Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Жерге түкіргендер көше сыпырып қалуы мүмкін

68 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер қаралды. Нақты айтқанда, тәртіп бұзушыларды қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жерге түкіргендер көше сыпырып қалуы мүмкін

Фото:depositphotos.com

Әділет министрі Азамат Есқараев атап өткендей, қолданыстағы қылмыстық заңнама аясында қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 43-бабына сәйкес сотталғандар тегін жұмыс күші ретінде белгілі бір біліктілікті талап етпейтін қоғамдық жұмыстарды атқарады. Оларды әкімдіктер ұйымдастырады. Әділет министрлігі осыған ұқсас жазаны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБК) енгізуді ұсынды.

«Заң жобасында қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жазаларды жүзеге асырудың ұқсас тетігін қолдану ұсынылды, оны жүзеге асыру әкімдіктерге тапсырылады», деді Азамат Есқараев Мәжілістің жалпы отырысында.

Қоғамдық жұмыстарға ұсақ бұзақылық (434-бап) жасағандар, алкогольді ішімдік ішкен немесе қоғамдық орындарға мас күйінде барғандар (440-бап), қоғамдық орындарда қысым көрсеткендерді (449-бап) тарту ұсынылды.

Айта кетейік, ұсақ бұзақылыққа қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау, ғимараттарды, басқа құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және басқа да қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жатады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы қоғамдық орындарда әдепсіз сөз айтқан азаматтарға айыппұл салына бастады. Бүгінгі күні айыппұл 20 АЕК-ті (2024 жылы 73 840 теңге) құрайды.