Отбасы • 29 Сәуір, 2024

Отбасы – қоғам дәнегі

18 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ерекше тоқталған тақырыптың бірі – дәстүрлі отбасыдағы, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі толастамай тұрған зорлық-зомбылық мәселесі. «Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет», деген Президент Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Отбасы – қоғам дәнегі

Салт-санамыз, дәстүрімізге жат, өрескел, түрлі оқиғалардың көптеп көрініс беріп, әбден асқынып кетуіне байланысты барша бұқараның талап-тілегіне орай аталған келеңсіздіктерді ауыздықтау, азайту мақсатында жақында арнайы заң да қабылданды.

Жаратушы иеміз күллі жаратылыс­ты жұбымен жаратқан. Алла Тағала ер адамды және әйел адамды бір-бірі­не бөтен өмірден үйлену арқылы бас­тарын тоғыстырды. Әрине, бұл – адам өміріндегі ең қуанышты, жауапкершілігі жоғары сәттердің бірі. Сонымен қатар некенің қиылуымен бірге жаңа міндеттер, құқықтар және жауапкершіліктер пайда болады.

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өзінің бір хадисінде: «Жұбайларыңның сендер­дің алдарыңда белгілі бір міндет­тері болғаны секілді, сендердің де олардың алында атқарар міндеттерің бар екенін ұмытпаңдар», деп бұйырады. Отбасы қалай болса солай, әйтеуір күйбең тіршіліктің өтіп жататын жері емес. Екі жақтың да қайғыны да, қуанышты да бірге бөлісеміз деп, тағдырларын бірлестірген ұмытылмас кезеңі.

Өмір – сынақ, бұл сынақтың мате­риал­­­дық және рухани машаққат­тары болады. Оны бірге көтеру үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұбайлар бірге жұмыла кірісуі қажет. Шындығында, үйленуден үй болу өте маңызды. Ата-бабаларымыздан қалған «үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөз содан шыққан. Отбасы – қоғамның дәнегі, негізін құрайтын маңызды тірегі. Отбасын құру арқылы тек екі адам бас қосып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамның іргетасын қалайды.

Отбасылы болған соң дүниеге сәби келеді. Әрқайсымыз бір отбасы ортасында дүниеге көзімізді ашамыз, уақыт өте келе өзіміз де жаңа бір отбасын құрамыз. Міне, бұл жалғасып жатқан аманат тізбегінің бір бөлшегі деген мағынаға келеді. Адамдар бір-біріне «мал-мүлік арқылы емес», «аманат санасымен» байланысты болуы керек. Жанымыздың иесі болған Алла бізді, әрқайсымызды жұбымызбен кездестіре отырып, бір-бірімізге аманат етіп тапсырған. Олай болса, жұбайымыз­бен, балаларымызбен жауапкершіліксіз, атүсті қарым-қатынас жасауға қақы­мыз жоқ. Ұлы Жаратушының аманатын көздің қарашығындай сақтаудың орнына тоздырып-тоқырататындар бір күн келіп, аманаттың иесіне қайтарылатынын естен шығармау керек. Отбасында жайлы өмір сүре білу үшін қарапайым мінез-құлық ережелерін сақтауға тырысу керек. Яғни кешірімді болыңыз, ашуыңызды ішке бүгіп қалыңыз, кемшіліктерді іздеп түрткілемеңіз, қателесіп жатсаңыз, кешірім сұраудан қашпаңыз.

Жұбайымызбен, балаларымызбен, ата-аналарымызбен жақсы тұру жұмыста немесе базардағы бөтен біреуге нәзік те сабырлы қарым-қатынас жасаудан да қиын екенін мойындауымыз керек. Міне, сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Сендердің ең жақсыларың отбасымен ең жақсы қарым-қатынаста болғандарың», деп бұйырған. Көріп отырғанымыздай, қандай жағдай болса да, біреуге кінә тағуымыздың орнына қара­пайым болуға және шынайы сөздер арқы­лы мәселені шешуге тырысуымыз керек. Біреудің мәпелеп, әлпештеп өсір­ген қызын некеге алғаннан кейін оны қор­лауға, кемсітуге, зорлық-зомбылық көр­сетуға Ислам діні түбегейлі тыйым салады.

Ешқандай әке баласына жақсы тәр­биеден артық мирас қалдыра алмайды. Әділеттілікті, ынсапты және мейірімді әке­мізден көріп үйренеміз. Қоқан-лоқының, зорлық-зомбылықтың «әке» деген ұғыммен мәндес болып кетуі, отбасында әкенің атының қорқынышпен, үреймен еске алынуы қандай қайғылы және өкінішті.

Шынайы мұсылман адам ешкім­нің ақысын жемейді, біреуді алдамайды, адам баласына дөрекі сөйлемейді, әлсіздерге зорлық-зомбылық жасамайды, жетім-жесірлер мен кедейлерге тәкаппарлық көрсетпейді.

Отбасын ойран ұясы етпейік, кесір, кесапат көріністерден арылтайық. Жарық дүниенің нұры – әйел-аналарды ардақтайық, алтын басын қор етпейік. Болашағымыз – балаларды мұңсыз, қамсыз өсірейік, олардың алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық. Сонда ғана біз өркениетті мемлекет, әділетті қоғам орната аламыз.

 

Балғабек МЫРЗАЕВ,

«Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры, дінтанушы