Құқық • 20 Сәуір, 2024

Әлімжеттікті қоғам жеңеді

89 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың түрлі амалы қарастырылып, қылмысқа қарсы заңның нормалары бірнеше рет өзгертілді. Сол себептен де күні кеше Мемлекет басшысы қол қойған жаңа құжат қоғамда қызу талқыланып, бұған дейін қабылданған заң баптары бүге-шігесіне дейін қаралды. Әйел құқығы мен бала қауіпсіздігіне қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық қатаңдатылған жаңа құжаттың ерекшелігі туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал СЕРІКБАЕВАДАН сұрап көрдік.

Әлімжеттікті қоғам жеңеді

– Елімізде тұрмыстық зор­лық-зомбылықты криминализациялайтын құжат бұған дейін де қабылданған еді. Бі­рақ заң жағдайды өзгертуге ық­пал ете алмады. Бұл жолғы заң­ның нормасы дұрыс жұмыс істейтініне кепілдік бар ма?

– Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық мәселесі кейінгі жылдары Мемлекет басшысы қатаң бақы­лауына алатындай өзекті мәселеге айналды. Сондықтан бұл жолы салаға қатысты құжат жан-жақты талқылаудан өтті. Рас, кейінгі бес жылда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтың жазасын барынша қатаңдаттық. Мәселен, 2019 жылы өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Был­тыр тағы да Қылмыстық кодекс­ке өзгерістер енгізілді. Былтыр шілдеден бастап қосымша Әкім­шілік кодекске де өзгеріс енгі­зіл­ді. Мұнда да тұрмыстық зор­лық-зомбылық жасаған құ­қық бұзушылықтардың жаза­сын қатаңдатуға байланысты тү­зетулер қолданысқа беріл­ді. Әкімшілік кодекске сәйкес тұр­мыстық қатынастар саласын­дағы жасалатын құқық бұзушы­лықтардың барлығына ешкімнің арызынсыз-ақ іс қозғауға рұқсат етілді. Ал бұған дейін біз жә­бір­­ле­­ну­ші­лердің арыз беруден бас тартуына байланыс­ты «жуан жұ­дырық иелеріне» еш­қан­дай жаза қолдана алмай кел­дік. По­лицияның қолы агрес­сор­­-бұзықтар алдында байлаулы бол­ды. Былтырдан бастап қана бірден Әкімшілік іс қозғап, сотқа жіберудің арқасында соғыл­ған қоңыраулардың 98 пайызы бо­йын­ша агрессорға жаза қолда­нылып келеді.

Кеше ғана қабылданған жаңа заң бойынша Әкімшілік ко­­декс­­тегі «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» және «ұрып-соғу» бабы Қылмыстық кодекске енгі­зілді. Бұл заңға сәйкес агрессор-бұзықтар жәбірленушіге жеңіл дене жарақатын салса, бірден қыл­мыстық жауапкершілікке тартылады. Жалпы, қылмыстық жауап­кершіліккке тарту тәжіри­бесі бұ­рын да болған. Мұндай қыл­­мыс­­тар 2015-2017 жылға дейін қыл­­мыстық құрамға енгізілген еді.

– Бұл баптарды қылмыс­сыздандыруға қандай себеп болды?

– Себебі заңды қатайту нәти­же берген жоқ. Сол себептен біз қайтадан әкімшілік құрамға ауыстырдық. Алайда бұл жерде заңның өзінен бұрын қосымша атқарылуға тиіс бірқатар мәселе туындады. Айталық, қылмыстық іс ауырлығы мен жеңілдігіне бай­ланысты түрлі санатқа бөлі­неді. Мысалы, жеке айыптау, же­ке жариялылық түрде айып­тау, жариялы айыптауға жата­тын істер болады. Бұл істер жеңіл, орташа ауыр, ауыр бо­лып тағы бөлінеді. Яғни «денсау­лыққа жеңіл жарақат келтіру» мен «ұрып-соғу» бабы жеңіл қыл­мыстық істер санатына жатқан­дықтан, бұл екеуі де жекеше айыптауға енді. Жекеше айып­тау дегеніміз – жәбірленуші өзі сотқа барып арыз жазып қана қоймай, дәлелдемелерінің барлығын өзі жинап, куәгерлерді де өзі сотқа жеткізу керек. Де­мек қылмыстық істің барлық дәлелдемесін өзі жинақтап, сотта өзі дәлелдеуге тиіс болды. Тіпті сот-медициналық сараптамасын да өз бетінше жасатып, қорытындысын жеткізетін.

Құзырлы органдардың жұмы­сын жеңілдету үшін жәбірленуші өз мүддесін өзі қорғауға міндет­телген. Тұрмыстық зорлық-зом­­былықтан зардап шеккен жә­бір­ленушінің дені өзі сор­лап жүргенде арыз жазып, дәлел­­демелерді жинап, істі соңы­­на дейін жеткізе алмайды. Дә­лел­демені жинап, сотта дәлел­деген күннің өзінде істің бар­лығы қай­та­дан ысырылып қалады. Сал­дарынан ауыр қыл­мыс­тар көбей­ді. Жылдар бойы осын­дай жасырын қылмыстар отбасы, ошақ қасында қалып қойды да, біраз жылдан кейін қайта тұтануына түрткі болды.

Сонымен қатар айыпталушы­ларға үлкен айыппұл салы­нып, үйқамаққа алыну енгізілді. Алайда бұл да то­лық жетілдірілмей, қа­­был­­­дан­ған шикі шешім еке­нін тә­жірибе көрсетіп берді. Мы­­салы, аймақтарда үйқа­мақ­­­­тар жетіспейтін еді. Жә­бір­лену­шілердің ісі сотқа жеткенімен, айыппұлмен ғана шектелу­ге тура келді. Оның үстіне 200 АЕК теңгемен есептегенде 500 мың теңге айыппұлды тө­леуге отбасылардың шамасы келмеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбі тұрмыстың төмендігінен туындайды. Тіп­ті балаларына алатын жалғыз әлеу­меттік төлеммен өмір сүріп отырған отбасылар үшін мұндай айыппұл төлеу жәбірленушінің өзіне де тиімсіз болды. Айналып келгенде жәбірленушінің өзіне ауырлық тигізгендіктен, екі жыл­ға жетпей, 1,5 жылдың ішінде бірден Әкімшілік кодекске қайта ауыстырдық. Сол қылмыстық іс қозғалған оқиғаға сәйкес «ерекше талап орнату» деген тетік бар. Яғни Әкімшілік іс сот­қа барғанда полиция «Сіз өзіңіз­­дің қаулыңызбен осы құ­қық бұзушыға ерекше талап қоюыңыз­ды сұраймын» деп 3 айдан 1 жылға дейін деп көрсе­тіп, өзі ұсыныс береді. Сөй­тіп, агрессор полицияның профилак­тикалық есебінде тұрады. Басқа­ша айт­қанда, полиция оны 5-10 күнге қамап қана қоймай, бір жылға дейін бақылауға алады.

Шартты түрде сотталғандар секілді бақы­лауымызда ұстап, апта сайын учас­келік поли­ция инспекторы үйі­не барып тексеріп, ерекше талап­тың шектеулерін бұзған-бұз­ба­ғанын анықтайды. Егер талап­ты бұзған жағдайда тағы да әкім­шілік жауапкершілікке тартып, іс сотқа жолданады. Енгізілген қылмыстық істің аясында біз бұл тетіктерді атқара алмадық. Тек жазасыз қалғанымен қоймай, агрессорлар профилактикалық қадағалауымыздан да босатылды. Барлық жағынан тиімсіз болған заң болғандықтан, қайтадан Әкім­шілік кодекске ауыстырдық.

Статистика тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың жыл санап өскенін көрсетіп отыр. Өйт­кені былтырғы шілдеге дейінгі заң жұмыс істеп тұрған кезде жәбірленушілер полиция­ны ша­қырғанымен, арыздан бас тартатын. Себебі тағы да сол, жәбірленушілердің психология­лық, экономикалық тәуелділігі, туыс-туғандардың араласуы, рухани әлсіздігінен де соғылған қоңырау мен жазыл­ған арыздар аяқсыз қалды. Ал қо­ғам­да әлсіз адам ғана әлімжет­тікке ұшы­рай­ды. Сондықтан жәбірленуші арызды қайтып алуға мәжбүр болады.

Кейбір жәбірленушілер өзінің өмірінен де отбасының абы­ро­йын ойлап арызды қайтып алып жатты. Сөйтіп, біз түскен арыздармен ғана жұмыс істеп, қалған отба­сылардағы жәбірленушілерді қауіп­пен бетпе-бет қалдыруға мәжбүр болдық. Әйткенмен был­тыр­дан бастап қолданысқа енгі­зілген Әкімшілік құқық бұзу­шы­­лық туралы кодекске сәйкес арыз­дардың 98 пайызына іс қоз­ғал­ды. Осылайша, полицияға ке­ліп түсетін арыз-шағымдар үш айда – 20, отбасылық тұрмыстық са­ла­дағы қылмыстар 16 пайызға азайды.

– Бірақ арыздың азаюы жә­бір­ленушілердің әпербақанға тәуелділігінен туындап тұрған жоқ па? Мәселен, бұрынғыдай арыздан бас тарта алмасын, татуласу болмайтынын түсінген соң осындай қадамға да баруы мүмкін емес пе?

– Қоғамда арызды қайтарып ала алмайтындарын біліп, арыз жазуды қойған шығар де­ген пікір айтылып жатыр. Бірақ бізге хабарласатын жәбірле­ну­ші­лердің айтқанына қарасақ, бар­лығы жанжалдың үстінде хабар­ласқан. Яғни осындай арыз-шағымдардың 90 пайызында жанжалдың шарықтау шегіне жеткен тұсында қоңырау шалғандығын көрсетеді. Мұндай уақытта жәбірленушінің басында айналадағы адамдардың пікірі маңызды болмайды. Бұрын ашу- ыза үстінде хабарласып, кейін арыз беруден бас тартқандардың 60 пайызы өз райынан қайтатын. Қазіргі заңға сәйкес арыз түскен бойда әкімшілік іс қозғалады. Бұл адамдардың құқықтық санасы оянғанын көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Бұған дейін жәбірленушілердің арызымен іс қозғалып, сотқа жеткенде де жәбірленуші мен айыпталушыны бір рет емес, бірнеше рет келсе де татуласа беретін. Қазір адамдар татуласуға болмайтынына көзі жетті. Соның арқасында қайталау фактілері 37 пайызға азайды. Себе­бі қазіргі заң әпербақан мен жә­бір­ленушінің сотта ғана бір рет та­туласуына мүмкіндік беріп отыр.

– Былтыр қабылданған бұл өзгерістер кейінгі қол қойған жаңа құжатқа сәйкес өзгеріске ұшырай ма? Әлде бұл қосымша жұмыс істей бере ме?

– Қазір тұрмыстық салада отбасының бір мүшесіне қол көтеріп, денесіне зақым келтір­месе де, дауыс көтеріп, тұрмыстық заттарды сындырғаны, балағат­тап, ар-намысына тигені үшін де әкімшілік іс қозғалады. Сондай-ақ қорғау нұсқамасының талаптарын бұзу, ерекше талапты бұзу деген баптар да Әкімшілік кодексте қалды. Ал «денеге жеңіл-желпі зақым келтіру», «ұрып-соғу» баптарын Қылмыстық ко­дек­ске көшірдік. Бірақ бұл бап­тарды қылмыстық іске көшір­генде алдыңғы тәжірибеде кет­кен олқылықтың барлы­ғы ескерілді. Тиімсіз болған мә­селелердің барлығы қайталан­байтындай етіп өзгертілді. Яғни бұрынғыдай емес, қылмыстық істердің жеңіл санатына жатса да, жариялылық түрде қозғалатын болады. Демек ешкімнің арызынсыз полиция ауыр қылмыс ретінде іс қозғап, өзі тексеріп, тер­геп сотқа жібере алады. Үйқа­мақ­тардың да саны көбейді. Айып­пұлдан бөлек, қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Мысалы, егер 200 АЕК айыппұл салынса, оның баламасы 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Сот агрессордың отбасылық жағ­дайын ескеріп, қоғамдық жұмыс­қа жегуге шешім шығара алады. Сондай-ақ оның ішінде түзеу жұмыстары да бар. Ең маңыздысы, екі бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. ӘҚБтК бойынша бұрын қайталаған жағдайда агрессорды 25 тәулікке ғана қамай алатын болсақ, енді денсаулығына жеңіл жарақат келтіргені үшін екі жылға дейін бостандығы шектеледі.

Тағы бір мәселе. Қылмыстық істің аясында «98-3» деген жаңа бап енгізілді. Бұл баппен тек денсаулыққа жеңіл жарақат салу мен ұрып-соғу емес, орташа ауырлықтағы, ауыр зиян келтіру болсын, барлық отбасылық тұрмыстық саладағы қылмыстық істің аясында сотқа ерекше талап енгізу туралы ұсыныс бере аламыз. Агрессор-бұзықтарға профи­лактикалық жұмыс жүргізуге құқық алдық. Ең маңыздысы, «Ұрып-соғу» бабымен қозғалатын істерде сот-медициналық сарап­та­маның қорытындысы керек емес. Жәбірленуші айтса, сол да жеткілікті. Демек бұл өзгеріс ешкім ешкімнің өмі­ріне қол салуға, ар-намысына тиісуге болмайтынын көрсетеді. Тоқетерін айтқанда, қылмысқа нөлдік тө­зім­ділік таныту керек дегенді білдіреді.

– Өзін-өзі қорғау үшін күйеуін өлтіріп алған әйелдер ұзақ мерзімге, ал соңынан аңдып жүріп әйелін өлтірген күйеуіне аз жаза тағайындалған жағдайлар да бар. Бұған не дейсіз?

– Әкімшілік және қылмыстық іс бойынша соңғы құқықтық баға­ны сот береді. Қылмыскер мен құқық бұзушыны да «кінәлі» деп танитын сот. Әрбір сот заңның аясында жазаны өзі тағайындайды. Ал заңда «абайсыздықта қорғану үшін», «абайсыздықта өлімге әкеліп соққаны үшін» деген бап­тар бөлек, «кісі өлтіру», «ауыр зиян келтіріп өлімге әке­ліп соқтыру» деген әртүрлі бап бар. Соған сәйкес шешім шыға­рылады. Қорғау үшін қылмыс жасаған болса, олардың жазала­ры кісі өлтіруге қарағанда төмен. Күйеулерін 15-20 жыл зорлық-зомбылықтың шекарасынан шығып, әбден шегіне жетіп, басқа шарасы болмағандықтан аса қатыгездікпен өлтірген оқиғалар да болды. Оларға «қасақана өлтіру» деген баппен іс қозғалады.

Кейінгі он жылдың ортақ есебіне сүйенсек, жылына отба­сы­лық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық саласында 80 әйел қай­тыс болған. Оның барлығы күйеуі­нің қолынан қаза таппаған. Отбасы­ның басқа да мүшелері, мысалы, шешесі мен қызы, аға­сы мен қарындасы, әкесі мен ба­ла­­сы­ның арасындағы қайғылы оқи­ғалар бар. Былтыр 69 әйел қаза тапқан. Оның ішінде 12 іс кісі өлтіру, «қалғаны өлімге әкеліп соққаны үшін» деген баппен қозғалған. Сондай-ақ жаңа заңда кәмелетке толмағандарға байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға татуласуды мүлде алып тастады. Он сегіз жас­қа толуға бір күн қалса да тату­ласа ал­майды. Ал жас балалар­ды өл­тір­­гендер мен зорлық көрсет­кен­­дер өмір бойына сотталады. Се­бе­­бі қоғам осындай жазаны сұ­ра­ды. Қылмыскер тиісті жазасын алуы керек.

– Бізде әйелін аңдып жүріп қасақана өлтірген еркекке 1,5 жыл берген оқиға да болды ғой?


– Әрине, бұл да қасақана кісі өлтіруге жатады. Бірақ бұл жерде де шешімді біз емес, сот шешетінін ұмытпау керек. Полиция тек қылмыстық істі қозғап, дәлелдедемелерін жинап береді.

– Осы тұста тергеуші тап­шылығы мәселесі қалай ше­шімін табады?

– Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында әйелдерді қорғау бөлінісі республика бо­йынша 256 ғана болған. Қазір бұл санды мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы жыл­дың бірінші жартысына дейін жеке мамандандырылған тұр­мыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі бөлімше құ­ры­лады. Мысалы, полиция депар­таменттерінде бір ғана аға инс­пектор болса, енді бөлімше ашы­лып, осы салаға қатысты ар­найы жұмыс істейтін бес-алты адам болады. Олар тек тікелей тұр­мыстық-зомбылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес жүр­гізумен айналысады.

– Қылмысқа қылбырау салған дұрыс. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа не түрткі болады?

– Себебі көп. Біздің алдымызға келген бүкіл қылмыстық істерге талдау жасалады. Жалпы қылмыстың 65-70 пайызы адамның мас күйінде жасалады. Биыл үш айда жәбірленушілерден 21 мың арыз-шағым түскен. Ал полицияның өзі 17 мың фактіні анықтады, соның ішінде 30 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылды. Олардың барлығына сараптама жасаған жоқпыз. Алайда осы үш айда біздің алдымызға түскен 199 отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық істерге сараптама жасадық. Әрбір қылмыстық іске сараптама жасағанда оқиғаның жасалу себебін анықтаймыз. Бірінші себеп – ішімдік. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 50-60 пайызы мас күйінде жасалады екен. Ал ішімдік ішуге әлеуметтік-экономикалық жағдай себеп болады. Бірақ «біреу тойып секіреді, біреуі тоңып секіреді» демекші, қазір әлеуметтік жағдайы бола тұра ішімдік ішудің салдарынан болатын оқиғалар да тіркеледі. Яғни құқық бұзушының психикалық ауытқушылығы десе болады Қылмыстың 10 пайызына лудомания салдарынан жасалады. Сондай-ақ туыстардың кірісуінен – 5, ерлі-зайыптылар арасындағы көзге шөп салу оқиғалары – 5 пайызды құраса, ажырасқаннан кейін мүлікті бөлісуге байланысты қылмыс саны 1-2 пайызға жеткен.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»