Инфографика • 23 Сәуір, 2024

Жаңа заңның жаңалығы неде?

296 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғам сұранысына қарай денсаулық сақтау саласына қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Себебі пациенттердің, медицина мамандарының игілігі үшін қабылданатын жаңа стандарттар мен ереже-талаптар арқылы саладағы жұмысты біршама ширатуға болады. Мысалы, бірер күн бұрын ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде вейптерді сатуға, тасымалдауға тыйым салатын заңға қол қойып, көптің көңілін күпті еткен мәселеге нүкте қойды.

Жаңа заңның жаңалығы неде?

Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Вейп деп аталатын электронды шылымды сатуға тыйым салу туралы ұсынысты қоғам белсенділері мен депутаттар биыл ғана емес, бірнеше жыл қаузады. Түрлі сын-пікір айтылды. Тіпті мұның соңы вейптің сатылымын қолдайтын және оған қарсы топтың текетіресіне ұласты. «Вейпке тосқауыл қоюға ниеттілер – дәстүрлі темекі өнімдерінің сатылымын қолдай­тын топ» деген сарында қарсы пікірлер айтылды. Бұл кезде ата-аналар қауымы қаптамасы көз тартатын, дәмі тіл үйіретін зиянды заттарға қарсылығын әлеуметтік желіде ашық білдіре бастаған. Қысқасы, вейп өнімдерін қолдайтындардан қарсы пікір айтқандардың үлесі әлдеқайда басым болды.

Денсаулық сақтау мәселелері бо­йынша заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда вейптерді сатып, тарат­қандарға қатысты жаза нақты көрсе­тіл­ген. Заңда айыппұл көлемі 200 АЕК-тен 5 мың АЕК-ке дейін қарас­тырыл­ған болса, жазаның ауыры – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Былтыр вейптің сатылымына қарсы­лық білдіріп, Президентке петиция жолдаған азаматтардың қатарында Қа­зақ­стан халқы ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай да болды. Ата-аналармен, мұғалімдермен жиі жүздесіп жүрген ол вейптің санаулы жылда сәнге айналып бара жатқанына бейжай қарамайтынын байқатты.

– Вейп елге санаулы жыл­да келсе де, жастар арасында жылдам та­рады. Біз республика шеңберінде ата-аналармен жиі жиналыс өткіземіз. Ата-ана, мұғалімдермен сөйлесе келе вейп­­тің эпидемияға айналып бара жат­қа­нынан хабардар болдық. Бірер жыл­да оның сатылымы 300 есе өссе, эпиде­мияға айналмай қайтсін? Сондай-ақ вейп­тің негізгі тұтынушылары балалар екеніне анық көз жетті. Иә, былтыр Аналар кеңесі төрағасының орынбасары ретінде Президентке петиция жолдадым. Ол петицияда 21 мың дауыс жиналды. Дәл осы кезеңде вейп лоббистері де петиция жариялап, бізден асып түскен еді. Кәсіпкер вейпті сатуды ойлайды. Ал біз елдің болашағына алаңдадық. Содан вейп лоббистерінің петициясын тексере келе, бір адамдардың бірнеше мәрте дауыс бергенін білдік. Осының барлығын біз баспасөз мәслихатында ашық жарияладық. Біздің қатарда вейп­тің зиян екенін дәлелдеп жүрген дәрігерлер болды. Ата-аналармен кез­дес­кенімізде баласының сөмкесіндегі вейпті маркер, флешкамен шатастыратындар көп екенін білдік. Қиыны, мұн­дай құралдарды ер азаматтарға қара­ған­да әйелдер көбірек пайдаланып, сәнге айнала бастады. Көптің қуа­ны­шына қарай вейптің сатылымын шек­тей­тін заң қабылданды. Осы істің басы-қасында жүрген депутаттарға, қоғам белсенділеріне дән ризамыз. Иә, тыйым салынды деген сөз вейпке тәуелді болған балалар мен жастар оны бірден пайдаланбай кетеді деген сөз емес. Сондық­тан тыйымның тиімді жұмыс істеуіне азаматтық қоғам болып араласуымыз қажет деп ойлаймын, – дейді Б.Ахатай.

Заңға енгізілген өзгерістерде вейптен басқа да мәселелер қамтылған. Парла­мент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұ­рымова «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қа­тысты пікірін білдірді.

– Біздің комитет жан-жақты тал­қылаған медицина қыз­меткерлерінің мәртебесін көтеру, олардың кәсіби жауапкершілігін сақтан­дыру және вейптерге тыйым салу туралы заң жобасына Президент қол қой­ды. Енді еліміздегі ауылдық жерлерге кемінде 5 жыл мер­зімге аса тапшы маман­дық бойынша баратын медицина қызметкерлеріне 8,5 млн теңге беріледі. Ол – ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем деген сөз. Бұл «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша іске асқан ілкімді жоба. Медицина ма­ман­д­арының кәсіби жауапкершілігін сақтан­дыруға қатысты заң ресми жа­рия­ланғаннан кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енгізіледі. Медицина қыз­мет­керлерін қолдауға бағытталған тү­зетулер қатарында бұдан бөлек те ар­тық­шылықтар бар. Иә, вейптерге тыйым салудың өзі – бөлек тақырып. Осы күнге жету оңай болмады. Кедергілер көп болды. Кейбір әріптестердің өзі қарсы болды. Енді елімізде тура екі айдан кейін электронды темекілерге тыйым салыну тетігі іске қосылады. 60 күннен соң вейптерді өндіруге, тасымалдауға және сатуға шектеу шарасы енгізіледі. Біз мұндай темекі түріне тыйым салған 30-дан аса елдің қатарына қосылдық. (ТМД-да алғашқы). Заң жобасын жақтап, дауыс берген депутаттар алқасына алғыс айтамын, – дейді Г.Нұрымова.

Енді медицина мамандары тұрғы­лықты жері бойынша баласын мектепке дейінгі ұйымға жазу кезінде басымдыққа ие болады. Сондай-ақ сала мамандары кәсіптік қызметіне кедергі келтіруден қорғалады. Медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеруге немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. Бұған қоса «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы белгіленді. Қағазбастылықтан арылу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган енді медицина қызметкерлері толтыратын міндетті құжаттама тізбесін бекітеді екен.

Қазақстан Қарулы күштер бас әскери-медициналық басқармасы, емдеу алдын алу басқармасының басшысы, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов заңның әскери қызметшілерге қытысты бөлігі жайында айтып берді.

– Қабылданған заң аясында медицина мамандары жұмыс істеп жүр­ген шағында әскерге баруға немесе мер­зім­ді әскери қызметті кейінге шегеруге құқығы бар деген талап қосылып отыр. Осы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың есесіне, Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңға да бірқатар өзгеріс енді. Әуелі біз әскери дәрігер-резидент деген ұғым енгіздік. Құжатқа әскери дәрігер-резидентті дайындау туралы барлық норма енді. Бұдан былай хирург, терапевт, травмотолог және басқа да кәсіби мамандарды даярлаймыз. Сондай-ақ заң аясында медицина мамандары әскери кафедра оқымай, бірден келісімшарт негізінде әскери жұмысқа қабылдана алады. Бұған қоса заңға әскери медицина қызметкерлеріне ақылы жұмыс істеуге құқық беретін норма енді. Демек, әскери медицина қызметкері әскери қызметтен бос уақытында басқа медициналық ұйым­да жұмыс істей алады. Бұл норма әскери медицина қызметкерінің тәжі­рибесін арттыруға, біліктілігін шыңдауға септеседі деген пікірдеміз, – деді Б.Ілиясов.

Заңда кемінде 5 жыл мерзімге ауыл­дық жерге жұмыс істеуге келген аса тапшы мамандықтардың медицина қыз­меткерлеріне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және 1 қаң­­­тарда қолданыста болатын ең тө­мен­гі жалақының жүз еселенген мөл­ше­­рінде біржолғы ақшалай төлем беру жайы қам­тылған. Есте болса, дәрігер­дің мәрте­бесін биіктететін заң жобасын осыған дейін Мәжіліс депутаттары қабылдап, Сенатқа жолдағанын газе­тіміздің өткен санында жарияладық. Енді осы заңға Президент қол қойып, қа­был­данды. Орайы келген де біз Ақмо­ла облысы Целиноград аудандық емха­насының директоры Дәурен Сыбан­баевтан салаға маман тарту және әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде сұраған едік.

– Қазір Целиноград аудандық емха­на­сының кадрмен қамту көрсеткіші – 86%. Мамандарды көбіне-көп enbek.kz.сайт арқылы тауып, тартып жатырмыз. Ақмола облыстық мәслихатының 2021 жылғы 21 желтоқсандағы «Ақмола облысының ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларына бюджет қара­жа­ты есебінен жұмыс істеуге жіберіл­ген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көр­се­тудің тәртібі мен мөлшерін айқын­дау туралы» шешіміне сәйкес Целиноград ауданының ауылдық жерлеріне және кенттеріне жұмыс істеуге жіберілген медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Былтыр 25 мамырда Ақмола облысы әкімінің қолдауымен сол мамандарға 2 млн 500 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілген. Мұндай мүмкіндікті 23 медицина қызметкері, атап айтқанда, 13 жалпы тәжірибелік дәрігер, 2 педиатр дәрігер, акушер-гинеколог, кардиолог, реабилитолог, эпидемиолог дәрігер, инфекционист, стоматолог дәрігер және №1, 2 ЖТД бөлімшесінің 2 меңгерушісі пайдаланды. Жас мамандар үшжақты келісім арқылы Целиноград аудандық емханасында 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Биыл Ақмола облыстық мәслихатының шешімі негізінде 26 дә­рігердің 9-ы 5 млн теңге көлемінде бір­реттік төлем алды. Бұдан өзге тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алған мамандар бар. Енді осыған Президент айтқан ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем қосылатыны дәрігерлерге ұтымды болды, – дейді Д.Сыбанбаев.

Қабылданған заңда медицина қызмет­керлерінің кәсіптік жауапкершілі­гі­не, тәуелсіз сараптама комиссиясының жұмы­сына қатысты өзгерістер қамтыл­ған. Сайып келгенде, мұның барлығы денсаулық сақтау саласындағы кемшілік­терді реттеуге, жұмысты жүйелеуге септе­седі деп сенейік.