Форум • 27 Сәуір, 2024

Еларалық бизнес-форум

53 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан делегациясының Ауғанстанға ресми сапары барысында еліміздің 35 компаниясы Кабулда өткен Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы мен көрмесінде өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды.

Еларалық бизнес-форум

Фото: primeminister.kz

Қазақстан бизнес-делега­циясы­ның құрамында серік­тес­тіктің жаңа бағыттарын құру үшін «QarMet» компания­лары­ның, «Doscar Group» дилер­лік орталығының (KIA, Chevrolet брендтері), Кентау трансформатор зауытының, «Kaspy Group» компаниялар тобының (металл конструкцияларын дайындау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру) өкілдері, зертханалық сынақтарды, медициналық дәрі-дәрмек, май өнімдері, кондитерлік өнімдер, тоқыма және басқа да тауар өндіруші кәсіпкерлер келді.

Бизнес-форумның ашы­луын­да Премьер-министр­дің орынбасары Серік Жұ­ман­ғарин Ауғанстан делега­циясының Қазақстанға сапары қорытындысына сәйкес екіжақты тауар айналымын $3 млрд-қа дейін арттыру міндеті қойылғанын еске салды.

«Біз химия өнеркәсібіндегі, тау-кен металлургия кешенін­дегі өндірісті бірлесіп дамытуды, Ауғанстан аумағында қатты пай­далы қазбаларды геоло­гия­лық барлау, ИТ-технологияр сала­сында, өндіру және өңдеу бо­йын­ша бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара іс-қи­мыл­ды қарастыруды ұсына­­мыз. Қазақстан тарапы Ауған­­стан­да автокөліктерге қыз­мет көр­сететін дилерлік орта­лы­қ­­тар­дың орналасу ор­нын кейін­нен анықтай отырып, отан­дық өндірістің автомо­бильдерін жеткізуге мүдделі», деді С.Жұманғарин.

Екі елдің жоғары білім және ғы­лым саласындағы ынты­мақ­тас­тығы аясында Серік Жұ­ман­ғарин Ауғанстан азаматтарына Қазақстанның жоғары оқу орын­дарында оқуға берілетін грант­тардың жыл сайынғы санын 30-дан 60-қа дейін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ вице-премьер Ауғанстаннан келген 30 баланы Қазақстанның жазғы лагерьлерінде 10 күн демалуға шақырды.

Ауған кәсіпкерлерінің ара­сын­да қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әлі де жоғары. Бизнес-форум қорытындысы бо­йын­ша $12 млн-нан астам сома­ға күнбағыс майы, дәнді дақыл­дар мен ұн жіберу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Ауған компаниялары мотор майына үлкен қызығушылық таны­тып, отандық жеткізуші­лермен осы тауарды жет­кізуге алғашқы келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, Герат қала­сында Қазақстан сауда үйі ресми түрде ашылып, өз жұмысын бас­тады, сондай-ақ ол Қазақстан-Ауғанстан сауда-экономикалық қарым-қатынастарының жандануына ықпал ететін болады.

Сонымен қатар қазақстан­дық делегацияның Ауғанстанға ресми сапары аясында «элек­трондық үкімет» бойынша отан­дық әзірлемелердің ең үз­дік шешімдері таныстырылды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері «Data Lake», «Smart Bridge» және «Gov.kz» сияқты үздік қазақ­стан­дық шешімдерді енгізу­дің мүмкіндіктері мен эконо­ми­калық тиімділігін көрсетті.

«Бүгінде Қазақстан мемле­кет­тік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша әлемде алғашқылардың қата­рын­да. Біз тәжірибемізбен бөлісу­ге және ауған серіктес­тері­міз­ге үздік тәжірибелерді беруге дайынбыз. Біз үшін тағы бір басым бағыт – мектептерге интернет қосу. Біз барлық оқушы­ның білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті қолдауды көр­се­туге дайынбыз»,  деді С.Жұманғарин.

Сондай-ақ тараптар «Қазақ­теле­ком» АҚ мен «Ауған­теле­ком­ның» коммер­ция­лық ынты­мақтастығы аясында Ауғанстанға интернет трафигін 60-тан 100 Гбит/с-қа дейін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.