Су тасқыны • 25 Сәуір, 2024

Мұнайлы өңірге мол су келе ме?

179 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырауда табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штаб су тасқынына дайындықты үйлестіріп отыр. Бұл штабтың жанында зерттеуші ғалымдардың жұмыс тобы бар.

Мұнайлы өңірге мол су келе ме?

Аталған топтың құра­мына жер­гілікті ғы­лы­ми қауым­дас­тық­пен бірге Қ.Сәтбаев атындағы тех­никалық университеттің, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік уни­вер­ситеті мен География және су қауіп­сіздігі институтының ға­лым­дары тартылған. Х.Досмұха­медов атындағы Атырау универ­си­тетінің аға оқытушысы Арман Жұмағазиевтің айтуынша, су тасқынына байланысты бірнеше жыл бұрынғы деректерге талдау жүргізудің маңызы зор.

«Жайық өзеніне су бірде аз, кейде мол келуі мүмкін. Бұл – табиғи құбылыс. Дегенмен су қандай мөлшерде, қашан келеді? Осы сауалдың түпкі себебіне талдау жүргізер болсақ, алдымен көрші елдегі қар мен күзгі, көктемгі жауын-шашынның мол түсетіні ескерілуі керек. Өйткені Жайық өзені бастауын Орал тауынан алады. Бірақ бұған барынша мән бермейміз. Екіншіден, ұзақ жыл Орынбор өңіріндегі су қоймасынан су аз мөлшерде жіберілді. Бұл да алаңсыз болуымызға әсер етті», дейді А.Жұмағазиев.

Ғалымның пікіріне сүйенсек, су тасқыны кезінде жер рельефі үлкен рөл атқаратынына көңіл аударылуға тиіс. Өйткені Атырау облысы Жайық өзенінің төменгі бөлігінде орналасқан. Мәселен, Индер ауданының орталығы Индер­бор­дан Махамбет ауданын­да­ғы Махамбет ауылына дейінгі еңіс – шамамен 25 метр. Ал Махамбеттен Атырау қаласына дейін 5-6 метр болуы мүмкін. Ал теңіз сағасына дейінгі аралықта – 4 метр.

«Мұның бәрін шамамен айтып отырмыз. Бәлкім, 50 сантиметрге қателесуім мүмкін. Әзірге Жайық өзенінен қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда өзен арнасы мен жа­йылманы шатастырып аламыз. Біз өзеннің жайылмасын сақтау қажеттігін ұғынбай жүрміз», дейді А.Жұмағазиев.

см

Оның айтуына қарағанда, Жайықпен келетін мол су мамыр айының басында өзенді арнасынан асырып, тасытуы мүмкін. Сол себептен су тасқынына байланыс­ты көп жылғы деректерді ұдайы сараптау, ескеру керек.

«Осы тұрғыдан бұрынғы де­ректерді сараласақ, Атырау облы­сының аумағына тасқын судың көп бөлігі әдетте мамыр айының ортасында келгенін білеміз. Бірақ биыл Ресейдің аймағынан мол су келіп, көктемгі тасқынның ерте бас­талуына себеп болып отыр. Батыс Қазақстан облысының аумағымен төменге қарай аққан су Атырауға шамамен 6-7 күнде жетеді. Осын­дай болжамға сүйенсек, 2-3 мамыр күндері Жайық өзенінің Атырау облысындағы арнасы толуы мүмкін. Бірақ бұл – болжам», дейді ғалым А.Жұмағазиев.

Атырау облысының жедел штабының мәліметінше, кеше 24 сәуірде таңертеңгі сағат 08.00-де Жайық өзенінің деңгейі Индербор кентінің тұсында – 597 сантиметрге, Махамбет ауылында 715 сантиметрге жеткен. Ал Атырау қаласындағы гидробекетте 422 сантиметрге жеткен.

«Атырауда Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 5 метр 50 см. Су тасқынының қаупіне байланыс­ты 24 сәуірге дейін Атырау қала­сын­дағы Жайық өзенінің жаға­лауына 229,6 шақырым бөгет тұр­ғызылды», деп мәлімдеді облыс­тық жедел штабтан.

Жайық өзенінің деңгейі көбі­­рек көтерілген Махамбет ауда­нында сай-жыраларды ашу қол­ға алынды. Аудандық орман және жануарлар дүниесін қор­ғау жө­ніндегі мекеме директоры Алтынбек Амангелдіұлының айтуын­­ша, елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін осындай шешім қабыл­данған.

«Жайық өзенінің маңында сай-жыралар аз емес. Осы кезге дейін өзен суын бұру үшін 12 жыра ашылды. Қазір Қарт Жайық, Ойынкөл, Өлішығанақ, Бесағаш, Қоржын, Қосөзек, Жұмай, Бесқала, Алмағамбет және басқа сай-жыраларға су құйы­лып жатыр. Өзен суының көп бөлігі сай-жыраларға құйыл­са, елді мекендерді тасқын қау­­­пінен қорғап қалуға болады. Әзір­ге су құрамынан орман шаруа­­шы­­лығына кері әсер ететін­дей зиян байқалмады», дейді А.Амангелдіұлы.

Оның пікірінше, кейінгі жыл­дары су тапшылығынан орман шаруашылығы аумағында қура­ған ағаш көбейген. Сол себептен Махамбет ауданындағы сай-жы­ра­лар қураған ағаш қалдықтары мен топырақтан тазартылған.

Бүгінде Жайық өзенінің Кас­пий теңізіне құяр сағасы терең­детіліп жатыр. Бұл – аталған өзен­мен Атырауға келетін суды теңізге ағызып жіберуге септігін тигізетін қадам. Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, өзен сағасын тереңдету жеделдетілген тәртіппен жүргі­зі­ліп жатыр. Өйткені Жайық өзені­нің сағасы өте тайыз.

«Мақсатымыз – Жайық өзе­­­ні­­нің арнасымен келген мол судың Каспий теңізіне құйылу ағысын арт­тыру. Қазір өзен­нің теңізге құяр сағасының терең­дігі небәрі – 40-50 см, ені – 20 метр. Тереңдету жұ­мысы аяқталғаннан кейін сағаның терең­дігі 2 метрге дейін жетеді», дейді Н.Құсайынов.

Өзен сағасын тереңдетуді «Пав­ло­дарөзен порты» АҚ қолға алған. Жоба детекшісі Дидар Әліповтің дерегіне жүгінсек, кәсіпорыннан Watermaster-4 маркалы екі арнайы техника тартылған. Кейін тағы екі техника тартылып, адам саны 12-ге жетті.

«Мұндай тереңдету жұмысын маусым айына дейін жүргізуге болмайтын еді. Өйткені осы кезеңде балық уылдырық шашады. Алайда тасқын судың қаупіне байланыс­ты Жайық өзенінің теңізге құяр сағасын тереңдету мәселесі туын­дады. Сол себептен қазір бұл жұмыс жедел қолға алынды», дейді Д.Әліпов.

Бұл сағаның ұзындығы шамамен 56 шақырымды құрайды. Кейінгі 20 жылға жуық мерзімге Жайық өзеніндегі су азайып, аталған саға бітелуге шақ қалған. Сағаның тайызданғаны су көлік­те­рі­нің қозғалысына да, өзен суының теңізге құйылуына да кедергі кел­тірген.

«Біз жұмысты 11 сәуірде бастаған едік. Техникамыз саға­ты­на 700 текше метр аумақты қазып, топырақты қысыммен алысқа лақтырады. Тереңдету жұ­мысының параметрі – 1 600 метр, ұзындығы – 20 шақырым. Тапсырма белгіленген мерзімде аяқталады», деді Д.Әліпов.

 

Атырау облысы