Ғылым • 12 Сәуір, 2024

Ер еңбегі – ел байлығы

103 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Геология-минералогия ғы­лымдарының докторы, академик Қаныш Сәтбаевтың арманы қазақ ғылымын дамытып, өркендету болды. Ғылымға кең өріс аша отырып, озық елге айналудың бағдарын бол­жайды. Жерасты қазба бай­лықтарының мол қорын ашудың ғылыми негіздемесін жасап, картасын түзді.

Ер еңбегі – ел байлығы

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жезқазғанның мыс кені, Қарсақбайдың темір рудасы, Байқоңыр-Қияқты көмір кендеріндегі алғашқы геологиялық барлау жұмыстары Ұлытау, Жезқазған аймағында ғана емес, еліміздегі қазба байлықтар­дың өндірістік қорын жоспарлы зерт­теудің бастамасы болды. Соның негізінде республиканың минералды шикізат базасы құрылды. ХХ жүзжылдықта бар күш-жігерін өнер­кәсіптің қалыптасуы мен дамуына, ғылым мен мәдениет саласын өркендетуге арнаған ғалым металлогения мектебінің негізін қалады.

Ғалым 1926 жылы Том техно­логиялық институтын тәмамдап, тау-кен инженер-геологі дипломын иеленіп келгеннен кейін еңбек жолын Ұлытаудағы Қарсақбай кен орнында бастағаны белгілі. Қ.Сәтбаевтың табандылығы мен ұйымдастырушылық талантының арқасында Жезқазған мыс балқыту зауыты салынды. 1927 жылы жас маман, инженер-кенші Қаныш Сәтбаев кәсіби кадрлардың, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне қарамастан, Қар­сақбайда ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. 1930 жыл­дың басында ғалымның жетекшілігімен ашылған Жезқазған әлемдегі ең ірі кен орны екендігі ғылыми тұрғыдан дәлел­денді.

«1935 жылдың 1 қаңтарында Жез­қазғанның кен қорлары барлық категориялар бойынша 3 220 мың тонна мысты құрады. Бұл көрсеткіштің өзі сондағы зерттелген қорлардың саны бойынша Жезқазғанды одақ көлемінде бірінші орынға шығарды. Алайда Жезқазған мүмкіншілігі бұл көрсеткіштермен шектелген жоқ. Жезқазғанның әлеуеті өте зор. Орталық Африканың мыс кен орын­­­дарына, әлемдегі мыс орында­рының ең ірісі болып табылатын Сол­­түстік Родезияға пара-пар еді. Жез­­­қаз­­ған ауданының аумағында жет­кі­­лікті ірі темір, темір-марганец кен­дері бар, олар үлкен көлемде кен өн­діруге мүмкіндік береді. Ал метал­логе­ниялық болжам карталары Орталық Қазақстан аймағында геоло­гиялық зерттеу нені және қайдан іздеу керек деген сұраққа нақты жауап бере алады», деп жазды өз еңбегінде академик.

Ғалым минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарды зерттеп, кен орындарының стратиграфиясы, тектоникасы, құрлысы, металлогения­сы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасап, ғылымға формациялық метал­ло­гендік анализдің кешендік әдіс енгізді. Көптеген тәжірибелі маман­дар Қаныш Сәтбаевтың еңбегі­нің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам қартала­рын жасады. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдар кені ашылып, ғылыми бағасын алды.

Осы орайда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, академик негізін қалаған, 80 жылдық тарихы бар Геология институтының бас ғылыми қызметкері Ақылбек Жүнісов академиктің геология саласын өркендетудегі еңбегі хақында ой толғай отырып, өндіріс орындарының картасын түзудегі кешенді ғылыми-зерттеулеріне тоқталды.

–Академиктің еліміздегі кен орын­дарын ашудағы кешенді еңбе­гі хақында сөз қозғағанда, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Украинадағы – Никополь, Грузия­дағы – Чиатури кен орны жаудың шабуылынан қолжетімсіз болып қалған тұста қысқа мерзім ішінде Қазақстанда марганецтің көзін ашып, майданға қажетті маңызды шикізат кенін ашқандығын бірінші кезекте атап өтуге тиістіміз. Ол Жезді марганец кен орнын барлау ісін ұйымдастырып, оқ-дәріге қажетті қорғасын, мыс,  басқа шикізаттарды өндіретін зауытты қысқа мерзімде іске қосты. Ғалымның ашқан жаңалығы одақтың құрыш құю өндірісін дамытуға ықпал етті. Оның ғылыми түйсігі, жекелеген ғылыми фактілерден аналитикалық қорытынды жасауға ықпал етті. Ғылы­ми білімпаздығының арқасында Ұлттық ғылым академиясының прези­денттігінен босаған тұста геологиялық топ құрып, Орталық Қазақстанның кешенді болжамдық металлогениялық картасын, ірі мас­штабтағы жаңа ғылыми негіздемесін жасады. Осы еңбегі үшін 1958 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. Осы­лайша, Орталық Қазақстанда ондаған кен орындары ашылып, ел игілігіне пайдаланыла бастады. Бүгінде академик жаса­ған метал­логениялық картаның құны арта түспесе, өміршеңдігін жой­ған жоқ. Осы картаның ғылыми әдіс­намасы негізінде ғалымдар Шах­мардан Есенов, Григорий Щерба, Арқатай Қайыповтың жетекшілігімен Орталық Қазақстанның тектоникалық аймағы зерттеліп, Мұғалжар, Кенді Алтайда ғылыми жұмыс жалғасын тапты. Ғалымдар осы еңбектері үшін одақ көлеміндегі беделді сыйлықтарға ие болды, – дейді профессор.

Профессор Ақылбек Жүнісов академик Қаныш Сәтбаев жасаған ғылыми негіздерге сүйене отырып, гео­логияны қазба байлықтар негізінде қарастырудың мүлде жаңсақ пікір екенін назарға алды.

– Геология ғылымы жердің пайда болуы мен дамуын, сол аймақтың органикалық әлемін, рельефтің пайда болуын, стратиграфиясын, тектоникасын зерттейді. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қ.Сәтбаев жасаған картаның әлі күнге кәдеге асып отырғанын жа­сыру еш қисынсыз. Бүгінде ғалым­дардың алдында осы карта негізін­де жаңа әдістерді пайдаланып, терең қабаттарды зерттеу ісі тұр. Акаде­мик Қ.Сәтбаев еліміздің тарихы қанша­лықты тереңде жатса, оның қазба бай­лықтарын ақылмен игеру арқылы экономиканы, әлеуметтік жағ­дай­ды жоғары сатыға көтеруге бола­тындығын айтқан болатын. Акаде­миктің пайымына сүйенсек, әрбір бұрғылаудың экологияға кері әсері болмай қоймайды. Десек те, осы саланы бақылауға алып, жағдайын қарастыратын жеке министрліктің жоқтығы көптеген іске қолбайлау болып отыр. Бұған бір ғана комитеттің мүмкіншілігі жете бермейді. Ғалым­дар ел басшылығы алдына үнемі мәселе қойғанымен, еліміздің қазба байлықтары қомағайлық әдіспен өндіріліп жатыр. Өйткені кезінде Қ.Сәтбаев барлап, ашып кеткен кен орындарында ең бай деген рудалар ғана игеріліп, төмен мөлшердегі кендер жер қабатында қалып қойып жатыр. Ал оны қайта барлау қомақты қаржыны қажет етеді. Сондықтан бірнеше пай­далы қазбаны бір кен орнынан жаңа технологиялар арқылы өндіріп алудың заманауи мүмкіндіктерін қарастыруға тиіспіз. Сонда ғана біз Жер-ананы негізсіз бұрғылап, зиян келтіруден аулақ болар едік, – дейді профессор.

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қарасты Геология ғылымдары институтының ғалымдары еліміздегі пайдалы қазбалар негізінде 11 томдық монография жазып, кен орындарының таралу заңдылығын сипаттайтын Атлас жасап шықты. Осы еңбектерде сипатталғанындай, еліміздегі геология саласының жаңа биікке көтерілгенін байқаймыз. Профессор Ақылбек Жүнісов атап өткендей, нанотехнологияның арқасында қазба байлықтарды зертханалық деңгейде зерттеу мүмкіншіліктері артып келеді.

Бүгінде салаға қызығушылық танытып отырған жастардың қатары көбейді. Кезінде жылына 7-8 студентке дәріс оқылған болса, қазір дені 70-ке жуықтады. Ал олардың кемінде 80 пайызға жуығы жұмысқа орналаса алады. Алайда ғалымдар үшін гранттық қаржыландыру көздерінің кешеуілдеуі зерттеу жұмыстарына да айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Тағы ескере кететін жайт, көптеген компаниялар жас мамандарды тәжірибесі жоқ деп жұмысқа алмай жатады. Өйткені олар бар-жоғы бір ай көлемінде ғана өндірістік тәжірибеден өтеді. Академик Қ.Сәтбаев еліміздің аймақтарын зерттегенде дала жұ­мыстары ерте көктемнен басталып, алғашқы қар түскенде аяқталып жататын. Қомақты қаржы бөлінетін. Сондықтан көптеген басшылар геологияны тек қазба байлық көзі ретінде қарастырып қоймай, геологиядағы іргелі ғылымды дамытуға көңіл бөлетін кез келді. Мұнымен қоса көрші Ресейдегідей бакалавриатпен қатар инженерлік мамандықты оқыту ісін жолға қою керек. Түлектер сондай-ақ магистратурада гранттық орындар шектеулі болғандықтан, тегін білімге үнемі қол жеткізе бермейді.

Мұнымен қоса еліміздегі барлау жұмыстарының дені мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асып келетінін ескерсек, оған қатысатын компаниялардың болашағы бұлың­ғыр. Ақылбек Жүнісов атап өткендей, елімізде өндірісі өте өзекті болып тұрған литийдің мол қоры бар. Міне, осы өндіріске кез келген компания­лар араласуда. Сондықтан бұл істі мемлекет өз қамқорына алып, кәсіби мамандарға сапалы зерттеулерге мүмкіндік беру қажет. Республика аймақтарында ғылыми-зерттеу инсти­туттарының басын қосып, жұмысын жүйелеп, Қ.Сәтбаев негізін қалаған Геология институтын жетекші оқу орны ете отырып, жұмылдыратын уақыт келді. Қазақстанның геолог ғалымдары кезінде 9 – Лениндік, 10 – КСРО Мемлекеттік сыйлығының, 14 рет Қазақстан Мемлекеттік сый­лығының лауреаты атанды. Көптеген халықаралық геологиялық ғылыми конференциялардың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болып келеді. Кезінде геологиялық үдеріс нәтижесінде түзілген тау жыныс­тарымен, қазба байлықтарымен ерекшеленген қазақ жері әлем ғалымдары үшін геологиялық полигон орталығы саналғаны белгілі. Бүгінгі күні де еліміздің қазба байлықтарына көз тігіп отырған елдер жетерлік. Сондықтан  байлығымызды өз ғалымдарымыз зерттеп, өзіміз игеретін мүмкіншілікті арттырған ұтымды болар еді. Осындай пікірін алға тарта отырып, профессор А.Жүнісов академик Қ.Сәтбаев негізін қалаған геология ғылымын әрі қарай дамыту іргелі ғылымды өркендетумен сабақтасатыны белгілі. Ал кен орындарын ел игілігіне тиімді пайдалану­дың негіздері академик сызып қалдыр­ған геологиялық картада сайрап жатыр.

 

АЛМАТЫ