Өндіріс • 18 Сәуір, 2024

Жылуды сақтайтын оқшаулағыш: Табыс та, түйткіл де бар

129 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Макинск жылу оқ­шау­лағыш зауыты» серік­тестігі жылына 34 мың тонна өнім дайындайды. Бюджетке бір мил­лиард теңгеге жуық салық төлеп отыр. Серіктес­тік – еліміздегі базальт шикізатынан жылу оқ­шау­лағыш дайындайтын бірден-бір ірі кәсіпорын. Өнімі де жан ұшырып жарнамалауды қажет етпейді. Қысы суық солтүстік өңірде сапалы жылу оқшаулағыш – қасқалдақтың қанындай қат дүние.

Жылуды сақтайтын оқшаулағыш: Табыс та, түйткіл де бар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Өнім экспорттық әлеуетке ие

Алғаш ашылған кезден-ақ құрылыс саласы мамандарының көңілінен шығып, сұранысқа ие болған өнімнің өтімділігі неде? Әрине, сапасына байланысты. Жы­лу оқшаулағыштың әлде­неше түрін дайындайтын кәсіпорын сэндвич-панельдерін де өндіреді. Сапа туралы әңгіме сабақ­таған­да серіктестік бас­шы­лары итальялық «Gamma Meccanica SPA» компаниясы­ның техно­логия­­лық желісінің жетістігін ауыздары­ның суы құрып мақтап отыр. Кәсі­порын өнімдері өздерінің «MakWool» сауда белгісімен тір­­келген. Атақ-абыройы да өз еліміздің ішін­де, алыс-жақын шетелде де осы белгімен таныс. Дайын өнім сапасы мұқият тексеріліп, сан түрлі сараптамадан өткізіліп, отандық және ресейлік тиісті сертификаттарға ие болған.

им

Көздеген мақсатқа қол жетіп, өз биігіне шыққан кәсіпорын өнімі қазір Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығарылып жатыр. Алдағы уақытта жылдық өнім көлемін 55 мың тоннаға жеткізбек. Ол үшін жаңа технологияларды қолданбақ. Әсіресе «жасыл» өндіріске иек артуды көздейді. Төрткүл дүниеге, табиғатқа, қоршаған ортаға зиян келтірмеу жағын мықтап қолға алып отырған жайы бар.  Қазір мұнда 170 адам жұмыс істейді, орташа еңбекақы 320 мың теңгенің төңірегінде. Шағын қаланың тұрғындары үшін көп-көрім табыс. Оның үстіне кәсіпорында қол еңбегі мейлінше азайтылып, қыруар жұмыс механикаландырылған.

 

ҚТЖ қашанғы қырсығады?

Отандық өндірістің алға басқан қадамын кері кетіріп, тұсау болып тұрған тұсы да бар екен. Осы бір мәселені екпін түсіріп айта кетсек, артық болмас. Жалқыға емес, жалпыға қатысты дүние. Кәсіпорын басшыларының мәлімдеуіне қарағанда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметіне көңіл толмайды. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл тарқатып айта кетелік. Зауыттың іркіліссіз жұмыс істеп тұруы шикізаттың уақытында, кешіктірілмей жеткізілуіне байланысты. Ал қажетті шикізат, яғни базальт тасы Ресейдің Алтай өл­ке­сінен тасымалданады. Алтайдағы «Алтай Кокс» акционерлік қоғамы ұсынатын өнім Макинск қаласына жет­кізілгенінше қаншама машақат. Шекаралық аймақтағы Құланды стансасында шикізат тиелген вагонды тасымалдайтын Қазақстан жағының локомотивтері тапшы. Ресей жағынан келетін теміржол бойындағы вагондар дәл осы стансада іркіліп қалады. Ал шикізаттың уақтылы жеткізілмеуі – қаншама шығын.

им

Мәселен, күні бұрын түзілген ке­лісімшарттар уақтылы орындалмайды, кредиторлар алдындағы міндеттеме дер кезінде өтелмейді, салық та жүйелі төленбейді. Осындай бірқатар мәселе бір ғана жайдың сәтімен сабақталмауы­нан туындап отыр. Зауыт басшылығы «Қазақстан темір жолы» басшыларына бірнеше мәрте хат жазып, өтініш айт­қанымен, әзірге оң қорытынды шыға қойған жоқ. Жүк тасымалындағы осындай оралымсыздықтар жиі туын­дайтыны – шындық. Жалғыз бұл серіктестік қана емес, агроөнеркәсіп саласындағы қаншама құрылым бейнет шегіп отыр.

 

Қалдықтар қайта өңделеді

Кәсіпорынның қоршаған ортаға залал келтірмеуге тырысып, бар мүмкіндігін жұмылдырып отырғанын жоғарыда сына­лай айтып кеттік. Осы пікірді сәл ғана дамытып айтатұғын болсақ, кәсіп­орын алдағы уақытта әлемдегі ең озық технологияларды қолдану арқы­лы қоршаған ортаға иненің жасуындай зиян келтірмеуге тырысып жатыр. 2023 жылдың сәуір айын­да «FAS Hansek GmbH» неміс ком­па­ния­сының технологиялық желісін орнат­қан. Бір айта кетерлігі, осы желі іске қосылғаннан кейін базальт тасының қалдығын  жою сап тыйылды. Қалдықтар қайта өңде­леді. Демек өндіріс барысында қор­шаған ортаға залалын тигізетін зиян­ды зат мүлде қалмайды. Жағымды жаңалықтың әсері жасыл әлемнің жүзіне кіреуке түсірмеу болса, екінші жағынан үнем мәселесінде де ұтымды. Алыстан тасымалданған шикізат түгелдей кәдеге жаратылады. Жаңа желіні Германиядан келген мамандар құрастырып, мұнда жұмыс істейтін адамдарды оқытып, жолға қойып кетті.  

ь

Ендігі бір мәселе – базальт тасынан талшық өндіру кезінде қалатын қалдық. Бұл қалдық екінші қайта өңдеуге жатпайды. Сондықтан қалдықты ұнтақтап, инертті материал дайындауға көшкен. Бұл орайда өндірілетін өнім өндіріс­тік алаңның астына төсейтін шақпа тастарға айналып, дуал қабырғалары­на да пайда­лануға әбден болады. Осы жыл­дың сәуір-мамыр айларында жаңа өндіріс желісі толық қуатында жұмыс істей бастайды. Дәл мұндай сипаттағы жаңа дүние елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырғанын да айта кету керек.

Шикізаттың Ресейден тасымалданып жеткізілуі қиынға соғып отырғанын айттық. Әрине, базальт тасының құ­ра­мындағы химиялық қосындылар та­лапқа сай болуы керек. Мұндай тас өз елімізде де бар екен, тіпті алыста да емес, Макинск қаласынан қырық шақырым жердегі Кішкентай және Келіншек елді мекендерінің маңында. Тек әттеген-айы бағалы тас «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында.

Табысы мол кәсіпорын шағын қа­ланың шырайына өз үлесін қосып ке­­леді. Жұртқа жасаған жақсылығын жариялап айтқылары келмейді. Ол да – бір жақсы қасиет. Қалай болған күнде де, қыруар адамға жұмыс беріп, бюджетке қомақты қаржы аударып отырған отандық өндірістің өрге жүзуі – құптарлық-ақ дүние.

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы