Қоғам • 24 Сәуір, 2024

Жаңа журнал оқырманға жол тартты

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» қоғамдық бірлес­тігінің «Халық батырлары» рес­публикалық әлеуметтік-патриот­тық журналының тұсаукесері өтті.

Жаңа журнал оқырманға жол тартты

Суреттерді түсірген Игорь Бургандинов

Патриотизм – отбасынан бастап қоршаған ортаға, туған жерге, оның тарихына, мәдениетіне, онда мекендейтін халыққа деген сүйіспеншілік сезімі­нен басталады. Отаншыл азаматтарды тәрбиелеу, елі мен жерін қорғайтын ұрпақ қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың бір бағыты, еліміздің келешекте тұрақты дамуының кепілі. Осы орайда «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlarу» қоғамдық бірлестігі де өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, заман талабына сай азамат болып өсуіне атсалысып келеді. Бұл ретте халық қаһармандарының, батырларының, озық ойлы, елге сыйлы азаматтарының басын қосу арқылы еңбек етуі қоғам мүддесімен толық сәйкес келеді.

«Халық батырлары» республи­калық әлеуметтік-патриоттық журналы­ның өмірге келуі де осындай үлкен мақ­саттардан туған қадам. Елордамыздағы Қарулы Күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында өткен салтанатты іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысты.

чс

«Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlarу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Ертаев жаңа мерзімді басылым батырлар мен өскелең ұрпақ арасындағы алтын көпір рөлін атқаратынын атап өтті.

– Журналды ашу көптен ойда жүрген жоспар еді. Біз көптеген конференция, іс-шара, кездесу өткіземіз. Бұл іс-шаралар сол мезгілде ғана белгілі бір аумақта БАҚ-та жарық көреді де, ұмытыла бастайды. Көбі халықтың назарынан тыс қалады. Ел тұрғындары, әсіресе жастар қаһармандарын, батырларын, құрметті азаматтарын, танымал тұлғаларын және олардың озық ойларын, қажырлы еңбектерін білуге тиіс. Олардан елін, жерін сүюді, тәртіпті, еңбек етуді үйренуі керек. Сондықтан көп ойланып, ақылдаса келе осы журналды шығаруды қолға алдық. Негізгі мақсатымыз – жастарымызға, өскелең ұрпаққа еліміздің сыйлы азаматтарын, батырларын үлгі ету, – деді ол.

Халық қаһарманы қазіргі таңда жас ұрпақты патриот­тық рухта тәрбие­леу ардагерлер қозғалысының бас­ты бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Егемендіктен бүгінгі күнге дейін «Халық қаһарманы» атағын алғандар саны – 34, «Еңбек ері» атағын алғандар – 48. Оның ішінде «Халық қаһарманы» атағын алған 11 адам және «Еңбек ері» атағын алған 37 адам ортамызда, қоғамдық бірлестіктің мүшелері. Біздің қоғамдық бірлестігіміздің мақсаты – осы жоғары атақтарды алған адамдардың ерлік істерін насихаттау, ұлттық тарихи мәдениетті қалыптастыру үшін қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру, ұлттық жадымызды сақтау», деді Бақытжан Ертаев.

Жаңа журналдың алғашқы нөмірі оқырманға жол тартты. Таралымы мың дананы құрайтын түрлі-түсті мерзімді басылым тоқсанына бір рет шығып тұрмақ. Мемлекеттік және ресми тілде жарық көретін журналда әлеуметтік, ғылыми мәселелер, жастарға патриоттық тәрбие беру, елге қызмет етіп жүрген еңбек адамдары жайында материалдар жарияланады.