Пікір • 15 Сәуір, 2024

Дәстүрлі құндылықтарымыздан ажырамайық - Руслан Рүстемов

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң туралы пікір білдіріп, қазақ халқын дәстүрлі құндылықтарды сақтауға шақырды, деп жазады Egemen.kz.

Дәстүрлі құндылықтарымыздан ажырамайық - Руслан Рүстемов

Фото: inbusiness.kz

«Ерте кезде бабаларымыз жорыққа аттанарда артта қалған қарттар мен бала-шағаны әйел-аналарға аманаттап, «артта сіздер бекем болсаңыздар, біздің де көңіліміз тоқ, жолымыз ашық» деп нәзік жандарға сеніп тапсыратын болған.

Әрине, заман өзгеріп, қоғам алға жылжыған сайын осындай дәстүрлі құндылықтарымыздан бір мысқал ажырамауымыз тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты жиі орын алатын зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату заманның талабы мен сұраныстарына сәйкес туындап отырғанын ұмытпауымыз қажет», деп жазды сенатор.

Руслан Рүстемов аталған мәселе қоғамда қызу талқыланып, осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіру қажеттігі айқындалғанын айта кетті. Барлық сарапшылардың, қоғамдық белсенділердің пікірі қабылданатын заңның басты міндеті - балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

«Осыған орай, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Мемлекет басшысының ұстанымы айқын: заңның үстемдігін белгілеу және заң нормалары сақталатын әділетті қоғам құру. Заң мен тәртіпті орнату оның сайлауалды бағдарламасының негізі болып саналады. Мемлекет басшысы ұсынған «заң және тәртіп» қағидаты барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек дегенді білдіреді. Бұл принциптің өзара байланысты екі қыры бар. Біріншісі - «заң бар жерде тәртіп бар». Екіншісі - «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». Осылайша, жасалған қылмыс үшін қолданылатын жаза ғана маңызды емес, сондай-ақ, қылмыстың алдын алу да маңызды», делінген сенатордың жазбасында.