Дәстүр • 18 Сәуір, 2024

Қазық майлау

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әне бір жылы курстас дос Қай­раттың келе қалғаны. Сы­рымбеттің етегіндегі елде аз ғана шаруасы бар екен. Алыстан ат арытып келген соң өтінішін жерге тастай алмадық. Көгілдір көктем еді. Жол ұзақ. Қос қапталда етек-жеңі кең пішілген, малды, жанды ауылдар бірінен соң бірі сынаптай сырғанап қалып бара жатыр.

Қазық майлау

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Бие байлап жатқан шығар, – деді курстасым, – қымыз болмаса да саумал ішсек қайтеді?..

– Тоқтасақ, тоқтайық, – дедім ойымда ештеңе жоқ мен.

Ауыл қотанында жөн сұрастық. Әуелі іздегеніміз қариясы бар шаңырақ. Қария табылғанымен, қымыз табылмады. Бие байламайды екен. Келесі ауылда да солай болып шықты. Ұят қысқан соң курс­тасымды тіліммен тойдырдым.

– Ал бие сауу – бөлек өнер, – деймін ғой, – күні бүгінге дейін көз алдымда. Әжеміз биені идіргеннен кейін бір қо­лымен оң жақ санының алдынан, екінші қолымен сол жақ санының артынан құшақтап отырып сауатын. Таудай бие теуіп қалады-ау деп қорқып, үрікпейтін. Қашан да сезімтал жылқы малы өзінен қорыққан адамды аңғарып сезіп тұрады. Бие емшегінің үрпі кең әрі жұмсақ келеді. Тез-тез саумаса сүт ағып кетеді, әйтпесе иісініп тоқтап қалады. Сондықтан бұл арада бие саууды әншейін жай ғана бір тіршілік көзі саналатын күнкөріс деп емес, айрықша бітімді, көшпелі халықтардың ғана маңдайына жазылған өнер деп ұғушы едік. Өрістен келген мама биелердің жалын тарап, сылап-сипап, еркелетіп жататын. Әу баста жаратқан ие артық жаратқан төрт түліктің төресі жылқы малы да өзін жақсы көрген, ая­лап-әлпеш­теген адамды ұнатады. Таң­ сә­ріден келетін жылқы үйірін жүген-ноқтамызды ұстап, алдынан шығып тосатынбыз. Содан соң түнгі өрістен тойы­п келген мама биені жүгендеп, мініп алып, үйге қарай беттесек, тай-жабағы соңынан бірге еріп жүретін. «Ағы бардың – бағы бар» деп халық тегін айтты дейсіз бе? Қымыз көпшіліктің асы болатын. Бие байлаған үй несібесін көпшілікпен бөлісіп ішетін. Көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бір биені байлап, қашан ағытқанға дейін сыбағасы деп, ақтан ауыз тиіңіз деп шақырысып жататын, мұның барлығы сол кездегі адамдардың бір-біріне деген кең қолтық, жомарт пейілі. Дәл бүгінгідей қымыз сатуды ел естіп көрмеген. Қазір жылқы ұстағанымен, оның пайдасын өз басына жарата алмай отырғандар көп. Әдетте сауылатын биелер сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөлінетін. Сақа бие сан мәрте құлындаған, саууға әбден көндіккен, бас білген бие. Қулық – құнажын немесе дөнен кезінде алғаш құлындаған бие. Ал қысырақ бие деп соңынан былтырғы құлыны, қазіргі жабағы еріп жүрген қысыр қалған биені айтады. Тай еміп жүргендіктен, қысырақ биелер сауыла береді. Ол тұста шөптің шығымына, малдың күйіне қарай сауылатын сүтті биелерді үйдегі үлкендер іріктеп, таңдап, тұқымын үзбей ұстайтын.

Қалаға жеткенше құлақ құрышын қандырдым. Өзі де менің көбік сөзімнен қажыды ғой деймін, тіс жарып үндеген жоқ. Аттандырып салған соң қазақтың қасиетті асын ұқсата алмай отырған ауыл­дағы ағайынға өкпемді қалай жеткізсем екен деп он ойланып, мың толғандым.

Таяуда елдегі жамағайын қазық май­лауға шақырды. Қуанып қалдым. Ескінің жоралғысы. Бұрын да құлын байлайтын қазыққа, айғырдың жалына май жағып, ырымдаушы еді. Бие байлау мерзімі мамыр айының бас кезінде болатын. Бұл кезде құлындар марқайып, жетіледі. Күніне бес-алты сағат байлауда болады.

Арнайы қазық қағылып, құлын байлайтын желі дайындапты. Үлкендер «малға құт дарысын» деп қазықтың басына сары май жағып жатыр. Сары майды айғырдың жалына да, биенің сауырына да жақты. Тыпырлай бұлқынып, шортандай шоршыған құлындарға әдемі ноқта кигізді. Биенің алғашқы сауынынан кейін мол дастарқан жайылып, астан дәм таттық. Құтты болсын айта келгендер «Ақ мол болсын!» деген игі тілектерін білдіріп жатыр. Дастарқан жиналар алдында Сапар ақсақал: «Жазың жауынды, биең сауынды болсын, жылқың көкке кенелсін, құлының сүтке бөгелсін» деп бата берді.

Елдің ескілікті дүниені қайта жаң­ғырт­қан кейпіне қуандым. Қай­рат құрдас тағы бір соқса, өткендегі айыбымды жуар-ақ едім. 

Соңғы жаңалықтар

Мүмкіндігі мол мегаполис

Алматы • Бүгін, 08:50

Жол құрылысы жандана түсті

Аймақтар • Бүгін, 08:40

Қазақ неге аштыққа ұшырады?

Тарих • Бүгін, 08:35

Әлкей әлемі

Тағзым • Бүгін, 08:25