Өндіріс • 24 Сәуір, 2024

Тың серпінді «Тыныс»

41 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Акционерлік қоғам өңірдегі ең ірі кәсіпорынның санатында. Сонау 1959 жылдан бері үзбей жұмыс істеп келе жатыр. Авиацияға қажетті техника тораптары мен әрқилы агрегаттарды дайындауға маманданған. Бір сөзбен айтқанда, қорғаныс саласының сұранысын орындайды.

Тың серпінді «Тыныс»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Өтпелі кезеңде зауыт бірқатар қиыншылықты басынан кешірсе де, жоғары білікті мамандарды, өндірістік инфрақұрылымды, өздері шығаратын өнімнің негізін сақтап қалды. Қазір заман талабына сай ірі инвестициялық жобаларды және қызметтің жаңа бағыттарын тиянақты игеріп отыр. Өткен шаруаны талдай кететін болсақ, 2005 жылы «Krauss Maffei» неміс құрылғысын өндірісте пайдалану арқылы диаметрі 10 мм-ден 250 мм-ге дейінгі поли­этилен құбырларды игеруге арналған инвестициялық жобаны қолға алған болатын.

апр

Осы жобаны игеру түптеп келгенде кәсіпорынға табыс әкеліп қана қойған жоқ, елді мекендерді таза сумен қамтуға айта қаларлықтай септігін тигізді. Құбыр мықты әрі ұзақ уақытқа шыдайтын бұйым болып шықты. Диаметрі 110-нан 1 000 мм-ге дейінгі полиэтилен құбырларын өндіру әлі де жалғасып жатыр. Зауыт басшыларының айтуынша, сапалы құбырға тапсырыс та жиі түсетін көрінеді. Кәсіпорын жылына мың тоннаға дейін газ саласында пайдаланылатын құрылғылар құю инвестициялық жобасын жүзеге асырды.

– Тапсырма бұрынғы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің шешімі бойынша өнеркәсіптің өңірлік картасына енгізілген халықаралық жоба болатын, – дейді зауыт басшысы Қайрат Қалманбаев, – Кейін кәсіпорында жеке қорғаныс құралдарын дайындау цехы ашылды. Еліміздің күштік құрылымдары үшін оқ өткізбейтін жилеттер, соққыдан сақтап қалатын берік, мықты қалқандар шығара бастадық. Үнемі ізденіс үстіндегі ұжым 2017 жылдан бастап автомобиль крандарын құрастыру цехын іске қосты. Шарапатты шаруа мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Электр қуатымен жүретін мүгедектер арбасын дайындау да жағымды жаңалықтың бірі болды. Әншейін арба ғана емес, қарға адым жер мұң болған қаншама адамның алғысын алатын ілкімді іс.

ж

Кәсіпорын байланыс желісінің бөл­шектерін, әрқилы медициналық жабдықтар, өрт сөндіру құралдарын да шығарады. Осыншама шаруаны 483 адамнан құралған ұжым атқарып жатыр. Шынтуайтында, акционерлік қоғам еліміздегі машина жасау саласының үздіктерінің бірі екендігін де айта кетуіміз керек. Кәсіпорынды алға сүйреп келе жатқан да ұйымшыл, он саусағынан өнер тамған осы ұжым. Ұжым мүшелері 2023-2025 жылдарға арналған ұжымдық шарт бойынша жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, еңбекті қорғауға тиісті көңіл бөлініп отыр. Әр жыл сайын кәсіпорын қызметкерлерін меди­ци­на­лық сақтандыруға кәдімгідей талап қойылады. Қызметкерлер то­лық­тай меди­циналық тексеруден өткізіледі. Ең бас­тысы, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге толымды өтемақы төленеді. Жұмысшыларға денсаулықтарына келер зиянды сәл де болса азайту үшін сүт, сабын бе­ріледі. Барлық өндірістік учаскеде ал­ғашқы көмек көрсету үшін қажетті медициналық қобдишалар қойылған. Толымды жабдық­талған денсаулық сақтау пункті жұмыс істейді.

Ұжымдық шартқа сәйкес еңбек жағ­дайын жақсартуға, жұмысшылардың ден­саулығын қорғауға, жалақыны ұл­ғайтуға, еңбекті қорғау жүйесін жаңғыр­ту­ға жеңілдіктер мен өтемақылардың барлық түрін таңдауға, жалақыны индекс­теуге, жұмысшыларының материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шаралар қолға алынып отыр. Нәрес­телі болған аналарға материалдық көмек көрсетіледі. Бала күтіміне байланысты демалыста жүргендерге ең төменгі жалақы төленіп тұрады. Ұжым мүшелеріне сауықтыру орындарына жолдама беріледі. Жолдама құнының 80 пайызын жұмыс беруші төлейді.

д

– Кәсіпорын жалпы жұмысшылардың жағ­дайын ойлап көмек көрсету мәсе­ле­сі­не келгенде тәп-тәуір жұмыс істеп отыр, – дейді №6 цехтың шебері Мейрам Тәшенов. – Еңбек демалысына шыққан кезде екі айлық еңбекақы мөлшерінде емделу үшін жәрдемақы беріледі. Көпбалалы отбасылар мен мүм­кін­дігі шектеулі бала­­ларды тәрбиелеп отырғандарға ма­те­­риал­дық көмек көрсетіледі. Әлеу­меттік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың оқушы балаларына әр жыл сайын оқу жылы қарсаңында керек-жарақтарын сатып әпереді. Осының барлығы қарапайым еңбек адамдары­на көрсетіліп отырған қамқорлық. Бәлкім, осындай жанашырлықтың барынан жас­тар құлағдар болғандықтан шығар, біздің ұжымда еңбек етуге тілек білдірушілер аз емес.

Шебердің айтуына қарағанда, кәсіп­орын­­да өзіндік еңбек дәстүрі қалып­тас­қан. Жұмысқа орналасқан жастарды бауырына тартып, еңбекке баулу, үйрету үрдісі жап-жақсы. Сайып кел­генде, кәсіби шеберлердің өсуін үз­діксіз қамтамасыз ету арқылы кә­сіп­орын қызметінің тиімділігін арт­ты­руға мейлінше мән беріліп отыр. Жұмыс­шылардың жүктелген міндетті тыңғылықты орындауы да қадағаланады. Қадағаланып қана қоймай, кәсіпорында біліктілікті жетілдіру жақсы қойылған. Жыл сайын оқыту жоспары түзіледі. Жоспарға сәйкес жұмысшылар білік­ті­лікті жетілдіру курсынан өтеді. Тұтас ұжымның шеберлігі арта түседі. Кадр­мен жұмыс істеу жыл өткен сайын жақ­сарып, ішкі кадр резервінің тізімі бекітілген. Жаңадан қабылданған қыз­мет­кер­­ді оқытып үйрете отырып, ықтимал қателіктердің саны мейлінше азая түседі.

Зауытта жұмысшы мамандығын қа­лаған жастарды еңбекке тарту үшін оқу­шы­лардың жұмыс кәсібін оқыту оң жолға қойылған. Белгілі бір маман­дық­тарды игеру үшін тәлімгерлер тағайын­да­лады.

Сүттей ұйыған ұжымда бекем бірлік бар. Ал бірлігі бар жердің тірлігі де өміршең болмақ.

 

Көкшетау