Аймақтар • 16 Сәуір, 2024

Ауыр техникаларды аттандырды

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге елдің түкпір-түкпірінен көмек легі толассыз жеткізіліп жатыр. Гуманитарлық көмектен өзге, ауыр техникалардың қажеттілігі де арта түсті. Осыған орай Қонаев және Алматы қалаларындағы станциялардан Батыс Қазақстан облысына су тасқынымен күресу үшін арнайы және инженерлік техникалар тізбегі жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыр техникаларды аттандырды

Алматы облысынан жиналған техникалар құрамында камаз, трактор, су тасығыш және моторлы қайықтар бар. Техниканы жөнелтуге дайындық жұмыстарына 300-ге жуық адам жұмылдырылды, оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері, 32363 әскери бөлімінің 55 әскери қызметкері және Қонаев қаласының әкімдігі қажетті материалдарды қамтамасыз етіп, жабдықтарды платформаға тиеді.

Елімізге танымал «Маревен Фуд Тянь-Шань» серіктестігі мен жеке кәсіпкер Арсамақов су басқан өңірлерге бара жатқан жүргізушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.

«Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен Қонаев және Алматы қалаларының станцияларынан Батыс Қазақстандағы су тасқынына қарсы күреске жалпы саны 166 арнайы техника жіберіледі, жақын маңдағы өңірлерден Алматы облысы жалдаған 41 техника апат аймақтарында жұмысын бастады. Кеше 60 техника және ішінде 4 қайық тиелген 47 платформа жолға шықты. Сонымен қатар 65 техника платформаларға тиеліп жөнелтуді күтіп тұр. Әр пойыз дайын болған бойда жөнелтіліп отырады. Әр техникаға жүргізуші тағайындалып, олар да пойыздың басындағы жолаушылар вагонына орналасқан. Бұл шараға облыс кәсіпкерлері, коммуналдық қызметтер мен облыстық басқармалар, сонымен қатар шаруа қожалықтары қатысып жатыр. Халқымызды табиғаттан келген тосын жағдайдан қайткенде аман алып шығуға атсалысамыз, біздің күшіміз – бірлікте», деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

Айта кетейік, осы айдың басында облыстық төтенше жағдайлар департаменті Атырау қаласына 33 жеке құрам мен 13 техника аттандырды, олар күні бүгінге дейін жұмыстарын жалғастырып жатыр.  Абай ауданына 6 құтқарушы мен 2 бірлік техника жіберілді. Ал бүгін 4 құтқарушы мен 2 қайық жөнелтіледі.

Жөнелтілген техника шамамен үш күн жол жүріп, учаскеге жеткен соң барлық қажетті жұмыстарда пайдаланылады.

аа