнату, жол белгілерін жаңарту, жо­лақтар салу, күнделікті жолдың бойын және жиектерін жинау, демалыс алаңдарын таза­лау жұмыстары кіреді. Сондай-ақ қа­жетті арнайы техника сатып алу да қа­рас­тырылған. 2021–2023 жылдары ақылы жол есебінен 8,6 млрд теңгеге 191 жол техникасы сатып алынған. Жеңілдетілген несие аясында былтыр 22,3 млрд теңге сомасына 245 бірлік арнайы жол техникасы алыныпты.

Рас, жолдың ақысын төлеген соң, ондағы жағдайдың жасалғаны дұрыс-ақ. Бірақ кейбір жерлерде қызмет көрсету сервис­терінен бөлек жол сапасы да көңіл көн­шіт­пейді.

«Жергілікті «ҚазАвтоЖол» меке­месі өзіне тиесілі жұмысты атқа­рып отырса, көлік жүргізу­ші­лері оған дау айтпайды. Тек халықтан түскен түсімнің мақ­­сат­ты жұмсалғаны керек. Өзім көп қа­ты­най­тын «Қызылорда – Шым­кент» бағытында бұл жұ­мыс­тар жақсы жолға қойылған. Ойыл­ған, бұзылған жолды тез тарада тегістеп, қалпына келтіріп отыр. Ал осыны қайта келтіру үшін тендерге салып, құжатын рәсімдеп, құрылысты жүргізетін компания белгілі болам дегенше, бұзылған жол одан әрі бүлінеді. Бір сөзбен айтқанда, уақыт көп кетеді», дейді жүргізуші Бағдат Есжанов.

Қазір ақылы учаскелердің бойында 326 сервис нысаны (жанармай құю бекет­те­рі, кемпингтер, қонақүй, тамақтану пункттері, техникалық қызмет көрсету стансалары мен дәретханалар) бар. Оның 78%-ы ұлттық стандарт талаптарына сай. Биыл 5 ақы­лы учаскеде модульдік үлгідегі 7 са­н­­и­­­­тар­лық-гигиеналық торап салу жос­парланыпты.

 

2,4 мың шақырым жол ақылы болмақ

Былтыр қараша айының соңында өткен Үкімет отырысында Көлік ми­нистрі Марат Қарабаев ақылы жол­дар­дың қатары өсетінін айтқан еді. Оның сөзінше, кейінгі жылдары құ­ры­лыс жұмыстары көлемінің артуы­на бай­ла­ныс­ты 4 жолақты жолдардың үлесі кө­бейіп жатыр. Бұл өз кезегінде жол-пай­да­лану техникасының санын арттыруды талап етеді. Осы қажеттілікті шешу үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания­сы қо­сым­ша жол техникаларын алып жүр. Деген­мен әлі 1 100-ден астам техника жетіспейді, сондықтан «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» жеңілдетілген несие алу арқылы техникаларды толықтыру жұмыстары жал­ғасады.

«Жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаржы қажет етіледі. Осы орайда рес­публикалық бюд­жетке түсетін салмақты азайту мақ­сатында ақылы жолдарды кезең-кезеңімен іске қосып жатырмыз», деген еді министр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның 2023–2032 жыл­­­дарға арналған даму жоспары бойынша респуб­ли­калық маңызы бар автомобиль жолдарында ақылы жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. Ақылы жүйе енгізілетін учаскелерді анықтау кезінде транзиттік бағыттарға назар аударылады. Биыл жалпы ұзындығы 2,4 мың шақырым («Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Орынбор», «Ақтау – Бейнеу», «Қызылорда – Ақтөбе облысының шекарасы», «Үшарал – Достық», «Қостанай – Денисовка», «Мақат – Қандыағаш», «Тараз қаласындағы айнал­ма жол», «Қарағанды қаласындағы айнал­ма жол», «Балқаш – Бурылбайтал», «Шу – Бурылбайтал») жолда ақылы жүйе енгізіледі деп жоспарланған. Ал ақы­лы учаскелерді енгізу жоғарыда атал­ған­ автомобиль жолдарында жөндеу жұ­мыстары аяқталғаннан кейін және олар нормативтік талаптарға толық сәй­кес болғаннан кейін ғана басталатын көрі­неді.

«Биыл Қызылорда мен Ақтөбе об­лы­­сы­ның шекарасына дейінгі жолды ақылы ету туралы дерек бар. Бірақ ол екіжолақты. Әрине, бұл бағытта сервистік қыз­мет көрсету жақсы дамыған, бірақ көлік қоз­ғалысы өте көп. Жеңілі де, ­ауыры да ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Тар әрі екі­жолақты болған соң, онда бір-бірінен басып озам дегендердің апатқа ұшырауы көбейеді. Неге осындай екіжолақты жолды кеңітіп, төрт жолаққа айналдырып, одан соң ғана ақылы қылмасқа? Екіншіден, күре жол бо­йында мал өткелдерін салса, тиісті қоршаулар жүргізсе, жалпы жол мен қызмет сапасы дұрыс болса, мемлекеттің мұндай шешіміне ешкім де қарсы болмайды. Ал сапасы жоқ, қызметі төмен жолға төлемақы талап етуге өз басым қарсымын», дейді Б.Есжанов.

Жалпы, 2029 жылға дейін реконс­трук­ция­лау жұмыстары жүріп, оның аяқ­талуына қарай мұндай жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілетін болады. Минис­тр­д­ің сөзіне сенсек, еліміздегі ақылы жол та­рифі жақын және алыс шетелдермен салыс­тырғанда ең төмен көрінеді.

«Қазақстандағы ақылы жолдар та­ри­фі­ жақын және алыс шетелдермен салыс­тыр­ғанда ең төмен екенін айта кеткен жөн. Кейінгі уақытта транзиттік ағынның өсуіне байланысты, жөнделген жолдарды нормативтік жағдайда сақтау үшін, жол ақысын қайта қарау бойынша жос­парлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақылы жүйе бірінші кезекте транзиттік көлік құралдарынан қаражат жинауға бағыт­тал­ғанын ескере отырып, отандық тасымал­даушылар үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік төлем көзделген», дейді М.Қарабаев.

Министрдің айтуынша, бү­гінде жол­дар­­дың сапасы бойын­ша сын жетерлік. Ба­сым бөлігі жер­гілікті желіге қатысты. Се­бебі жол­дары нашар өңірлерде жер­­гі­лікті бюджеттен мүлдем қара­жат қа­рал­­ма­ған көрінеді. Былтыр 4200 ша­қы­рым жергілікті жолдар жөнделген, бұл жұ­мыстарға бюджеттен 384 млрд тең­ге көз­делген, оның 81 млрд теңгесі (21%-ы) жер­­­гілікті бюджеттен бөлінген. Осы­лай­ша, салалық ведомство әкімдіктер жол­­дың нормативтік жай-күйін көте­ру үшін жер­гі­лікті бюджеттен қосымша қар­жы­лан­ды­ру­ды қарас­тыру керектігін айтып отыр.